ШЫМКЕНТ: ІШКІ АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің екіжақты бастамасымен кездесу өтті.
Күн тәртібіндегі басты мәселе — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және ұжым арасында парасаттылық идеологиясын ілгерілету.
Іс-шараға Департаменттің бас маманы Ж.Әлжанова, құрметті мемлекеттік қызметшілер мен Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұжымы қатысты.
Шара барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралар талқыланып, заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылғандығы айтылды.
Сонымен қатар, қатысушылар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында қолға алынған жобалардан хабардар болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық бастамаларды түсіндіру барысында жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілік нормаларын біле тұрып, алдын алу шараларын қолданбаған басшыларға қатысты жазаның қатаңдығы ескертілді.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттарды хабарлаған азаматтарды көтермелеу институты жайында ақпарат беріліп, жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара немесе залал сомасының 10 пайызын ала алатындығы, бірақ бұл көрсеткіш төрт мың айлық есеп көрсеткішінен аспайтындығы жеткізілді.