ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАН 9 АДАМ КӨТЕРМЕЛЕНГЕН

Бұл туралы «Antikor ortalyǵy» алаңында өткен онлайн брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев мәлімдеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралдарының бірі азаматтарды жемқорлық туралы хабарлағаны үшін көтермелеу институты болып табылады. Аталған институт 2012 жылдың тамыз айынан бастап іске қосылды.
Үкіметтің қаулысына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін біржолғы ақшалай сыйақы түрінде көтермелеу заңнамалық түрде белгіленген.
Осы тетіктің тиімділігін күшейту мақсатында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі енгізілді. Сыйақы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы көптеген елдеріндегі сияқты сараланған» — деді Т.Серікбаев.
Бұған дейін ең жоғары төленетін сома 100 АЕК құраса, енді пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны 1 000 АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара немесе залал сомасының 10 пайызын ала алады, бірақ бұл көрсеткіш 4 000 АЕК-тен аспайды.
Сыбайлас жемқорлық әрекеті туралы хабарлаған әрбір азамат соттың үкімі заңды күшіне енген немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған жағдайда заңнамаға сәйкес көтермеленуі мүмкін.
Өткен жылы өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 9 тұлға көтермеленді. Олардың сыйақы мөлшері 1 млн. 635 мың теңгеге жуық соманы құрады.
Сондай-ақ, ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде тәулік бойы 1424 CaII-орталығының жұмыс істейтіндігін атап өтті.
Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат осы номерге хабарласа алады.
Мамандар хабарлама қабылдайды, кеңес береді және міндетті түрде тиісті шаралар қабылданады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444