Шымкент өмір сүруге қолайлы заманауи мегаполиске айналады

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан орнықты дамудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты мен табанды түрде жүргізген реформаларының нәтижесінде қол жеткізгеніміз анық. Бүгінде ел дамуындағы осынау жасампаз бағытты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық жолы арқылы жалғастырып келеді. Ал еліміздегі көшбасшы партия сындарлы сәттерде әрдайым халықтың жанынан табылады. Біз Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтеновке партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының өңірде жүзеге асуы бойынша сауал жолдағанбыз.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, пар­тияның 2025 жылға дейінгі «Өз­ге­рістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдар­ла­ма­сы өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

– Елімізді дамытудың Елбасы белгілеген ұзақмерзімді страте­гиясын жүзеге асыру жолында «Nur Otan» партиясы шешуші рөл атқарды. Ол – жалпыхалықтық қолдаудың арқасында алға қо­йылған мақсаттарға қол жеткізіп, мойнына алған міндеттері мен сайлаушыларға берген уәделерін жауапкершілікпен орындап келе жатқан саяси ұйым. Партия өз қыз­метінде әрдайым тұрғындар та­лабының үдесінен шығуға, халықтың барлық топтарының мүддесін қорғауға және билік пен бұқара арасында алтын көпір болуға күш-жігерін жұмылдырып келеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қоғамы түбегейлі жа­ңарды. Бүгінде өткенін қастерлей білетін, білімді, талантты, креа­тив­ті азаматтардың тұтас бір буыны өсіп-жетіліп, өзіне ғана тән бірегей мәдениеті мен болмысы бар жаңа ұлттың негізін қалады.

Осылайша, 30 жылдың ішінде елімізде көп нәрсе өзгергенімен, мемлекеттік саясаттың және «Nur Otan» партиясы қызметінің басты қағидаты өзгерген жоқ. Ол – да­мудың эволюциялық жолын ұста­на отырып, демократиялық, гүл­денген, бәсекеге қабілетті, әлеу­меттік мемлекет қалыптастыру және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту. Бұл баршаға түсінікті және әр аза­маттың жанына жақын құнды­лық­тар деп ойлаймыз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы – «Nur Otan» пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының сабақтас­тығын сақтауға баса назар аударып отыр. Осы орайда партия Прези­дент жоспарларын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысады. Соның нақты көрінісі ретінде партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа ла­йықты өмір!» атты сайлауалды бағ­дарламасын атап көрсетуге болады.

Республикалық маңызға ие қала атанған Шымкент ендігі жер­де еліміздің қаржылық, эконо­микалық және мәдени орталығына айналуы тиіс. Біз өз қаламызды еңбек ету мен демалуға, өмір сүру­ге қолайлы, қауіпсіз әрі табысты шаһар еткіміз келеді.

Еліміздің үшінші мегаполи­сіндегі өз жұмысында «Nur Otan» партиясы шымкенттік әрбір аза­маттың қажеттіліктері мен мүд­делерін ескере отырып, қарапайым тұрмыстық мәселеден бастап, едәуір ауқымды проблемаларды шешуге ұмтылады.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, осынау сайлауалды бағдарлама аясында өңіріңізде 10 басымдық бекітілгенін білеміз. Еліміздің үшінші мегапо­лисінде нендей бағыттарға басым­дық берілді?

– Иә, сайлауалды бағдарла­маны уақытылы әрі толық орындау мақсатында Шымкентте 10 басым­дық пен 149 нақты іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Біз басым бағыттардың қатарына өзіміздің өңірге тән тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамыту, экономикалық әлеуетті жақсарту, шағын және орта биз­нестің дамуына жағдай жасау, шал­ғайдағы елді мекендерді көркейту, экологиялық ахуалды жақсарту, жол және көлік құрылымы, қоғам­дық қауіпсіздік, жастарды қолдау және қаланы цифрландыруды енгіздік. Осынау жұмыстарды іске асыруға 5 жылда 1,3 триллион теңге жұмсалады деп жоспар­лан­ған. Жол картасындағы индикатор­лардың орындалуын бақылауға партияның қалалық мәслихаттағы фракциясының барлық мүшелері жауапты етіп бекітілді. Сондай-ақ Елбасы қаулысына сәйкес, партия филиалының жанынан 11 аймақ­тық қоғамдық кеңес құрылды. Бүгінде бұл кеңестер өзінің тиім­ділігін көрсетіп отыр.

Нәтижесінде, «Nur Otan» пар­тиясы сайлаушыларға жыл басын­дағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының алдында берген уәделерін кезең-кезеңімен әрі сапалы орындай бастады. Мәселен, сайлауалды бағдарла­мадағы «Экономикалық әлеуетті жақсарту» бағыты бойынша, бүгінде қала аумағында ауданы 743 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұрғанын айту­ға болады. Осы аймақта 267 млрд теңгеге 187 инвестициялық жоба­ны іске асыру жоспарланған. Бұл 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік береді.

Қазір аталған индустриалды аймақтар зауыт-фабрикаларға тол­ған. Онда жаңа кәсіпорындар са­ла­тын бос жер жоқ. Сондықтан қа­ла­да жаңадан 4 индустриалдық аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

– Еліміздегі көпбалалы отба­сылардың басым бөлігі Шымкент қаласында тұратыны белгілі. Қа­лада баспана кезегінде тұрғандар да көп. Бекітілген басым бағытта тұрғын үймен қамту жайы қаралған. Осы мәселені шешудің қандай жолы қарастырылуда?

– Бүгінде Шымкент қаласында 258 мыңнан астам отбасы өмір сү­реді. Оның шамамен 25 мыңы көп­балалы отбасылар. Дана хал­қы­мыз­да «Өз үйім – өлең төсегім» де­­ген тәм­сіл бар. Баспана – әрбір отба­сы­ның қуанышы мен шатты­ғы­ның, мәнді де берекелі ғұмыры­ның бастауында тұрған құндылық. Сон­дықтан «Nur Otan» партиясы ха­лық­ты қолжетімді баспанамен қам­та­масыз етуге айрықша назар аударады.

Сайлауалды бағдарламада бел­гіленген міндетке сәйкес, 2025 жыл­ға қарай Шымкент қаласын­дағы тұрғын үй қоры әрбір азаматқа шаққанда 27 шаршы метрге жет­кізіледі. Соның ішінде 2021 жылға 4 664 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 29,2 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтағы азамат­тарға – 160 пәтер, ал көпбалалы аналарға 148 пәтер табысталды.

Сапалы білім мен саналы тәр­бие алған жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі де­сек, «Nur Otan» партиясы қалада білім беру саласын дамытуды да өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген. Жүйелі жұ­мыс пен жіті партиялық бақы­лау­дың арқасында бүгінде Шымкент мектептеріндегі орын тапшылығы мен 3 ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

Нақты айтсақ, биыл Шым­кентте жеке инвесторлар тарапы­нан 10 794 орындық 21 мектеп, ал бюджет есебінен 1 920 орындық 4 мектеп ашылды. Жалпы, биыл 12 714 орындық 25 мектеп пайда­лануға беріліп отыр. Осылайша, биыл 3 ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін азайып, апатты жағдайдағы білім ұяларының мәселесі толығымен шешілді.

Әлеуметтік саланың бірі – ме­дицина. Медициналық қызмет­тің сапасын арттыру және денсау­лық сақтау нысандарын халыққа қол­же­тімді ету — пандемия жағ­дайын­дағы маңызды міндеттің бірі. Сол себепті денсаулық сақтау сала­сын дамытуға тек бюджет қар­жы­сын жұм­самай, сонымен бірге жеке ин­весторлар көптеп тар­ты­луда. Мәсе­лен, биыл Шымкентте жеке инвес­торлар 5 медициналық орта­лық (Модульді жұқпалы ауру­лар ау­руханасы, «Қазығұрт» кли­ни­ка­сы, Asem Medikal медицина орта­лы­ғы, Sunkar Premium меди­цина орта­лығы, №14 емдеу орта­лығы) ашып, тағы 3 медициналық меке­менің күрделі жөндеу жұмы­сын аяқтады.

Одан бөлек, қаладағы емдеу ме­кемелерінің материалдық-тех­никалық базасын нығайтуға бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінді. Бұл денсаулық сақтау ұйым­да­рының қажетті құрал-жабдық­тар­мен қамтылу көрсеткішін 75,1 пайызға жеткізуге жол ашты.

Ұрпақ саулығы – ұлттың басты байлығы. Ал саламатты ұрпақ өсіру­дің бірден-бір тиімді жолы – бұқаралық спортты дамыту. Сон­дықтан «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге де тиіс орын берілген. Биыл сайлауалды тұғырнаманың «Бұқаралық спортты дамыту» бағыты бойынша Шымкентте 7 стрит-воркаут алаңшасы ашылды. Сондай-ақ бюджет есебінен – 101, демеушілер есебінен 14 спорт алаңшасын ашу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы, Шым­кентте қазір 37 спорт секциясы жұмыс істеп тұр. Биыл жеке инвес­торлар есебінен 1 200 орындық 2 спорт кешені ашылды.

– Шымкент осыдан 3 жыл бұрын миллионды қала атанды. Оған көршілес жатқан елді мекен­дердің қалаға енуінің де үлесі бол­ғанынан хабардармыз. Дегенмен бүгінде осынау шалғай елді мекен­дердің инфрақұрылым жағдайы әлі де мәз емес. Бұл мәселелердің ше­шімі қай уақытта табылады?

– Қала экономикасының орнық­ты дамуы инфрақұрылымды жетілдіріп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда сайлауалды бағдарламаның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту» бағыты бо­йын­ша халықты сапалы сумен қамту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып отыр. Биыл бюджеттен 16 миллиард теңге бөлініп, 3 ма­гис­тралды және 11 ішкі орамдық ауызсу құбырының құрылысы жүр­гізілді. Нәтижесінде, суды та­сы­малдап алып отырған 7 елді мекен және жартылай қамтылған 2 елді мекенде ауызсу мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі. Жоғарыда аталған 9 елді мекенде 26 мың адам өмір сүретінін ес­керсек, биыл Шымкенттегі тұр­ғын­дарды ауызсумен қамту көр­сеткіші 98 пайызға дейін жетеді.

Кәріз жүйесінің 3 магистралды және 10 ішкі орамдық құрылысына 6,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 18 мың қала тұрғыны орталық­танған кәріз жүйесіне қосылып, қамту деңгейі 54 пайызға жететін болады.

Электр желісі бойынша 3 қо­салқы станса салуға және 14 елді мекенге электр желісін тартуға 9,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Соны­мен қатар биыл тамыз айында қа­ланың 250 мың тұрғынын қам­титын «Бозарық» электр стансасы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 21 мыңнан астам халық сапалы электр қуатына қол жеткізіп, қамту деңгейі 97 пайызға жетеді.

Осы жылы №3 автоматтан­дырылған газ тарату стансасының (АГРС) құрылысын аяқтауға 2,4 млрд теңге, ал 12 елді мекенге газ құбырын тартуға 3,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы, Шым­кент­те халықты ауызсумен және табиғи газбен қамту мәселесі 2023 жылға дейін, ал сапалы электр қуатын жеткізу мәселесі 2025 жыл­ға дейін толығымен шешіледі деп жоспарланған.

Жолдар қашанда экономи­ка­ның күретамыры болып саналады. Әсіресе, Шымкент секілді жыл­дан-жылға дамып, қанатын кеңге жая бастаған қала үшін сапалы жолдар мен дамыған инфра­құ­рылым мәселесі өте маңызды. Биыл бұл бағытқа 33 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 18 нысанда құрылыс және қайта құру, тағы 160 көшеде күрделі және ор­таша жөндеу жұмыстары жүргі­зілуде. Нәтижесінде, Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 63,6 пайызға дейін көтеріледі. Соңғы үш жылда, биылды қоса есептегенде 853,5 шақырым жол төселген. Тұрғындар бұрын мұнша жолдың 10 жылда салынғанын жақсы біледі.

Шаһардың көлік инфрақұры­лымын сөз еткенде Д.Қонаев даң­ғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында салынып жатқан заманауи жолайрықты айналып өту мүмкін емес. Жақында Д.Қо­наев даңғылындағы тоннель бөлігі пайдалануға берілді. Бұл нысан­дағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Одан бөлек, 590 жаңа автобус сатып алынып, қаладағы қоғамдық көліктер толығымен электрондық билет жүйесімен қамтылды.

– Қоғам қауіпсіздігі қашанда маңызды. Бұл бағытта, әсіресе жас­тарға қандай жағдай жасалып жатыр?

– Қалада тұрғындардың қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету бойын­ша көптеген жұмыс атқарылып жатқаны рас. Сайлауалды бағдар­ла­маның «Қоғамдық қауіпсіздік» бағытында белгіленген міндеттерді орындау үшін биыл 3 740 бейне­бақылау камерасын орнатуға бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінген. Қазір камераларды орнату бо­йынша жұмыс жүргізілуде.

Қаладағы барлық мектепте ішкі бейнебақылау камералары орнатылған және 4 аудандық По­лиция басқармасының жаны­нан «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашылды. Сондай-ақ 356 көше мен ауланы жарық­тан­дыруға бюджеттен 375 млн тең­­­ге бөлінгенін де айта кеткен жөн.

Шымкент – жастар қаласы. Ал жастар – ел болашағы. Қалада 270 мыңнан астам жастар бар. Яғни, қала халқының 26 пайызы жастар деген сөз. Осыған орай «Nur Otan» партиясы жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл жас кәсіпкерлерді қолдау үшін 350 млн теңгеге 600 грант бө­лінді. Ал жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақса­тында 900 пәтер сатып алуға 11,3 млрд теңге қаржы қарастырылып, бүгінде 300 пәтердің кілті жастарға табысталды. Сонымен қатар биыл студенттерге арнап 1 500 орындық 4 жатақхана салынды.

Жалпы, «Nur Otan» партиясы­ның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауға Шымкент қаласы бойынша 2021 жылы 292 млрд теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде бюджеттен 206,9 млрд теңге, ал жеке инвестор есе­бінен 84,7 млрд теңге тартылады.

«Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Оның өңірлік сайлау­алды бағдарламасы мемлеке­ті­міздің ұзақмерзімді стратегиялық бағытының және қарқынды жүр­гізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы. Ол елімізді жаң­ғырту мен барша қазақстандық­тардың өмір сапасын жақсартуға, Шымкентті өмір сүру мен жұмыс істеуге және демалуға қолайлы заманауи мегаполиске айнал­ды­руға бағытталған.

Біз бүгін осынау маңызды бағ­дарламаны орындаудың алғашқы нәтижелерін баяндап шықтық. Келер жылы осы жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасатын сөзсіз. Ал­дымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі жақындап келеді. Тәуел­сіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстан­дықтардың ең қастерлі құндылығы. Өйткені біздің Отанымыз – Қазақ­стан тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты.

Дербес дамудың осынау жа­сампаз жолын жалғастырып, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы алдымызға көлденең тартқан сын-қатерлерді еңсеруде Тұңғыш Пре­зидент – ұлт Көшбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаев жетекшілік ете­тін «Nur Otan» партиясы тағы да шешуші рөл атқарып, барша қа­зақстандықтардың күш-жігерін елдік мақсаттың төңірегінде ш­о­ғырландырары талассыз. Күн­шуақ­ты Шымкент қаласының хал­қы бұл іске жан-жақты қолдау көрсетері анық.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444