Инновациялық тәсілмен өңделген ешкі сүті

Түркістан облысында инновациялық тың тәсілмен өндірілетін өнім көлемі артып келеді. Өңірімізде бұрын соңды ешкі сүтін кәдеге жаратқан өндіріс орны болған емес. Ордабасы ауданында тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативі құрылды, деп хабарлайды  облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаев өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталғанын айтып отыр. Оның айтуынша, Нидерланд елінен ешкінің Заанен тұқымын сатып алған. Даму жоспары үш кезеңнен тұратын жобаның жалпы құны 1 млрд. 829 млн. теңгені құрайды. Қазір мұнда 500 бас ешкі болса, жоспар толығымен орындалғаннан кейін 6 мың басқа жететін болады. Өсімділігі өте жоғары ешкі малы жылына егізден тауып, орта есеппен  100 басқа 200 төл береді екен. Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт беретін болса, заанендіктер күніне 5-6 литр сүт береді. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр. Күніне екі мәрте сауылатын ешкі сүтінің литрі 500 теңге көлемінде саудалануда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444