ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨШЕГЕ ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ АТАУЫ БЕРІЛДІ
18 наурыз – «Игі істер күні» аясында Шымкент қаласында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде атауы жоқ 325 көшеге атау берілді.
Осыған орай, Шымкент қаласы «Бозарық» шағынауданындағы көшеге ұлтымыздың үнжариясы, 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының атауы беріліп, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген құрметті қонақтар мен жергілікті зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.
Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жаңа көшелерге атау беру барысында ұлттық құндылықтарымызға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
– 14-24 наурыз аралығында «Наурыз Шымкентте басталады» деген ізгі бастамамен қаламызда үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Күні кеше «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ашылды. Болашақта сол мектептің түлектерінің даусын Қазақ радиосынан естиміз деп ойлаймыз. Наурыз тойының аясында Шымкенттегі 325 көшеге атау берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетовтің ұйытқы болуымен күні бүгінгі мәслихат отырысында Қазақ радосы көшесі ресми бекітілді. Шаһар осы жаққа қарай құлашын жайып келеді. Шымкенттің дамып келе жатқан тұрғын алабында ашылған көшеміз құтты болсын! Болашақта Қазақ радиосы көшесі Қазақ радиосы даңғылына айналып жатса таңғалмағайсыздар! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жарты ғасырдан астам ғұмырын Қазақ радиосында өткізген ардагер-диктор, Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова да Шымкенттегі Қазақ радиосы көшесінің ашылуына арнайы келіпті.
– Өзіңнің шыққан босағаң, туған балаңдай боп кеткен радиоңды құрметтеп жатса қалай қуанбайсың?! Қазақты бүткіл дүние жүзіне танытқан, қазақтың әні, сазы мен күйін көрсеткен Қазақ радиосын республикада бірінші болып ардақтап жатқан сіздерге мың да бір Алғыс! Бұл сіздердің еңбектеріңізге қарай атақты даңғыл болатынына сенемін, — деді С. Жақанова.
Қазақ радиосының атауы берілген көше 2,5 шақырымға созылып жатыр. Осы мерейлі күнге орай, бүгін кешке сағат 18:00-де Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратында Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған арнайы концерттік іс-шара өтеді.
Сондай-ақ, аталған аудандағы тағы бірнеше көшеге республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының атауы берілді. Олардың қатарында еліміз үшін жоғары маңыздылыққа ие басылым атаулары мен радио, әдеби шығармалар атаулары бар. Мәселен Қаратау ауданы Бозарық саяжайындағы атауы жоқ көшелерге ғасырдан астам өмір сүріп келе жатқан республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің құрметіне қойылған Егемен Қазақстан, сонымен бірге Ана тілі, Қазақ радиосы, Жас алаш, Абай жолы, Қалқаман – Мамыр, Ақ білек, Қамар сұлу секілді көше аттары пайда болды. Одан өзге қаламыздың тарихын айшықтайтын, табиғи ерекшеліктері мен өлке өзгешелігін ескеріп, тау-тас, сай-сала, өзен-көлге лайықты атаулар да берілді.
Алдағы уақытта қалаға қарасты аудандардың әкiмдерi осы бірлескен қаулы мен шешiмдi iске асыру жөнiнде қажеттi шаралар қабылдамақ. Ал, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы құжатты Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткізеді. Бірлескен қаулы мен шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілмек.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы