ШЫМКЕНТ: ӨРТ ПЕН ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласында өрт пен көгілдір отыннан келетін қауіптің алдын алу мақсатында брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісіне Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев және қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев қатысты.

Аманбек Алтынбекұлының мәлімдеуінше, Шымкент қаласының аумағында 2021 жылдың басынан қазірге дейін 29 (2020 ж. – 21) өрт тіркелген. Құтқарылған материалдық құндылық көлемі – 92 млн. 700 мың (2020 ж. – 69 млн. 900 мың тг) теңге. Қайтыс болғандар – 1 (2019 ж. – 3), жарақаттанғандар – 1 (2019 ж. – 0).

– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 38%-ға, материалдық шығын 2,6 есеге, жарақаттанған адамдардың саны 100%-ға өсіп отыр, ал қайтыс болғандар 3 есеге төмендеген. Өрттердің негізгі бөлігі тұрғын үй секторында және автокөліктерде орын алып отыр. 2021 жылдың ақпан айында орын алған 29 өрттің 44,8 пайызы немесе 13 өрт тұрғын үйде, дәл солай 13 өрт немесе 44,8 пайызы автокөліктерде болды. Тұрғын үй секторын тікелей аралау арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Аманбек Бейсембаев.

Айта кету керек, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында бірқатар тұрғын үйлерде қолдан жасалған газ сыйымдылықтарын (5 кубтық резервуар) пайдаланып жатқаны анықталған. Бұл бойынша мәліметтер жинақталып, газ-техникалық инспекцияға шара қолдану үшін жолданды.

Қала аумағында бүгінде 2019-2020 жылдары салынған 31 көпқабатты үй және бұрыннан келе жатқан 15 көпқабатты үй орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған.

Сондай-ақ қазіргі таңда қала аумағындағы су тасқынының алдын алу шаралары толық бақылауда. Жалпы жағдай бірқалыпты. Қаладағы 4 су қойманың жағдайы қанағаттанарлық, оларға алдыңғы жылдары меншік иелерімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

– Қала бойынша су қоймаларының толуы 15-42% құрап отыр. Қазіргі таңда тасқын суларды қабылдауға жеткілікті қорлары бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жою үшін күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді, — деді Жәнібек Кәрімбаев.

Алдын алу шаралары бойынша дайындық барысына тоқталсақ, ТЖ департаменті: 245 адам, 20 техника және 17 жүзу құралдары, 41 мотопомпа; Ұлттық ұлан — 100 адам және 6 техника; Полиция департаменті — 90 адам және 6 техника бірлігі; коммуналдық қызметтер: 550 адам, 65 бірлік жабдықтар (автомобиль цистерналары, вакуумды AЦВ) және 19 бірлік мотор сорғысы (ЖШС «ЛТД-Турмыс», «Югдорсервис», «Бәйтерек-LB», «Нуртау СЕРВИС»).

Су тасқыны кезеңінде авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге қала әкімдігі тарапынан 48 мың дана қап пен 18 тонна құм дайындалған. Төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халықты қабылдау үшін 129 жиналу эвакуациялық пункттері дайындыққа келтірілген.

– Көктемдегі ықтимал су тасқынына байланысты қала аумағында «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары 2021 жылғы 4-5 наурыз аралығында өткізіледі. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — көктемгі кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметтері мен бөлімшелерінің әзірлігін, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның жай-күйін тексеру. Республиканың су тасқыны қауіпті аймақтарға және су тасқыны салдарын жоюға көмек көрсету үшін Департамент 48 жеке құрам, 7 бірлік арнайы техника, 13 дана мотопомпа, 4 қайық және 14 күнге құрғақ азық-түлік қорымен қамтамасыз күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылып, дайындыққа келтірілді, — деді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ж. Кәрімбаев.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: Самат Мырзалиев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444