Сауда және интеграция министрлігіне бір жарым жыл: сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жоқ
Тараптардың бастамасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Сауда және интеграция министрлігі (бұдан әрі — Министрлік) басшылығының кездесуі өтті. Негізгі күн тәртібі Министрлік жетекшілік ететін салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелеріне бағытталған.
Бейне-конференция байланысы бойынша іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық бөлімшелері, Министрлік, оның ведомстволары мен ведомствоға бағынысты ұйымдары да қатысты.
Агенттік Төрағасының орынбасары Дмитрий Малахов Министрлік құрылған сәттен бастап (2019 жылғы шілде айы) бірде-бір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық анықталмағанын атап өтті. «Сонымен бірге босаңсудың қажеті жоқ. Министрлік жетекшілік ететін салалардағы жемқорлық тәуекелдері жоғары жасырын сипатқа ие. Осыған орай, тұрақты оң көрсеткішті қамтамасыз ету үшін бірқатар алдын алу шараларын іске асыру қажет», — деді спикер.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің арасында тарифтік квоталарды, квотаішілік мөлшерлемелерді реттеу, тарифтік жеңілдіктер беру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін белгілеу мәселелері бар. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ техникалық реттеу және метрология жөніндегі заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау функциясын жүзеге асыру кезінде азаматтар, кәсіпкерлер және ведомство қызметкерлері арасында «тікелей байланыс» сақталады.
Министрліктің жауапты хатшысы Жәнібек Нөпіров бизнес-үдерістерді автоматтандыру мен оңтайландыруға назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, барлық көрсетілетін мемлекеттік қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті шағым беруді жеңілдету мақсатында, Telegram мессенджерінде чат-бот және топ құрды. Биыл шілде айынан бастап сәйкестікті бағалау саласындағы электрондық аккредиттеу жүйесі іске қосылды.
Қазіргі уақытта бірқатар жобалар іске асырылуда. «Экспорттаушыларға арналған бірыңғай цифрлық терезе – export.gov.kz» пайдалануға ыңғайлы диджитал-платформаны құруға және экспортты ілгерілету саласында мемлекеттік қолдау шараларын көрсету бойынша бизнес-процестердің реинжинирингін жүргізуге мүмкіндік береді.
Тағы бір жоба – «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі цифрлық платформа». Ол тұтынушылардың өтініштерін орталықтандырып жинауды, өңдеуді және басқаруды қамтамасыз етеді.
Болашақта Ұлттық аккредиттеу орталығы «е-аккредиттеуге» көшуді жоспарлап отыр. Бұл өтінім беру, шарттар жасасу, сәйкестік сертификаттарын беретін кәсіпорындарға аккредиттеу аттестатын берудің цифрлық қолтаңба пайдалана отырып, тек электрондық түрде жүргізілетінін білдіреді.
Министрліктің қосалқы қызметтер мен ведомствоға бағынысты органдарды орталықтандыруды көздеп отырғандығы хабарланады.