Рухани жаңғыру — ол ұран емес, ол — ел дамуындағы үдеріске адамның бейімделуі. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде алып мемлекеттер қатарында ілгерілеуді жалғастыру үшін ең алдымен білімді жетілдіру қажет. Бүгінде өскелең ұрпақтың техника мен технологияны меңгеруге қызығушылығын арттыру — негізгі міндеттердің біріне айналды. Түркістан облысындағы Ордабасылық ұстаздар бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижелер де жоқ емес. Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов инновациялық идеялар республикалық байқауының жүлдегерлерімен кездесіп, олардың ата-аналары мен ұстаздарымен пікірлесті. Оқушылар байқауда электр қуатын өндірудегі турбина артықшылықтарын дәлелдеп, қазылар назарына жан-жақты жетілдірілген үнемшіл және ыңғайлы қол бұрғы, шағын дельтаплан, үй жағдайында қолданылатын инкубаторлық құрылғы нұсқаларын ұсынған. Ұстаздар атынан — Қиянбек Жылқайдар, ата-аналар атынан Гүлзейнеп Жунаева сөз алып, бүгінгі шара жас өнертапқыштарды жаңа туындыларға ынталандыратынын айтып, аудан басшысына алғысын жеткізді. Қазақстан — Мәңгілік елге қадам басқан мемлекет. Осы жолда біз жастарымыздан үміт күтеміз. Елдің жақсы атын ер танытса, елдігінің баянды болғаны. Ата-аналар мен ұстаздарға еңбегі үшін ерекше алғысымды білдіремін, — дей келе, Рашид Үсіпханұлы оқушыларға да сәттілік тіледі.