Инновациялық әдіспен егілген пияздан өнім мол

Түркістан облысына қарасты Шардара ауданында көктемде инновациялық әдіспен пияз егілген болатын. Бүгінде тың тәсілмен өсірілген пияз пісіп жетілді. «Тұрар» ауыл аруашылығы өндірістік кооперативі 33 гектар алқапқа пияз еккен болатын. Шаруаның айтуынша, бұл технология бір мезетте бірнеше жұмысты атқарып шығады екен. Біріншіден түйір кесек қалдырмай үгітілген топыраққа 3 см-ден тұқым тастаса, екіншіден тамшылатып суаратын су түтігін қоса көміп кетеді. Сапасы жоғары голландтық пияздың тұқымы біркелкі егілгендіктен шығымы да түгел. «Бір гектарға 5 келідей тұқым кетеді. Жаңа технологияны ендірудің арқасында шығын көлемі бұрынғыдан 5 есе азайып, есесіне өнімділік арта түсті. Өткен жылы әр гектарына 100 тоннадан өнім алдық»,- деді «Тұрар» ауыл шаруашылығының төрағасы Юрий Ан. Шаруашылықтың тұқым себу жұмысымен танысқан аудан әкімі Болатбек Қыстауов жаңа технологиямен егін егу — шаруа шығынын азайта отырып, мол өнім алуға қол жеткізетінін атап өтті. «Тұрар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде жаңа әдіспен егін егуді бастап жатыр. Озық технологияны пайдалану дегеніміз – шаруа шығынын азайта отырып, мол өнім алуға қол жеткізу екені белгілі. Юра бауырымыз былтыр жоғары жетістікке қол жеткізген, биыл да сол биіктен көрінеміз деп сенеміз. Бұл шаруашылық пияздан бөлек тағы да 33 гектар алқапқа мақта дақылын, 10 гектар алқапқа бақша дақылдарын тамшылатып суару әдісімен егуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қойылып отырған міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру. Яғни, ауыспалы егісті сақтай отырып, диқандарымыз табысы мол дақыл түрлерін егуді қолға алу керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді аудан басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444