Менің қазақ әніне деген қызығушылығымды оятып, әнге баулыған әкем болды
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы және «Қазақтану» жобасы аясында Шымкент қаласында өткізілген «Ұлт үні» байқауына үміткер ретінде орыс қызы Жанна Левина қатысты.
Жанна Левина:
-Мен қазір Шымкент қаласындағы «Саз» колледжінің вокал бөлімінде 4-курста оқимын. Әкем мұнайшы, анамның мамандығы инженер-химик. Отбасымызда екі әпкем және ағам бар, өзім үйдің кенжесі боламын. Мені қазақ әніне деген қызығушылығымды оятып, әнге баулыған әкем болды. Алайда, әкем он екі жасымда өмірден озды. Әйтсе де, мен әкемнің тілегін аяқсыз қалдырмадым, бала кезімнен қазақ тілінде ән шырқап, мектепте түрлі конкурстарға қатыстым және музыка колледжіне оқуға түстім.
Анам бала кезінде әнші болсам деп армандаған, алайда ол арманына қол жеткізе алмады. Дегенмен, анамның түпкі тілегін мен жүзеге асырып жатырмын. Өнер жолында жүріп, ата-анамды ұятқа қалдырмаймын, олар менімен мақтанатын болады. Келешекте өз ұстаздарым секілді музыка пәнінен сабақ берем деп ойлаймын.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Еліміздегі түрлі ұлттар достастығы берік болып, ынтымағы арта берсін. Бейбіт күндеріміз берекеге толы болсын.