АССАМБЛЕЯ – ТАТУЛЫҚ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Мемлекет Басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялаған болатын. Бұл бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің мүддесі мемлекетіміздің тікелей қадағалауында болады. Елбасы Қазақстанда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында атап өтеді. «Қазақстан — Мәңгілік Ел» атану үшін мемлекетте бейбітшілік пен келісім бекем болуын басты назарға ұсынды. Онда діни тұрақтылық, ортақ жауапкершілік, мемлекеттік тілді өзге ұлттардың меңгеруі, конфессияаралық толеранттылық пен ішкі тұтастық, барлық ұлттың өмір сүру сапасын арттыру, әр ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өнерін дамыту және этномәдени бірлестіктердің жұмысына серпін беру қағидаттарына кеңінен тоқталған.
Ассамблея құрылғалы 25 жыл ішінде атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Біз қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген елміз. «Бірлік бар жерде — тірлік бар», «Береке басы — бірлікте», «Ырыс алды — ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы — Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын мәңгілік етсін.