Ассамблея — қайырымдылық шаралардан шет қалған жоқ
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл. Атаулы дата аясында Ассамлея қандай шаралар атқарды. Бұл жылы қайырымдылық шаралар көп атқарылды десек болады. Ендеше, біле жүріңіз:
Қазақстан халқы Ассамблеясы – заңды тұлға түрінде құрылмайтын, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.
Яғни Ассамблея – кеңесші орган, ал этносаралық саясаттағы басты атқарушы орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті.
Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті (41 адам), министрлік жанындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты (30 адам) мен «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі (43) – этносаралық салада мемлекеттік саясатты іске асыратын барлық өкілеттіктер мен интеллектуальдық ресурстарға ие құзырлы мекеме және ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де жұмыстардың атқарылуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығында 7 адам жұмыс істейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айрылған 46 423 оқушыға 514 453 919 теңгенің көмегін көрсетті.
Наурыз айында енгізілген төтенше жағдай кезінде республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында мұқтаж азаматтарға 376 454 347 теңгеге қаржылай көмек көрсетіп, 515 мыңнан астам медициналық маска таратты.
Пневмония дерті ушыққан бір айда ақ халатты абзал жандар мен провизорлық орталықтарға қол ұшын созып, 233 970 676 теңгеге қажетті дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алды.
Мақтааралда орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге де этнос өкілдері жұдырықтай жұмылып, 101 936 000 теңгеге 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жөнелткен болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының меценаттары мен этно-мәдени бірлестіктерінің әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларға көрсеткен көмегі 4,5 млрд теңгеге жуықтайды.