Елмен бірге атқарған еңбектеріммен мақтанамын
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Тұңғыш Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — барлық қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы. Елбасы барлық қазақстандықтарды төңірегіне топтап, Тәуелсіздік пен бостандықтың игі мұраттарын баянды етіп, ел алдындағы саясаткерлік, қайраткерлік, азаматтық және перзенттік парызын адал орындап, әлемдік беделге ие болған тұлға.
Қазақстан Президенттігіне сайланған күннен бүгінгі күнге дейінгі даму өркениетінің жолына түскен халқымыз ел өміріндегі бар жақсылықты, әр саладағы сәтті қадамдарды Елбасы есімімен тікелей байланыстырып келеміз. Бұл — шындық.
Елбасымен бірге атқарған еңбектерімді ауыз толтырып мақтана айта аламын.
Мен алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевпен 1986 жылы кездестім, ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болатын. Сол тұста Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданында қызмет істеп жүр едім. Нұрекең іс сапарымен Түркістанға келді. Сол жолы көктемдегі мақта егу науқанын өз көзімен көріп, дихандармен дидарласты. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы мақта өндіру технологиясын бірінші рет көріп тұрса да, маман ретінде көңілге қонатын бірнеше ойларын айтты.
Қай өңірге барса да, сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеп, атқарылып жатқан жұмыстарға баға беріп, проблемаларды шешудің жолдарын нақты көрсетіп беретін қасиеті сезіліп тұрды. Содан бері бірнеше рет үлкен форумдарда жүздесіп, сәлемдесіп жүрдім.
Ал, 2005 жылы мен Қазақстандағы өзбектердің «Дустлик» ассоциациясының төрағасы ретінде Астанаға келіп, «Ақордада» Республика Президентінің жеке қабылдауында болдым. Елбасы бөлмесіне кіргенде жаным тебіреніп, жүрегім атша тулап кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан тұрып, қарсы алып, «Кел, Розақұл» деп атымды атап, жылы қабылдағаны жүрегімнің толқуын басты. Жарасқан екі адамның әңгімесіндей сұхбатымыз басталып кетті. Мен өзімнің жазып алып барған мәселелерімді айтып бердім. Елбасы қазақ пен өзбекке қатысты өңірдің ерекшеліктері жайлы бір қатар сұрақтар қойды, мен жауап беріп отырдым.
Кездесу барысында Елбасымызға өзбек тілінде оқитын мектептер үшін қазақстандық білім бағдарламасы негізіндегі өзбек тіліндегі кітаптарды шығаруды сұрадым. Содан кейін 2005-2006 оқу жылдарында өзбек тілінде оқитын мектептерге арналған жаңа оқулықтар баспадан шығарыла бастады.
Сол кезде Қазақстанда тұратын өзбек этностары үшін теледидарлардан өзбек тіліндегі телебағдарламаларды көрсету туралы ұсыныс жасадым, оған да келісіп, тез арада жүзеге асырылды.
Қазақстанда жарты миллиондай өзбек тұрады, солардың көп уақыттан бері аңсап келе жатқан бір армандары бар еді, ол — өз өнерлерін көрсету мақсатында өзбек театрын құру. 2003 жылы Сайрам ауылында облыстық өзбек драма-театры ашылды. Театрдың ашылу рәсімі Елбасының қатысуымен өтті. Театрдан шығып келе жатқанда Елбасы: «Мұнша халық не себепті көп жиналып қалды?», — деп сұрады. «Сізге сәлем беруге және өздерінің ризашылығын жеткізуге жиналды», — дедім. Президент халықтың ортасына барып, көбімен амандасып, қол алысып, ел алдында сөз сөйледі.
Елбасының халыққа жақындығын, бойындағы қарапайым қасиетін тағы бір байқадым. Ол ұлтқа бөлмей, Қазақстан халқын біртұтас алып қарайды. Бұл — 100-ден астам этнос өкілдерінің бәріне Н. Ә. Назарбаевтың «Менің халқым!» деген ниетті ұстанып жүргенінің бір дәлелі.
Елбасының сол театрдың ашылуына қатысуының және өзіне ниеттес өзбек ағайындармен кездесудің тәрбиелік маңызы зор болады деген ұстаныммен келді. Бұл халықтың рухын көтерген, тұрғындардың ел мен Елбасыға деген құрметін арттырған, айта жүрер елеулі оқиға болды.
Р. Халмурадов, өзбек ұлтының өкілі,
Қоғам қайраткері