Бір үйдің баласындаймыз…
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Қоғамдық келісім КММ-інде Иран этномәдени бірлестігі ұйымдастырған дөңгелек үстел өткізілді. Жалпы, Шымкент қаласы Иран этномәдени бірлестігі 1997 жылы құрылған. Бірлестік жанында жексенбілік мектеп пен «Салабан», «Ардабиль» деп аталатын ән-би ансамблі жұмыс жасайды. Сондай-ақ, спорттық және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады.
Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының Қарасу елді мекенінде орналасқан жексенбілік мектептерде тыңдаушыларға ана тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін үйрету қолға алынған. Аталған бірлестік қоғамдық келісімді сақтау, қазақстандық партиотизмді дамыту мен ел игілігі жолындағы тың бастамаларға қашанда тұрақты қолдау жасап келеді. «Біз өз салт-дәстүрімізді ұмытпай сақтап келеміз. Осындай түрлі ұлт өкілдерін бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай ұйыстырып отырған Елбасымызға ризашылығымды айтамыз» деді бірлестік төрағасы Сүйлеймани Мами Гуль-Ахмет-Оглы .