ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТТЕР АДАЛДЫҚҚА ҮНДЕЛДІ
Бүгін «Sanaly urpaq» жобасы аясында «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Парасат» басқармасының ұйымдастыруымен «Жастардың университеттегі академиялық адалдықты қамтамасыз етуге қатысуы» атты тақырыпта тікелей эфирде жастармен кездесу өтті.
Онлайн кездесуге М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің проекторлары С.Мәжінбеков, Р.Абишева, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар, «Парасат» басқармасының басшысы Г.Дулатова қатысты.
Эфир барысында жастар жазғы сессияны тапсыру, оқу ақысын төлеу, қашықтықтан емтихан тапсыру кезінде адалдықты қамтамасыз ету механизмдері туралы көптеген сұрақтарын қойып, жауап алды.
«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жани Қамбар жастарға академиялық адалдыққа жат әрекет ретінде өзгенің еңбегін көшіру, авторлық құқыққа зиян келтіру әрекеттерінен сақтандыру сипатында кеңесін берді.
Жастарға сессия барысында академиялық адалдыққа жат әрекеттер мен сыбайлас жемқорлық көріністері бойынша үндеуге арналған «Сенім телефоны» 21-49-07 номері тағы да ескертілді.