Елімізде қалыптасқан талай жылғы ынтымақтың арқасында еліміз өркендеп, ілгері басып келеді
Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында және 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне орай Шымкент қаласы әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Арзу Гурбанова барша қазақстандықтарға өз бауырластары атынан ізгі тілегін білдірді:
-Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді татулық пен келісімнің нұрына малынған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Алдыңғы буын мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік және қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан талай жылғы ынтымақтың арқасында еліміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жүзден астам этнос өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат өз нәтижесін көрсетіп, ел жолындағы игі істерге әрдайым барлық ұлт өкілдерін жұмылдыруда.
Құрметті жерлестер! Біздің бірлесе талай биікті бағындырып, қиындықтарды жеңеміз деген ойдамын. Бірлік күні – баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс әкелсін!
Бірліктің, іріліктің – қадірін біліп, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы жұмырлы бастамаларға жұмыла атсалысайық! — деді құттықтау иесі.