«Біз ежелден бауырлас халықпыз»
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында
Хурсанияз Шавхатұлы Ибрагимов,
Шымкент қаласының тұрғыны,
Өзбек ұлтының өкілі
Қазір Қазақстанда отыздан астам өзбекше газеттер-журналдар, телеарналар ішіндегі арнайы бағдарламалар жарық көреді. Тек өзбек тілінде оқытатын ондаған мектеп жұмыс істейді. Өз алдына өзбек театры бар. Қазақстан өзге ұлтардың тату өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Әсіресе, ең бастысы өзіміздің өзбек халқының тілін, салт-дәстүрін сақтауға ешқандай тосқауыл жоқ.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев барлық ұлттарды бір шаңыраққа жинап Қазақстан Ассамблеясын құрды. Яғни, біздің бейбіт өмір сүруімізге кепіл бола білді. Қазір жоғары билікте Ассамблея қабырғасынан шыққан тоғыз халық қалаулысы отыр. Яғни, тоғыз депутат өзге ұлт өкілдерінің мұң-мұқтажын түгендеп, мәселесін шешуге талпынып отырады.
Қазақ болсын, өзбек болсын, баяғыдан бір нанды бөліп жеген халықпыз, қазақ «өзбек өз ағам» деп өзбекті бауырына басқан. Осы заманда кәсібімізді ашамыз десек те, мамандық аламыз десек те мемлекетте жағдай қарастырылған. Әрбір жанға өзінің отбасы, туған — туыстары , жолдастары ыстық болса, Отан да адам баласына солай да ыстық. «Отан» десе адамның жүрегі езіліп, жүрекке жылы болып тиеді. Кез келген ұлт өкілдерінің өз Отаны бар екені айдан анық. «Отан үшін отқа түс — күймейсін» — деген мақал бар. Отан үшін өлген адамның өзі өлгенімен, аты ешқашанда өлмейді. Тарихта мәңгі қалады.
Менің Отаным – Қазақстан. Қазақстанда дүниеге келіп, осында өсіп-өндім, ұрпағымды көбейттім. Қазақстандай елім болғанына, қандай елдерде, мемлекеттерде жүрсем де мақтана аламын. Қазақстанда 150-ге жуық өзге ұлт өкілдері өмір сүреді. Бұл нәтижеге жүгіне отырсақ, Қазақ елі өзінің жері сияқты кең пейілді, қонақжай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел екеніне көз жеткізуге болады. Қазақ елін басқа шетелдіктер де мойындаған. Себебі, Қазақстан соңғы он жылдың ішінде дами түсті, көркейіп, өз экономикасын жақсартып, ішкі – сыртқы саясатын дұрыстады. Қазақ елінің ұлан байтақ жері былай тұрсын, оның табиғаты мен өнеркәсіп жөнінен ерекшеленеді. Еліміз күн сайын дамып, көркейіп жатыр. Осындай елмен әрине мақтанасын. Қазақ елі мақтанышқа тұрарлық ел.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы құтты болсын!