Қазақ және өзбек әдебиетіндегі рухани байланыс
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА – 25 ЖЫЛ!
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Шымкент қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің ширек ғасыр ішінде атқарған маңызды шаралары, жеткен жетістіктері, жалпы этномәдени орталықтың тарихы, жүріп өткен жолы баяндалған.
Шымкент қаласы өзбек мәдени орталығы өзбекстандық танымал ақын-жазушылармен кездесулер, мүшайралар ұйымдастырып отыруды дәстүрге айналдырған. Өзбек халқының ұлы ойшылдары мен жазушылары Алишер Науаи, Бабур, Хамза Хакимзада Ниязи, Ғафур Ғулам, Хамид Алимжан, Айбек, Мақсуд Шайхзада, Эркин Вахидов, Абдулла Арипов, Мухаммад Юсуф, сондай-ақ, отандастарымыз – Өзбекстан халық ақыны Миртемир, Өзбекстан халық жазушысы Адил Яқубов, танымал ақын әрі аудармашы Эргаш Нематуллаев, Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Насыр Фазилов, танымал жазушы Садулла Сияев, “Жаҳон адабиёти” журналы бас редакторының орынбасары Мирполат Мирзаев, балалар ақыны Хамза Иманбердиевтердің мерейтойлары атап өтілді. Танымал өзбек ақыны Турсунай Садықовамен кездесу ұйымдастыру үрдіске айналған. Таяуда өзбек мәдени орталығының ұйымдастыруымен бір топ қазақстандық өзбек ақын-жазушылар Ташкент қаласындағы Республикалық ұлтаралық мәдени орталығының ғимаратында өзбекстандық танымал ақын-жазушылармен кездесу мүмкіншілігіне ие болды. Кездесуде Өзбекстан Қаһарманы, Өзбекстан халық ақыны Эркин Вахидов, Өзбекстан халық жазушысы Худайберди Тохтабаев, танымал жазушылар Насыр Фазилов, Насыр Мухаммад, Мехманқул Исламқулов, Мирполат Мирза, т.б. қатысып, өз ойларын бөлісті. Болашақта да осындай кездесулер жалғасын табуына сенеміз.
Өзбек мәдени орталығы тарапынан 1995 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырған “Өзбек халқының тілі, мәдениеті мен әдет-ғұрыпы” фестивалында Жамбыл, Қызылорда мен Алматы облыстарынан, көрші Өзбек елінен қонақтар қатысуы үрдіске айналған. Бұл фестиваль нағыз халықтық мейрам, деуге әбден болады. Фестиваль бағдарламасында өзбек халқының бай мәдениетін, әні мен күйін таныстыру, ұлттық өнер майталмандарының концерттік бағдарламалары, қолөнер туындыларының көрмесі, ұлттық салт-дәстүрлердің театрландырылған қойылымдары орын алған. Өзбек орталығының бұл бастамасы өзге ұлттық мәдени орталықтарына үлгі болды. Орталықтың ұсынысымен КСРО суретшілері одағының мүшесі, танымал суретші Эргаш Иристаевтың жеке көрмесі ұйымдастырылып, оның есімі Сайрам ауылындағы көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ, өзбек мәдени орталығы ұлттық өнерді қолдау мақсатында түрлі фестиваль-байқауларды ұйымдастырып отырады.
Бегмат Турдиқулов,
Саид Турсунметов