БІРТҰТАС ҰЛТ – ІРГЕСІ АЖЫРАМАЙТЫН ШАҢЫРАҚ
Мұндағы мақалада автор Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында ширек ғасыр тарихы бар Ассамблеяның атқарған жұмыстары мен маңызына тоқталады. Төменде жиырма бес жылда жеткен жетістіктер мен белестер баяндалады.
Қалмұратов Мұратәлі Оразалыұлы –Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде әлемде баламасы жоқ институт ретінде тарих сахнасынан лайықты орнын алды. Ассамблея конституциялық орган ретінде де ел дамуына сүбелі үлесқосып, тәуелсіздік жылдарында маңызды шешуші сипатқа ие болды. Мемлекетімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы сындарлы саясатты табысты іске асыруға бағдарлы бастамашы болды.
Қазіргі таңда бұл институттың негізгі принциптері бейбітшілік пен келісімге, тұғырлы татулық пен сыйластыққа, ұрпақ тәрбиесі мен бітімгершілікке, қайырымдылыққа негізделген. Ассамблея тек этнос өкілдерінің ғана емес, республика аумағында өмір сүретін барша қазақстандықтардың басын бір арнаға тоғыстырып, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын құрметтеуге үндеп, түпкі нәтижеге бағытталған тындырымды тірліктермен байыпты бастамаларды орнықты орындауда.
Қазақ жері бүгінде тұрақтылықтың «алтын көпірі» мен өзара татулықтың мерейлі мекеніне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының берекелі шаңырағына топтасқан этнос өкілдері елдігімізді танытар игі бастамалардың барлығына белсенді атсалысуда. Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық келісімге негізделген үйлесімді саясатын халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда.
Елбасының сара саясаты, дара ұстанымының арқасында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім – Тәуелсіздігіміздің басты тұғыры болып қаланды.
Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде өзара түсіністік пен мызғымас татулықты орнықтыруда бітімі бөлек институт болып қалыптасты.
Тәуелсіздіктің толайым табыстарында елімізді мекендеген сан түрлі этнос өкілдерінің үлесі бар.
Қазақстандықтар кемел келешек үшін бірігіп, «Мәңгілік Елге» айналуда жасампаз істердің ұйытқысы бола алатынын барша әлемге мәлімдеді.
Біртектілік пен бірлік ұғымдары Ұлт жоспарының төртінші бағыты болып белгіленіп, Болашағы Біртұтас Ел құрудың алғышарты болып бекіді.
Мемлекет Басшысы айқындаған ұлы міндеттерді іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясына зор сенім мен үлкен жауапкершілік артылып отыр.
Осы бағытта ел патриоттары 7 қарапайым қағидатқа негізделген «Мәңгілік Ел» патриоттық Актісін қабылдады.
Халықтық дәстүрге, елдік танымға қашанда сергек қарайтын оңтүстік жұртшылығы татулықты ту етіп, терең бауырластықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ортақ Отанымыздың қуаты артып, кемелденуінде еңбексүйгіш әрбір оңтүстік қазақстандық азаматтардың қосқан үлесі бар.
Атап өтуіміз керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің қызметі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізумен ғана шектелмейді.
Мемлекеттік этносаралық саясат сан қырлы ауқымды мәселелерді қамтиды. Соның ішінде ең маңыздысы қоғаммен жан-жақты байланыс орнықтырып, тұрғындармен еркін пікір алмасу алаңын құру.
ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСТЕРІ
Ұлт жоспарына сәйкес, қоғаммен байланысты нығайтып, тұрғындардың талап-тілегін мұқият зерделеу мақсатында Ассамблея жанынан барлық аудан, қалаларда, ауылдық округтерде Қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Кеңес мүшесі тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік арасын байланыстыратын «алтын көпір» болумен қатар, жұртшылықты толғандыратын мәселелердің дер кезінде шешілуіне ықпал етуде.
Қоғамдық келісім кеңестері әр қалада, ауданда және ауылдық округтерде әрекет етеді. Ел бірлігін бекемдеу арқылы ішкі татулықты көздейтін Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі функциялары – жергілікті жерлердегі шиеленістерді салиқалы шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу, дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамаларын, мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар жобаларды және бағдарламаларды жұртшылыққа түсіндіру, аймақтардағы өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету, қоғамды толғандырған проблемаларды жергілікті билікпен бірлесе реттеу, қайырымдылық пен медиация желісін дамытып, қоғамдық бақылауды дамытуға көмектесу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру.
Атап айтқанда дауласқан тараптарды татуластыру, коммуналдық мәселелер, ауыл әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларының атқарған жұмыстары, ағынсу тарифін белгілеу, отбасылық құндылықтар, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, Жер кодексіне байланысты мәселелер, аймақтағы діни ахуал, аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетілетін қайырымдылық көмектер сынды тақырыптарды таразылады. Жауапты тұлғалардың есебі тыңдалып, ұсынымдар әзірленді.
Облыстық деңгейдегі кеңестердің жоспарлы отырыстарда жастардың проблемалары, білім саласындағы түйткілді жайттарын, ажырасуды азайтуда медиацияның ықпалы, өңірдегі діни ахуал сынды жайттарды қарады.
Ал, биыл Конституциялық реформа мен Жолдау барлық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерінің ашық алаңдарында талқыланды. Сондай-ақ Жергілікті жерлердегі өзекті жайттар да назардан тыс қалмайды.
Тарихтың тағылымды үздік дәстүрін заман талабына сай жаңғыртуды Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеді.
Мақсат – біреу-ақ. Бірлік пен бейбітшілікті, ортақ келісімді орнықтырудағы бітімі бөлек Қазақстан халқы Ассамблеясын белсенді қоғамдық қатынастар институтына айналдыру.
Зер салар болсақ, мемлекет идеологиясының ұстыны – бірлік, тұрақтылық, жасампаздық ұғымдарына негізделетінін аңғарамыз. Өзара бірлігіміз болмай, қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізе алмайтынымыз секілді, жасампаз еңбексіз тұрмысты түзеу мүмкін емес.
Қоғамдық келісім кеңесі – ассамблея жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган ретінде әлеуметтік және басқа да шиеленістерді шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу, өзекті проблемаларды жергілікті билікпен бірлесе реттеу және қоғамдық бақылауды дамытуға көмектеседі.