Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында жазылған авторлық мақалада көпұлтты Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктері жазылған. Мұнда Елбасыныңы «Мәңгілік Ел» болу идеясының түпкі мәнін терең қозғаған және еліміздің бейбіт өмірінің ұйытқысы болып отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөлі зор екенін айтып өткен жөн. Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы.
Көпұлтты әрі көпдінді Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктерінің бастауы — бейбітсүйгіш халқымыздың ақ-адал пейілі мен қонақжайлылығы, төзімділігі мен еңбекқорлығы, елімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген дос пейілділігі. Сондай-ақ, жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтаса өмір сүруі — еліміздің бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен ауқымды еңбектерінің жемісі.
Елбасымыз «Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз — дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек» деді.
…Тәуелсіздік — тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол — өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдыңдағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, Тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз», — деген еді.
Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойғы арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамыған елдердің қатарына қосылу — Мәңгілік Ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылыққа үлесімізді қосуымыз шарт.
Бабалар арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу үшін ел ішіндегі алауыздыққа жол бермейтін біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат болу керек. Алдына асқақ мақсаттар қоятын, тілі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар, ертеңіне сеніммен қарайтын халық қана тарихта «Мәңгілік Ел» болып қалатыны анық.
«Мәңгілік Ел» идеясы — халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтаралық татулық пен төзімділікті сақтап, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.
Бұрынғы-соңғы білімдарлардың пайымдауынша, елді ілгері сүйрейтін идея мемлекеттік сипат алып, қоғам мүшелерінің көңілінен шығуы үшін негізгі екі талап орындалуы тиіс екен.
Оның біріншісі, сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың болмысымен, мақсат- мүддесімен толық сәйкес келуі. Екіншісі — мемлекет тарихымен сабақтасып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда қалыпты, жетекші идеологиялық мәні болуы.
Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік Елдің шаңырағы биік, келешегі кемел.
«Мәңгілік Ел» — кемел келешектің жобасы, сондықтан оның ұрпақтар сабақтастығына ұласатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құндылықтарын ұрпаққа ұлағаттап, үлгі болатындай игі істер атқару бүгінге міндет, келешекке аманат.
«Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруды бастау бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырса, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымыздың орындалғаны. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің өрендері ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық дәстүрлі құндылықтарымыз жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, «Мәңгілік Ел» болашағы баянды, келешегі нұрлы болары айқын.
«Патриотизм — Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді», — дейді қазақтың біртуар перзенті Б.Момышұлы.
«Қазақстандық патриотизмнің» ерекшелігі – тек қазақтардың ғана емес, кең байтақ елімізді мекендейтін барлық ұлт пен ұлыс өкілдері тілегінің ортақ болуы, өзі мекендеп отырған елдің тағдырына алаңдап, жанашырлық жасауы. Отаншылдық – жерге деген іңкәрлік, халқының жетістігі мен елінің игілігіне қуана білу, ол – үздіксіз тәрбиенің нәтижесінде санада біртіндеп қалыптасатын ұлы сезім. Қазақстандық патриотизм өн бойында рух пен намысты жинақтаса, келешегіміз кемел, ұрпағымыз алғыр болары хақ.
Аблаев Серикали Бихожаұлы,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының бас маманы, саяси ғылымдарының магистрі