Дихандар су тапшылығы жайлы мәселе көтерді
Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев Бірлік ауылдық округіне қарасты суармалы алқаптарды аралап, сапар барысында туындаған мәселелерді тез арада оңды шешу үшін ауылдық округ әкіміне, әкімдіктің тиісті бөлімдерінің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мұнан кейін аудан әкімі Күшаман ауылының әкімдігінде күшамандық дихандармен кездесіп, олардың талап-тілек, өтініштерінің барлығын мұқият тыңдады. Елбасының биылғы Жолдауына сай аудан көлемінде ауылшаруашылығы саласында тың бастамалар жасалып отырғандығын, өзінің келу мақсатын түсінікті тілмен айтып берді. Мұнда да дихандар егін суы жайында сұрақтар қойып, оған жауап алды. Мұнан соң аудан әкімі бастаған топ Биназар ауылына бағыт алды. Мұндағы ауыл әкімдігінде өткен жиында аудан басшысы өзінің сапарының мақсаты мен бастаған бастамасы жайлы кеңінен түсіндіріп өтіп, өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиын барысында шаруалар Ақылбек Қыбыраев, Айман Зенәділова, Назымхан Тайлақбаевтар аудан басшысына су жеткілікті берілсе жүгері, бақша дақылдарын егуден қашпайтындықтарын, жерлерін жырттырып, келесі көктемге дайындауға әзір екендіктерін жеткізді. Ауыл диқандары қолдарындағы қарап отырған малдарын сатып, түрлі дақыл еккендерін, тура шілде айында су берілмей жайқалып шығып тұрған егіс күйіп, төккен тер зая кетіп, әжептеуір шығынға батқандарын, енді қолына кетпен ұстап, егін, бақша дақылдарын егуге беттей алмай қалғандарын ашына айтты. Аудан әкімі диханшылар қауымының көтеріп отырған мәселенің өзекті екенін, алдағы уақытта оң шешімін табуға атсалысатынын жеткізді. Адал термен егілген еңбек пен өнімнің өтемі ақталуы тиіс.
Жиналыстан соң аудан басшысы Мәден Мұсаев бастаған топ шаруаларға тиесілі жер телімдерін аралап, жердің нақты ахуалына қанықты. Аудан әкімінің төрт ауылды аралаған жұмыс сапарында онымен бірге орынбасары Бақытжан Қалымбетов, аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Эльдар Кокушев, Қылышбай ауылдық округінің әкімі Қызыр Елеусізов, аудандық мәслихаттың депутаты Қайрат Хасенов, Тасөткел өндірістік су қоймасының гидротехнигі Әшімхан Оразалиевтер бірге болды.