15-ші шағын ауданның жобасы қаралды
Тараз қаласынан жаңадан бой көтеретін 15-ші шағын аудандағы көпқабатты үйлердің бірінші қабаты коммерциялық мақсатқа беріледі. Яғни құрылысты жүргізетін мердігер компания мұны өз есебінен жүргізеді. Ондағы салынатын әрбір ғимараттың, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен қасбетіне ерекше мән беріледі. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жауаптылардың басын қосып, жаңа аумақтың құрылысын тағы да пысықтады.
Аумағы ат шаптырым – 360 гектар жерді алатын 15-ші шағын ауданда келешекте 280 көпқабатты үй салынады, мұндағы халық саны отыз үш мыңды құрайды деп күтілуде. Бүгінгі жиында алдағы жылы құрылысы жүргізілетін 25 көпқабатты үйлердің эскиздік жобасы қаралды. Бұл нысандардың бірінші қабатын әлеуметтік немесе коммерциялық мақсатқа беру жоспарланып отыр. Яғни, сексен пәтерлі бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы он алты пәтер қысқарады. Бірақ мұнда мердігер көп нәрсе ұтады. Біріншіден, өз кәсібін жүргізу үшін дайын нысанға ие болады, екіншіден, мұнда инфрақұрылым бюджеттің қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұған қоса, табатын табысы тағы бар. Ал мердігер болса, осыларды ескере отырып, ғимараттың сыртқы келбетінің әсемдігіне өз үлесін қосуы тиіс. Егер мұндай ұсынысқа қызығушылар тек Жамбыл облысы ғана емес, өзге аймақтардан да табылып жатса, оған ешқандай шектеу болмайды. Оларға осында құрылыс жұмыстарын жүргізуге құқық беріледі. Аймақ басшысы сәулетшілерге бес қабатпен ғана шектелмей, тиімділікті артыру мен қаражатты үнемдеу мақсатында тоғыз қабатты тұрғын үй салу туралы ұсыныс айтты. Сонымен бірге, осы шағын аудандағы жолдардың жоба-жоспары бойынша да бірқатар ұсыныстар айтылды. Он күн мерзім ішінде жауапты басшыларға осы жиырма бес көпқабатты үйдің жобасын қайта қарау тапсырылды. Одан бөлек үш балабақша, екі мектеп, ауысымына 500 келушіге арналған емхана, 200 төсектік онкологиялық диспансер, басқа да әлеуметтік нысандар ел игілігіне беріледі. Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірде барлық қаржыландыру көздерінен жалпы көлемі 4,29 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мың адам, ал Тараз қаласы бойынша 13,8 мың адам баспана алуға кезекте тұрғанын айта кетейік.
Дереккөз: http://taraztv.kz/kz/news/society/15-shagyn-audannyn-zhobasy-karaldy