«Ақкербез» би ансамблі Әбу-Дабиде өтетін халықаралық фестивальге жолдама алды
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында халықаралық конкурстардың лауреаты «Ақкербез» би ансамблі «Баласағұн» ортадық концерт залында Әулиеата жұртшылығына «Би керуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясына қарасты «Ақкербез» би ансамбліне бүгінде алты жыл. Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлттық сахна өнері. Бұл өнер ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай мәдениетімен, тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Өңірімізде осындай қазақ билерімен қатар заманауи, ұлттық бағыттағы билерді «Ақкербез» би ансамблі дамытып, насихаттап келеді.
Концерттік бағдарлама театрланған көрініспен басталды. Ансамбль қазақтың «Ерке сылқым», орыс ұлтының «Барыня», «Яблочко», өзбек ұлтының «Хорезм», сондай-ақ ұйғыр, испан, ретро, татар, түрік, «Достық» атты жаңартылған билерін ұсынды. Кеште әнші, композитор Жандос Омаров, әртіс, Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова, заманауи әндерімен жастардың арасында топ жарған «Boysband AQQARA» тобы, Халықаралық конкурстардың лауреаты «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Балауса» циркі, облысымызға танымал жұлдыздар Жанна Асанқұлова, Құрмаш Қуанышбаев, Әлішер Балтаев, Азамат Алмереков және Динара Қыпшақ өнер көрсетті.
Сондай-ақ, би ұжымы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың және филармония директоры Сейтқасым Шерімұлының алғыс хатымен марапатталды. Шара Жиенқұлова, Болат Аюхановтардың ізін жалғастырып келе жатқан «Ақкербез» би тобы 2012 жылы құрылып, халықаралық байқауларда еліміздің атын шығаруда. Ансамбль Үндістанның Порт-Блэр аралында өткен конкурста Африка, Германия, Тайланд, Белоруссия мемлекеттерінің хореографиялық ұжымдарынан кем түспей, қазақ биін әлемге танытты.
Айта кетейік, «Ақкербез» би ансамблі 2019 жылы 1-27 қаңтар аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа мен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйымдастыруымен Әбу-Даби қаласында өтетін Халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальге қатысуға жолдама алып отыр.