Қордайда жиырма алты мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді
Жамбыл облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында соңғы 8 жылда жалпы құны 97 миллиард теңгенің 1 306 жобасы жүзеге асырылған.
Мемлекеттік бағдарламамен іске қосылған кәсіпорындардың бірі Қордай ауданында табысты жұмыс істеп тұр. Заманауи үлгідегі цехта мал еті бастапқы өңдеуден өткізіледі. Қазір экологиялық таза өнімге сұраныс артып, экспортқа шығарыла бастады. Кәсіпорын әлемдік стандарт талаптарына сай етіп салынған. Жобалық қуаты жылына 6,5 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы.
Гүлмира Әбдіжапарова, технолог:
– Бір ауысымда сексен бас ірі қара және 150 бас уақ мал етін өңдейміз. Бірінші кезекте еттің сапасына мән беріледі. Осы жерден санитарлық бақылаудан өткізіліп, арнайы тексеруден өткіземіз. Тек содан кейін барып өнім сатылымға шығарылады. Мұнда ет бастапқы өңдеуден өткізіледі. Дайын отандық өнім ел нарығына ғана емес, шетелдерге де экспорттала бастады. Қазір бұл бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіліп, өнім көлемін еселеу мақсатында қажетті инфраструктура тартылып жатыр.
Александр Баханцов, кәсіпорынның бас инженері:
– Жыл басынан бері 60 тонна ет экспортталды. Бахрейн еліне уақ мал еті жөнелттік. Қазір бірқатар мемлекетпен келіссөздер жүріп жатыр. Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігінің нарығына шықсақ дейміз. Сонымен қатар көрші Ресей елі де үлкен экспорт алаңы болып табылады.
Қайрат Мамедов, Қордай аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
– Қазір Қордай ауылынан газ құбырларын тартып жатырмыз. Ұзындығы 5,5 шақырым болады. Жоба құны 29 миллион теңге шамасында. Көгілдір отын жеткізілсе, бұл кәсіпорынға жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде өңірде экспорт көлемін арттыру мақсатында ет бағытындағы ірі қара малын өсіру қолға алынып отыр. Биыл асылдандыру шараларына 1500-ге жуық мал шетелден әкелінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бірнеше есеге артық. Айта кету керек, аймақта жиырма алты мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Онда 26 мың бас малды бірден бордақылауға мүмкіндік бар. Дегенмен жыл басынан бері экспортқа облыстан 2200 тонна еті өнімдері шығарылған.