«Сын сағаттарды жеңіп шығамыз деген сенімдемін»
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Шымкент қалалық Қоғамдық келісім КММ-і қолдау көрсетіп, қаладағы татар-башқұрт этномәдени орталығы онлайн көрме ұйымдастырды. Көрмеге татар халқының ұлттық нақыштағы киімдері, көркем әдеби кітаптары, қолөнер бұйымдары қойылды. Мұндағы мақсат – елімізде қоныс тепкен тату ұлттардың салт-дәстүріне құрмет көрсету, түрлі ұлттар арасындағы бейбіт келісімді жалғастыру, тұрақтылық символына аналған мемлекетіміздің айқын келбетін көрсету болып табылады. Мерекелік құттықтау сөз Шымкент қаласы татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі Асия Ерікқызына беріліп, ол айтулы мерекеге орай барша шымкенттіктерді жылы лебізіне орады.
Асия Ерікқызы Мухамедова:
-Біз Қазақстан халқы бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Мемлекетіміздің қоғамдық тұрақтылық және келісім аясында осында мекен ететін жүзден аса ұлттар өз тілі мен салт-дәстүрін сақтап, құрмет тұтуға мүмкіндігі бар. Мұның барлығы біздің бір-бірімізге, яғни түрлі ұлыстардың өзге де ұлт өкілдеріне сыйластықпен, достық пейілмен қарауымызға сындарлы себеп болып отыр.
Татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жұмыстарына келетін болсақ, қоғамдағы барлық іс-шараларға белсенді қатысудамыз. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастырудан да қалыс қалып жатқан жоқпыз. Өткен жылы Арыстағы жарылыс, биылғы Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де қолдан келгенше гуманитарлық көмекттерден тартынбадық.
Биылғы жыл мерекелік даталарға толы. Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, көне қаламыздың 2200 жылдық тойы. Дегенмен, дәл қазір бүкіл әлем және Қазақстан сын сағаттарда тұрмыз. Жер жүзі пандемияны бастан өткеріп, ауыр кеселмен күресуде. Біз рухы мықты елміз. Барлық ауыртпашылықтарды жеңіп шығатынымызға сенімдіміз, өйткені біздің халқымыз ғасырлар бойы мұнан да ауыр ашыршылықтар мен қуғын-сүргінді бастан кешіріп, аман қалған. Бұл сындардан да өтеміз деген үміттеміз. Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын!