Өңірде шикізаттық емес секторға салынған инвестиция 87 млрд. теңгені құрады
Жамбыл облысында құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда. Бұл туралы “Баласағұн” орталық концерт залында өткен жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет» деді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметке өңдеу секторындағы экспорттаушы кәсіпорындарға қолдау көрсетуге баса мән беруді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімі Асқар Мырзахметов:
– Шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 87 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артқанын атап өтуге болады (75,1 млрд.тг.) Ал, инвестициялардың ай сайын өсуінің оң үрдісі жеке меншік капиталының 30%-ға (68,8 млрд. теңгеден 92,2 млрд. теңгеге өсуі) өсуімен байланысты. Бұл әрине жақсы үрдіс. Қазіргі таңда облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда, – деді.
Сондай-ақ, облыс әкімі жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылатынын атап өтті.
– Жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылады. Жобалардың ішінде экспортқа бағытталған Казфосфаттың аммофос өндірісінің көлемін ұлғайту жобасын атап өтуге болады. Шикізаттық емес секторға серпінді жобаларды іске асыру үшін Елбасы шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тікелей инвестиция Қорын құру мәселесін қарастыруды тапсырды. Осы Қормен тиісті байланыс ұйымдастыру үшін, облыстағы инвестиция тарту саясатын күшейту мақсатында, биыл қайта құрылған «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» жұмысы күшейтілетін болады, – деді.
Қазір елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тікелей инвестициялар қорын құру мәселесі пысықталуда. Бұл қор анағұрлым перспективалы жобалар мен сұранысқа ие нысаналы да нақты инвестицияларды жүзеге асыратын болады. Инвестиция тартуда әлеуетті инвесторлар үшін қажетті барлық ақпаратты қамтыған сапалы инвестициялық портал маңызды рөлге ие. Бұған дейін Үкіметте бірқатар отырыстар өткізіліп, оларда маңызды мәселелер, соның ішінде инвестпортал туралы айтылды. Қазіргі уақытта бірқатар өңірлерде инвестициялық порталдарды толтыру туралы мәселесіндегі барлық ескертулер жойылды. Қалғаны биыл жылдың соңына дейін аяқталады.