Елбасы ШЫҰ елдерінің Қауіпсіздік кеңес хатшыларымен жолықты
Маусым айында Астанада өтетін саммитте Үндістан мен Пәкістан мемлекеттері үшін маңызды шешім қабылданбақ. Аталған саммитте бұл мемлекеттердің Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына кіруі туралы шешім қарастырылмақ. Бұл Азиядағы серіктестікті нығайтуға тың серпін бермек. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің қауіпсіздік кеңесі хатшыларымен кездесуінде осылай деді. Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық ұйымның нормативті-құқықтық базасы мен ұйым мүшелерінің қарым-қатынасын күшейту маңызды екенін атап өтті.
Айта кету керек, шетелдік делегаттар елордаға Шанхай ынтымақтастық ұйымының қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 12-ші кездесуіне қатысу үшін арнайы келді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының алдында серіктестік аясын кеңейту секілді жұмыстардың тұрғанын айтты. Ол үшін бірқатар маңызды міндеттерді орындау қажет екендігін де ұмыт қалдырмады.
Елбасы өз сөзінде: Бірінші міндет — барлық мәселелер бойынша қатысушы елдердің келісілген іс-қимыл танытуы. Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін беру үшін, Астанада өтетін саммитте Үндістан мен Пәкістанды ұйымның толық мүшелері ретінде қабылдауды жоспарлап отырмыз. Екінші — ШЫҰ-ның беделі мен имиджі өсуде. ҰҚШҰ, АӨСШК, БҰҰ-ның халықаралық және аймақтық ұйымдарымен ШЫҰ-ның ынтымақтастығын кеңейту қажет. Бұл ұйымның одан әрі дамуына ықпал етеді» — деді.