Индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы» дерлік жүзеге асырылып келеді. 2019 жылға дейін жалғасатын бес жылдық жоба былтыр тағы да Елбасы Жарлығымен өзектендіріле түсті. Бағдарлама аясында негізі қаланған өндірістік кәсіпорындардың игілігін халық көре бастағанды. Бұдан 2 жыл бұрын қолға алынған бастаманың мақсаты айқын: еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Алда бағындырар 4 нысаналы индикаторды бар. Алдымен еңбек өнімділігін 2015 жылғы деңгейге қарағанда 22% арттыру болса, екінші, өңделген өнім экспортының құндық көлемін алғашқы жылдағыдан 19%-ға арттыру. Үшіншіден, 2015-2019 жылдары өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 4,5 трлн теңге сомасында инвестиция тарту және соңғысы, өңдеу өнеркәсібінің энергия сыйымдылығын 2014 жылға қарағанда кемінде 7%-ға төмендету. Осындай айқын нәтижені көздеген бағдарламаның 2015 жылғы қорытындысы бойынша аталған 4 нысаналы индикатор аясында 11 көрсеткіш қарастырылған болса, 2016 жылы 3 нысаналы индикатор аясында 8 көрсеткіш бойынша жоспар орындалыпты. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, экспорттың құн көлемінің өзгеру индикаторындағы көрсеткіш 90,2% құраған. Ал бастапқы жоспардың 86% екенін ескерсек, бұл көрсеткіш айтарлықтай ұлғайған.
2016 жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,8% қысқарып, 12,7 млрд АҚШ долларына түскен. Металлургия, химия және мұнай өңдеу сияқты салаларда да әлемдік бағаның құлдырауына байланысты төмендеулер бар. Еңбек өнімділігінің нақты өсім индикаторына келсек, көрсеткіш 131,7% болған. Ал жоспар – 101,3% құрайды. Былтырғы қорытынды, 2015 жылмен салыстырғанда, девальвация салдарынан ақшаға шаққанда 44,4 мың доллардан 38,9 мыңға дейін төмендеді. Бұл жалпыәлемдік тренд екенін айта кету керек. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі индикаторы бойынша 834,1 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардағыдан 81 млрд теңге шамасында артық.
«Өңдеу секторына бағытталған қаржы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 8,8 млрд теңгеге бағаланып, 1,1%-дық өсім көрсетті. Нақты көрсеткіш 3,3% қысқарды. Өткен жылдың 9 айында ғана өңдеу өнеркәсібіне 2,6 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл бұрынғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 есеге артық», дейді министрЖеңіс Қасымбек.
Былтыр жоспарланған бағдарламадағы 10 жобаның 8-і орындалған. Нәтижесінде, дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен тиімді базалық индустрияны құруды аяқтау бойынша елдің 7 аймағында қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және кеңейтуде жалпы сомасы 68,7 млрд теңгеге жуық 10 жоба жүзеге асырылыпты.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде: Ірі салаларға негіз болатын жобаларды жүзеге асыру арқылы индустриялы өркендеудің жаңа нысандарын ашу аясында өңдеу өнеркәсібінің металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриясы сияқты негізгі 4 секторында жалпы сомасы 154,9 млрд теңгеге 6 жаңа ірі өндіріс құрылды. Сондай-ақ, ірі жобаларды іске асыру үшін «Global-2000» жоспарына енгізілген компаниялар тізімінен 7 инвестор тартылды. Биыл бағдарламада көрсетілген 2 жаңа ірі өндіріс ошағын құруды бастамақпыз, – дейді. Олардың қатарында Павлодар облысында орналасқан «Проммашкомплект» деп аталатын темір жолда қолданылатын доңғалақ өндірісі кешені мен Сыр бойындағы шыны өндіру зауыты. Жоғары тиімді индустриялық кәсіпкерліктің қалыптасуына қолайлы жағдай жасау мақсатында еліміздің 13 өңіріндегі 46 кәсіпорынға еңбек өнімділігін арттыру үшін жалпы сомасы 379,9 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде өткен жылы бағдарлама индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 84,6% құраған. Ал индустриялық-инновациялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өңірлер бөлінісінде мынадай динамика байқалады: өңдеу өнеркәсібі өндірісінің нақты өсімі 12 өңірде бар. Үздіктер қатарында 115,8% көрсеткішпен Ақтөбе облысы, одан сәл төмендеу көрсеткіштегі (115%) Қызылорда облысы және 110,9 %-дық өсімге қол жеткізген Маңғыстау облыстары тұр. Ал еңбек өнімділігі барлық өңірлерде байқалады. Ең көп өсім Ақмола (1,9 есеге), Маңғыстау (1,7 есеге), Ақтөбе және Жамбыл (1,6 есеге) облыстарында. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 өңірде айтарлықтай артқан, соның ішінде ең көп өсім Жамбыл (3,8 есеге артқан), Солтүстік Қазақстан (2,9 есе), Алматы (1,2 есе) облыстарында.
Тағы бір атап айтарлығы, индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғалы бері жалпы құны 4,7 трлн теңге болатын 1028 жоба жасақталып, іске қосылыпты. Бағдарлама нәтижесінде 97 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаның нәтижелі жүргізіліп, нақты жемісін берген кезең ретінде өткен жылды айта кеткен жөн. Бұл реттегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіштерді өңдеу өнеркәсібі саласынан байқауға болады. Мысалға, 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңгенің 130 жобасы іске қосылған болатын. Бұл дегеніңіз 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнының құрылғандығын айғақтайды. Осы іске қосылған жобалар бойынша жыл ішінде жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден асатын өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 12,7 млрд АҚШ долларын құрайды.