Шымкент өмір сүруге қолайлы заманауи мегаполиске айналады
Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан орнықты дамудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты мен табанды түрде жүргізген реформаларының нәтижесінде қол жеткізгеніміз анық. Бүгінде ел дамуындағы осынау жасампаз бағытты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық жолы арқылы жалғастырып келеді. Ал еліміздегі көшбасшы партия сындарлы сәттерде әрдайым халықтың жанынан табылады. Біз Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтеновке партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының өңірде жүзеге асуы бойынша сауал жолдағанбыз.
– Мұрат Дүйсенбекұлы, партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы өңірде қалай жүзеге асып жатыр?
– Елімізді дамытудың Елбасы белгілеген ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асыру жолында «Nur Otan» партиясы шешуші рөл атқарды. Ол – жалпыхалықтық қолдаудың арқасында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, мойнына алған міндеттері мен сайлаушыларға берген уәделерін жауапкершілікпен орындап келе жатқан саяси ұйым. Партия өз қызметінде әрдайым тұрғындар талабының үдесінен шығуға, халықтың барлық топтарының мүддесін қорғауға және билік пен бұқара арасында алтын көпір болуға күш-жігерін жұмылдырып келеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қоғамы түбегейлі жаңарды. Бүгінде өткенін қастерлей білетін, білімді, талантты, креативті азаматтардың тұтас бір буыны өсіп-жетіліп, өзіне ғана тән бірегей мәдениеті мен болмысы бар жаңа ұлттың негізін қалады.
Осылайша, 30 жылдың ішінде елімізде көп нәрсе өзгергенімен, мемлекеттік саясаттың және «Nur Otan» партиясы қызметінің басты қағидаты өзгерген жоқ. Ол – дамудың эволюциялық жолын ұстана отырып, демократиялық, гүлденген, бәсекеге қабілетті, әлеуметтік мемлекет қалыптастыру және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту. Бұл баршаға түсінікті және әр азаматтың жанына жақын құндылықтар деп ойлаймыз.
Республикалық маңызға ие қала атанған Шымкент ендігі жерде еліміздің қаржылық, экономикалық және мәдени орталығына айналуы тиіс. Біз өз қаламызды еңбек ету мен демалуға, өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі табысты шаһар еткіміз келеді.
Еліміздің үшінші мегаполисіндегі өз жұмысында «Nur Otan» партиясы шымкенттік әрбір азаматтың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, қарапайым тұрмыстық мәселеден бастап, едәуір ауқымды проблемаларды шешуге ұмтылады.
– Мұрат Дүйсенбекұлы, осынау сайлауалды бағдарлама аясында өңіріңізде 10 басымдық бекітілгенін білеміз. Еліміздің үшінші мегаполисінде нендей бағыттарға басымдық берілді?
– Иә, сайлауалды бағдарламаны уақытылы әрі толық орындау мақсатында Шымкентте 10 басымдық пен 149 нақты іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Біз басым бағыттардың қатарына өзіміздің өңірге тән тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамыту, экономикалық әлеуетті жақсарту, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, шалғайдағы елді мекендерді көркейту, экологиялық ахуалды жақсарту, жол және көлік құрылымы, қоғамдық қауіпсіздік, жастарды қолдау және қаланы цифрландыруды енгіздік. Осынау жұмыстарды іске асыруға 5 жылда 1,3 триллион теңге жұмсалады деп жоспарланған. Жол картасындағы индикаторлардың орындалуын бақылауға партияның қалалық мәслихаттағы фракциясының барлық мүшелері жауапты етіп бекітілді. Сондай-ақ Елбасы қаулысына сәйкес, партия филиалының жанынан 11 аймақтық қоғамдық кеңес құрылды. Бүгінде бұл кеңестер өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Нәтижесінде, «Nur Otan» партиясы сайлаушыларға жыл басындағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының алдында берген уәделерін кезең-кезеңімен әрі сапалы орындай бастады. Мәселен, сайлауалды бағдарламадағы «Экономикалық әлеуетті жақсарту» бағыты бойынша, бүгінде қала аумағында ауданы 743 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Осы аймақта 267 млрд теңгеге 187 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазір аталған индустриалды аймақтар зауыт-фабрикаларға толған. Онда жаңа кәсіпорындар салатын бос жер жоқ. Сондықтан қалада жаңадан 4 индустриалдық аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
– Еліміздегі көпбалалы отбасылардың басым бөлігі Шымкент қаласында тұратыны белгілі. Қалада баспана кезегінде тұрғандар да көп. Бекітілген басым бағытта тұрғын үймен қамту жайы қаралған. Осы мәселені шешудің қандай жолы қарастырылуда?
– Бүгінде Шымкент қаласында 258 мыңнан астам отбасы өмір сүреді. Оның шамамен 25 мыңы көпбалалы отбасылар. Дана халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім» деген тәмсіл бар. Баспана – әрбір отбасының қуанышы мен шаттығының, мәнді де берекелі ғұмырының бастауында тұрған құндылық. Сондықтан «Nur Otan» партиясы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге айрықша назар аударады.
Сайлауалды бағдарламада белгіленген міндетке сәйкес, 2025 жылға қарай Шымкент қаласындағы тұрғын үй қоры әрбір азаматқа шаққанда 27 шаршы метрге жеткізіледі. Соның ішінде 2021 жылға 4 664 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 29,2 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға – 160 пәтер, ал көпбалалы аналарға 148 пәтер табысталды.
Сапалы білім мен саналы тәрбие алған жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі десек, «Nur Otan» партиясы қалада білім беру саласын дамытуды да өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген. Жүйелі жұмыс пен жіті партиялық бақылаудың арқасында бүгінде Шымкент мектептеріндегі орын тапшылығы мен 3 ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Нақты айтсақ, биыл Шымкентте жеке инвесторлар тарапынан 10 794 орындық 21 мектеп, ал бюджет есебінен 1 920 орындық 4 мектеп ашылды. Жалпы, биыл 12 714 орындық 25 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Осылайша, биыл 3 ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін азайып, апатты жағдайдағы білім ұяларының мәселесі толығымен шешілді.
Әлеуметтік саланың бірі – медицина. Медициналық қызметтің сапасын арттыру және денсаулық сақтау нысандарын халыққа қолжетімді ету — пандемия жағдайындағы маңызды міндеттің бірі. Сол себепті денсаулық сақтау саласын дамытуға тек бюджет қаржысын жұмсамай, сонымен бірге жеке инвесторлар көптеп тартылуда. Мәселен, биыл Шымкентте жеке инвесторлар 5 медициналық орталық (Модульді жұқпалы аурулар ауруханасы, «Қазығұрт» клиникасы, Asem Medikal медицина орталығы, Sunkar Premium медицина орталығы, №14 емдеу орталығы) ашып, тағы 3 медициналық мекеменің күрделі жөндеу жұмысын аяқтады.
Одан бөлек, қаладағы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінді. Бұл денсаулық сақтау ұйымдарының қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткішін 75,1 пайызға жеткізуге жол ашты.
Ұрпақ саулығы – ұлттың басты байлығы. Ал саламатты ұрпақ өсірудің бірден-бір тиімді жолы – бұқаралық спортты дамыту. Сондықтан «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге де тиіс орын берілген. Биыл сайлауалды тұғырнаманың «Бұқаралық спортты дамыту» бағыты бойынша Шымкентте 7 стрит-воркаут алаңшасы ашылды. Сондай-ақ бюджет есебінен – 101, демеушілер есебінен 14 спорт алаңшасын ашу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы, Шымкентте қазір 37 спорт секциясы жұмыс істеп тұр. Биыл жеке инвесторлар есебінен 1 200 орындық 2 спорт кешені ашылды.
– Шымкент осыдан 3 жыл бұрын миллионды қала атанды. Оған көршілес жатқан елді мекендердің қалаға енуінің де үлесі болғанынан хабардармыз. Дегенмен бүгінде осынау шалғай елді мекендердің инфрақұрылым жағдайы әлі де мәз емес. Бұл мәселелердің шешімі қай уақытта табылады?
– Қала экономикасының орнықты дамуы инфрақұрылымды жетілдіріп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда сайлауалды бағдарламаның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту» бағыты бойынша халықты сапалы сумен қамту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып отыр. Биыл бюджеттен 16 миллиард теңге бөлініп, 3 магистралды және 11 ішкі орамдық ауызсу құбырының құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, суды тасымалдап алып отырған 7 елді мекен және жартылай қамтылған 2 елді мекенде ауызсу мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі. Жоғарыда аталған 9 елді мекенде 26 мың адам өмір сүретінін ескерсек, биыл Шымкенттегі тұрғындарды ауызсумен қамту көрсеткіші 98 пайызға дейін жетеді.
Кәріз жүйесінің 3 магистралды және 10 ішкі орамдық құрылысына 6,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 18 мың қала тұрғыны орталықтанған кәріз жүйесіне қосылып, қамту деңгейі 54 пайызға жететін болады.
Электр желісі бойынша 3 қосалқы станса салуға және 14 елді мекенге электр желісін тартуға 9,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар биыл тамыз айында қаланың 250 мың тұрғынын қамтитын «Бозарық» электр стансасы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 21 мыңнан астам халық сапалы электр қуатына қол жеткізіп, қамту деңгейі 97 пайызға жетеді.
Осы жылы №3 автоматтандырылған газ тарату стансасының (АГРС) құрылысын аяқтауға 2,4 млрд теңге, ал 12 елді мекенге газ құбырын тартуға 3,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы, Шымкентте халықты ауызсумен және табиғи газбен қамту мәселесі 2023 жылға дейін, ал сапалы электр қуатын жеткізу мәселесі 2025 жылға дейін толығымен шешіледі деп жоспарланған.
Жолдар қашанда экономиканың күретамыры болып саналады. Әсіресе, Шымкент секілді жылдан-жылға дамып, қанатын кеңге жая бастаған қала үшін сапалы жолдар мен дамыған инфрақұрылым мәселесі өте маңызды. Биыл бұл бағытқа 33 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 18 нысанда құрылыс және қайта құру, тағы 160 көшеде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 63,6 пайызға дейін көтеріледі. Соңғы үш жылда, биылды қоса есептегенде 853,5 шақырым жол төселген. Тұрғындар бұрын мұнша жолдың 10 жылда салынғанын жақсы біледі.
Шаһардың көлік инфрақұрылымын сөз еткенде Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында салынып жатқан заманауи жолайрықты айналып өту мүмкін емес. Жақында Д.Қонаев даңғылындағы тоннель бөлігі пайдалануға берілді. Бұл нысандағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Одан бөлек, 590 жаңа автобус сатып алынып, қаладағы қоғамдық көліктер толығымен электрондық билет жүйесімен қамтылды.
– Қоғам қауіпсіздігі қашанда маңызды. Бұл бағытта, әсіресе жастарға қандай жағдай жасалып жатыр?
– Қалада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатқаны рас. Сайлауалды бағдарламаның «Қоғамдық қауіпсіздік» бағытында белгіленген міндеттерді орындау үшін биыл 3 740 бейнебақылау камерасын орнатуға бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінген. Қазір камераларды орнату бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қаладағы барлық мектепте ішкі бейнебақылау камералары орнатылған және 4 аудандық Полиция басқармасының жанынан «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашылды. Сондай-ақ 356 көше мен ауланы жарықтандыруға бюджеттен 375 млн теңге бөлінгенін де айта кеткен жөн.
Шымкент – жастар қаласы. Ал жастар – ел болашағы. Қалада 270 мыңнан астам жастар бар. Яғни, қала халқының 26 пайызы жастар деген сөз. Осыған орай «Nur Otan» партиясы жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл жас кәсіпкерлерді қолдау үшін 350 млн теңгеге 600 грант бөлінді. Ал жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 900 пәтер сатып алуға 11,3 млрд теңге қаржы қарастырылып, бүгінде 300 пәтердің кілті жастарға табысталды. Сонымен қатар биыл студенттерге арнап 1 500 орындық 4 жатақхана салынды.
Жалпы, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауға Шымкент қаласы бойынша 2021 жылы 292 млрд теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде бюджеттен 206,9 млрд теңге, ал жеке инвестор есебінен 84,7 млрд теңге тартылады.
«Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Оның өңірлік сайлауалды бағдарламасы мемлекетіміздің ұзақмерзімді стратегиялық бағытының және қарқынды жүргізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы. Ол елімізді жаңғырту мен барша қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, Шымкентті өмір сүру мен жұмыс істеуге және демалуға қолайлы заманауи мегаполиске айналдыруға бағытталған.
Біз бүгін осынау маңызды бағдарламаны орындаудың алғашқы нәтижелерін баяндап шықтық. Келер жылы осы жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасатын сөзсіз. Алдымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі жақындап келеді. Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Өйткені біздің Отанымыз – Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты.
Дербес дамудың осынау жасампаз жолын жалғастырып, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы алдымызға көлденең тартқан сын-қатерлерді еңсеруде Тұңғыш Президент – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы тағы да шешуші рөл атқарып, барша қазақстандықтардың күш-жігерін елдік мақсаттың төңірегінде шоғырландырары талассыз. Күншуақты Шымкент қаласының халқы бұл іске жан-жақты қолдау көрсетері анық.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы