Салтты құрметтеу парызымыз
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 25 ЖЫЛ
Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы қазақ халқының салт-дәстүрі, соның ішінде ұмытыла бастаған ғұрыптарды жастарға қалдыру мақсатында бейнероликтер дайындады. Мәселен, бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды. Бұл ойын түрі негізсіз емес. Оның астарында үлкен мән, тарих бар. Бастаңғы – «бас» пен «таңғы» деген екі сөзден құралған. Қазақ дәстүрінде ұзақ сапарға шыққан жолаушы басын матамен таңып алатын болыпты. Сондықтан бастаңғы жастардың танысуы, ғашықтардың көрісуі ғана емес, бұл жолаушы болып ұзақ сапарға кеткен жақындарының тілеуін тілеген жастардың басқосуы деген мағынаны білдіреді. Бастаңғының екі түрлі тәрбиелік мәні бар. Алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу, қонақ күте білуге баулу. Енді бірі — қызды қазан-аяқ ұстауға, дастарқан жасай білуге үйрету.