ШЫМКЕНТТЕ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІНЕ ОРАЙ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Шымкентте «31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде осы тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Бейнебайланыс арқылы өткен іс-шараға Шымкент қаласы мәдениет басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Ә. Сейдехан және Ә. Сандыбаевтың ұрпақтары, тарихшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысты.

Жиында сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Қашқынқызы Алаш қайраткерлері мен олардың әйелдерінің Алжир түрмесіндегі ауыр тағдырларына тоқталды.

– 1937-1938 жылдардағы оқиға қазақ зиялыларына ауыр тиді. Ұлтымыздың бас көтерер азаматтары жалған жаламен солақай саясаттың құрбаны болды. Халқымыз дарынды, білімді тұлғаларынан айырылды. Алжир Карлагтың 26-шы нүктесі болған. Мұнда көрнекі ғалым және зиялы қауым өкілдерінің әйелдері мен балалары болды. Алжир туралы жазылған кітаптар, тарихи деректер бар болғанымен, бұл бағыт әлі де терең зерттеуді қажет етеді,- деді ол.

Іс-шара барысында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Кемеңгер Қайырбек бейнебайланыс арқылы «Алаш жолы — ұлттық идея негізі» тақырыбында ой толғады. Дөңгелек үстелде тарихшылар, ғылыми қызметкерлер қазақтың біртуар азаматтарының өмірі мен қайраткерлігін таныту мақсатында әлі де ауқымды жұмыстардың қолға алынып, атқарылуы қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, музей қорында 16 мың құжат жиналған және қуғын-сүргінге ұшыраған 4057 адамның тізімі бар.

Фото: Самат Мырзалиев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444