ШЫМКЕНТ: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТӘРТІБІН БҰЗҒАН 9 АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Шымкентке кіре беріске қойылған блок бекеттерде төтенше жағдай режимин бұзған үш жағдай анықталған. Қазір оның біреуі соттан өтіп, қалған 2 жайт бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданған.
Жалпы қала аумағында 18 блокбекет жұмыс істеп тұр. Ол жерлерде 669 қызметкер 3 ауысыммен тәулік бойы қызмет етуде. Оның ішінде 237 полиция қызметкері, 168 қарулы күштер, 60 Ұлттық ұлан сазбаздары бар. Бекеттерге 204 медицина мамандары жұмылдырылған. Барлық бекеттер бейнебақылау камералары мен дрондармен қамтамасыз етілген.
Уақытша шектеу кезінде бір ғана Қаратау ауданы арқылы қалаға жолсыз кірмек болған 150 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылған.
Шымкент қалалық полиция департаменті ұсынған мәлімет бойынша шектеу кезінде қала аумағында тәртіп бұзғаны және санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 580 тұлғаға хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. 9 тұлға әкімшілік қамауға алынып, 1 тұлғаға айыппұл салынған.
2020 жылғы 4 сәуір сағат 21.00-ден бастап қала аумағында карантин жарияланды. Осыған байланысты, қалаға көліктер мен жаяу жүргіншілердің кіріп-шығуына тиым салынады. Полиция қызметкерлері шектеулердің орындалуын қадағалайды және бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Белгiлеген шектеулерді бұзу немесе талаптарды орындамаған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартады.