ШЫМКЕНТ: МАМАНДАР ТЖ РЕЖИМІНДЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ АЛУ ЖОЛДАРЫН ТҮСІНДІРДІ
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов, «Қазпочта» АҚ филиалы директоры Б.Ысқақ, «Халық банкі» қалалық филиалы басшысының орынбасары А.Досымбекова қатысты.
Өз сөзінде қала әкімінің орынбасары зейнетақылар мен жәрдемақылардың уақытылы берілетінін айтты. Сондай-ақ, шымкенттік 100 мыңнан астам зейнеткердің «Халық банкі» мен «Қазпочта» арқылы ай сайын зейнетақы алатынын жеткізді.
– Қала аумағындағы банк бөлімшелері штатты режимде таңғы 09.00 мен 18.00 аралығында тұрақты жұмыс істеуде. Зейнетақылардың алғашқы бөлігін бүгін аудардық. «Халық банктің» 176 банкоматында қаржы жеткілікті, — деген А.Досымбекова ақшаны қолма қол алатын зейнеткерлерден қашықтықтан 7111 нөміріне хабарласу арқылы тегін зейнетақы карточкасын аштыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, банк бөлімшелерінде санитарлық нормалардың қатаң бақылауға алынғанын айтып, маскалық режим бойынша жұмыс істелініп жатқанын жеткізді.
Қалыптасқан жағдайға байланысты «Қазпочта» акционерлік қоғамының 35 филиалы 65 жастан асқан азаматтарға зейнетақыларын үйлеріне жеткізіп бермек. Бұл туралы хабарлаған «Қазпочта» АҚ филиалының директоры Б.Ысқақ зейнеткерлердің почта бөлімшелеріне телефон шалып, өтінім берсе жеткілікті екендігін айтты.