Нунофелтингті меңгерген Лариса
Қазақстан Халқы Ассамблеясы 25 жылдық мерейтойына орай славян этномәдени орталығында ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесіне қатысқан нунофелтинг шебері Лазарева Лариса өз тәжірибесін ортаға салды.
Лариса Лазерова таза жүннен түрлі бұйымдар, соның ішінде сыртқы киім, жейде, белдемше, көйлектер тігумен айналысады. Бұл өнерге кездейсоқ келгенін айтады. –Бір күні жүннен жасалған бұйымдар туралы видео-ролик көріп қалдым. Маған қызық, әрі тартымды көрінді. Неге десеңіз, олар сондай қайталанбас дара бұйымдар. Содан соң менің алдымнан осы жүннен жасалатын бұйымдар жөнінде жазылған тақрыптар, видео сабақтар жиі кездесе бергендіктен, шын қызығушылығым оянды. Мен бұл өнерді сүйіп қалдым десем болады. Ақыры онлайн мастер класқа жазылып, білікті шеберлерден сабақ алып шықтым. Тәуекел етіп, өздігімнен жасап көрмекші болдым. Қазір төрт жылдан асты, өзімнен қолымнан шыққан бұйымдарға жұрттың көңілі толған сайын одан бетер ізденіп, өнерімді жалғастырып келемін, — деді Лариса.
Ол таза жүннің қасына марвел жібегін қосып, ерекше көйлектер тігетінін, мұндай эксклюзивті тауарларды айрықша құрметтейтін адамдар барын айтты. Бұл өнерге келу үшін көптеген тәжірибеден өткен. Ол тауар сапалы шығу үшін бір видео-сабақты 600-700 мәрте қайталап көруге тура келген.Технологияны меңгеру оңай емес. Алдымен жібек пен жүнді бояп, содан соң кептірудің өзіндік қыр-сыры бар. Ал, шикізатты Мәскеуден, Қостанай, Тараз қалаларынан алатынын жеткізді.
Лариса Лазерова: — Бұл жұмыс нағыз еселі еңбекті қажет етеді, тер төгу қажет, дайындап болған кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын.