АҚПАРАТТЫҚ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ШТАБТЫҢ ЖҰМЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ ӨКІЛДЕРІНЕ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларымен жиын ұйымдастырды.
Кездесу барысында Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты қалалық емхананың лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аясында ұсыну қаралды.
Дөңгелек үстелге Департамент басшысы А.Жұмағали, басшының орынбасары К.Қабылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері және ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері қатысты.
Жиын барысында Департамент басшысы А.Жұмағали Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтың мән-маңызына тоқталды. Бұл заңға сәйкес басшылар бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті. Ал, міндет орындалмаған жағдайда басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын болады.
Кездесуде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің мән-жайлары мен себептері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың проблемалық мәселелері түсіндірілді.
Ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды енгізуге назар аударды.
Отырыс қорытындысы бойынша заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, сонымен қатар, алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау бойынша шараларды қабылдау ұсынылды.