1700 тонна өнім өндіретін кәсіпорын
Оңтүстік Қазақстан облысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде құны 9,4 миллиард теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылды. Атап айтқанда «Рахат Шымкент» Жауапкершілігі шектеулі серіктестіні вафельді түтікшелер өндірісін ұйымдастыру жобасын іске қосқан болатын. Тәтті нарығында ойып тұрып орын алатын кәсіпорынның бүгінде асығы алшысынан түсіп тұр. Өніміне сұраныс жоғары. Жоба құны 850 миллион теңге болатын кәсіпорын жылына 1700 тонна өнім өндіреді. Заманауи оңтүстіккореялық технологиялар қолданылатын зауытта 28 жаңа жұмыс орны құрылды. Аталмыш өндіріс орнында вафельді түтікшелерден бөлек дәмі бал татитын кәмпиттің неше атасы, вафли, шокаладты печеньелердің сан алуан түрлерін нарыққа шығаруда. Ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай бүгінде алыс та жақын шетелдерге де экспортталуда. Алдағы уақытта өнім түрлерін түрлендіру де жоспарларында бар. Ол үшін шетелде білімін жетілдірген технологтар тер төгуде. «Рахат» брендіне сұраныс түсірушілер қашанда толастамаған. Бүгінгі күні де әлемнің әр түкпірінен сұрау салғандардың қатары артып отыр. Алдағы уақытта жұмыс орнын да, өнім көлемін де арттыруды жоспарлап отыр.