Индустриалдық аймаққа барар жол аумағы көріктендірілуде

Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардың атқарып отырған толымды істері жетерлік. Енді аталған аумақтарға апарар жолдардың да жәйі назардан тыс қалып отырған жоқ. Облыс мәртебесі өскелі, жан-жағы жиналып, жолы түзеліп, көріктендіріліп жатыр. Қаланың индустриалды аймағына барар жолдың бойында көріктендіру жұмыстары қызу жүргізілуде деп хабарлайды otyrar.kz. Қаланың коммуналдық қызметіне жауапты мекеме жұмысшылары жолдың ортасындағы алаң мен жиектерін көгалдандыруға кіріскен.Бақтияр Шыршықбаев, жұмысшы: «Жұмысты бастағанымызға біраз болды. Жолдың бойындағы ескі топырақты алып тастадық. Енді, міне, жаңа топырақты тегістеп, шым егуге дайындаудамыз». Жасыл желекті суғаратын жүйе де қарастырылған. Тартылған құбырдағы тетіктер мен бұрамалар суды үнемдеуге мүмкіндік береді дейді коммуналшылар. Ұзындығы 3 шақырым жолдың бойындағы қураған бұталар кесіліп, ағаштар ретке келтірілмек.Мұндай санитарлық шаралар қарағаштардың ұзақ мерзім сақталуына оң әсерін тигізеді дейді сала мамандары. Бұдан бөлек топырағы жаңаланған жерлерге гүл отырғызу жоспарланған.Талғат Юсупов, агроном: «Қиылыстарда біржылдық түрлі- түсті гүлдер отырғызылады. Күтімі «Байтерек ЛБ» серіктестігі жұмысшыларының мойнында. Жолдардың тоғысқан жеріндегі  алаңда раушан гүлдерді түбімен алып тастадық. Олардың орнына да біржылдық  гүл отырғызамыз». Өндірістік аймаққа барар жол кеңейтілуде, ені 8-8,5 метрді құрайды. Күре жолдың бойында жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444