«Дала сарқыны сарқылмайды» атты рухани-этнографиялық шара өтті

Шымкент қаласы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қазақтың көне ұлттық музыка аспаптарының тарихынан, оның бүгіні мен ертеңі, даму жолынан сыр шертетін «Дала сарқыны сарқылмайды» атты рухани-этнографиялық шара өтті. Бұл шарадағы мақсат – халқымыздың көне музыка мәдениетінің даму тарихынан бастап, ұмыт болған көне аспаптарды дәріптеу. Халқымыздың музыкалық қазынасы ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра. Этномузыка мамандары ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Сайлаубек Жақсыбеков аспаптардың тарихынан сыр шертіп, қызықты тың мәліметтерімен бөлісті. Қолданбалы өнердің хас шебері Мұхтар Атахан шаңқобызда табиғат пен саз үндестігін жеткізсе, жетіген аспабын меңгеріп жүрген К.Жеңісқызы, №1 және №2 саз мектебінің қызметкерлері мен оқушылары шертер әуезімен ортекені орғыта билетті. Сондай-ақ саз мектебінің оқушылары сыбызғы, сырнай, нарқобызда Қорқыт сарынымен толғап, көрермендер қошеметіне бөленді. Талай жасқа ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз Анашев Марат шәкірті Шыңғыс Исамен төкпе күйлерін төкті.
Іс-шараны қорытындылай келе орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Ж.Тағаев бұл шараның маңыздылығына тоқтала келе ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, рухани мұралардың сақталуы мен оның насихатталуын, кең таралуына ықпал жасау-әрбіріміздің парызымыз,-деп атап өтті.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444