Қазақстан –  Үндістанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі

ЕХРО көрмесінің аумағында Үндістан мемлекетінің ұлттық күні өтіп жатыр. Үндістанның ұлттық күнін мерекелеу жаңа ғана басталды. Екі елдің мемлекеттік тулары көтеріліп, ән ұрандар шырқалды. Сахна төріне еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов шығып құттықтау сөзін сөйледі. Үндістан тарапынан ЕХРО көрмесіне ел делегациясын басқарып, Қазақстандағы елші Харш Кумар Джайн келді. Кейін ұлттық сахнада үнді елінің Раджбахар тобы би орындады . Қазақстанда Үндістан мәдениетіне әуес жандар көп болғандықтан, мұндай көрініс көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз. Ал кейін қалыптасып қалған дәстүр бойынша делегациялар мен шараға шақырылған қонақтар ұлттық павильонға барып, жергілікті экспозициялармен танысады. Жалпы өздеріңіз білетіндей, Үндістанда ғылым саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде баламалы энергетикаға баса назар аударылып отыр. Себебі елдің ауылды аймақтарында тұратын халықты электр энергиясымен қамту алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі болып тұр. Сол себепті кезінде Үндістан билігі халықаралық күн альянсын құруды жөн көрді. Мұндағы басты мақсат – әлемдік энерготиімділік нарығында нормативтік құқықтық базаны құру болып табылады. 2030 жылға дейін жергілікті үкімет баламалы энергия өндірісін 400 гигаваттқа дейін жеткізуді көздеп отыр. Жел энергетикасын өндіруден де мемлекет әлемде көш бастап келеді. Осы жетістіктер жайлы толық ақпарат ұлттық павильонда бар.


Бүгінде біздің елімізде Қазақстан мен Үндістанның 492 бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Қазақстан –  Үндістанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі. Біздің көп мүддеміз ортақ, экономикалық және саяси даму бағыттарымыз ұқсас. Көптеген халықаралық мәселелер, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік, коммуникация мен интеграция, сондай-ақ БҰҰ-ға реформа жүргізу мәселелері жөнінде елдеріміздің ұстанымы үндеседі. Бұған дейін екі ел арасындағы, яғни «Сәтбаев» мұнай блогында барлау мақсатындағы бұрғылаудың басталуы мен 2015 – 2019 жылдары Үндістанға 5 мың тонна уран жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қою – энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жүйелі дамуының дәлелі.  Қазақстан мен Үндістан қарым-қатыснасында ақпараттық технологиялар, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы және фармацевтика салаларындағы бірлескен жұмыстар бар.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444