ТЕКСЕРУШІЛЕРГЕ ТҰРУ ЖӘНЕ ТАМАҚТАНУ ШЫҒЫНДАРЫНА БЮДЖЕТТЕН ЖЕТКІЛІКТІ ҚАРАЖАТ БӨЛІНЕДІ
Бүгін 11 қараша күні Түркістан облысы бойынша Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жиын өтті.
Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Төлегенқызы Гүлмира сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістер, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті.
Бұған қоса, Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан Жобалар мен Департаментпен кең көлемде жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, қоғамда тамыр жайған әлеуметтік дертпен күрес жүргізу бастамасын әр отбасынан бастауды және қызметшілерді адал және қарапайым болуға шақырды.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық фактілері, құқықбұзушылықтар байқалған жағдайда тәулік бойы қызмет ететін 1424 сенім телефонына қоңырау шалу қажеттігін ескертіп, жемқорлыққа теріс көзқарас қалыптастыратын арнайы бейнероликті қатысушылар назарына ұсынды.
Г.Төлегенқызы тексеру комиссиясы қызметкерлеріне мекемелерге тексеруге барғанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында сол мекеменің қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, яғни әрбір іссапар үшін тексерушілерге тұру және тамақтану шығындарына бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінетінін айтып, ұжым арасында заңсыз қаражат жинаудың алдын алуды ұсынды. Бұл ұсыныс тексеру комиссия басшылығының тарапынан қолдау тапты.