Еріктілер «Нұрлы жол» вокзалы қызметкерлеріне көмекке келді

«Нұрлы жол» вокзалында жолаушыларға көмек көрсету үшін 60 ерікті жұмыс істеуде. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, еріктілер Астанаға келген қонақтарды жылы қарсы алып, билеттердің сатылу жайын түсіндіруде, сондай-ақ қонақүйлерге жету, такси шақыру секілді қызмет түрлеріне кеңес беруде. Оның ішінде, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы ақпарат беруге үлкен көңіл бөлінген. «Осындай шараны ұйымдастырудың нәтижесінде Астана туристер қызығатын қалаға айналды. «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалы — қала қонақтарын алғаш күтіп алатын нысан», — дейді «Нұрлы жол» вокзал кешенінің директоры Дінмұхамед Құсайынов. «Еріктілер арнайы дайындықтан, тіл үйрену курстарынан өткен. Қазақстанның басты қаласындағы жаңа вокзалда қызмет етіп жүргенімізді мақтанамыз», — дейді еріктілер тобының супервайзері С. Әбілова.

Сондай-ақ, көрмеге келген шетелдік қонақтар елордалық полицейлерге біріккен үйлесімді жұмыстары үшін алғыс білдіруде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Халықаралық көрме басталғаннан бері оннан астам шетелдік қонақтар тәртіп сақшыларына алғыс білдірген, деп хабарлады медиа орталық тілшісіне ІІД баспасөз қызметінің басшысы С.Қылышбекова.

Күні кеше «Mega Silk Way» сауда-ойын сауық орталығында полицейлер қызметін атқару барысында қымбат зергерлік бұйым тауып алып, жедел иесін анықтаған.

«Қымбат металлдан жасалған білезікті ҚХР азаматшасы абайсызда жоғалтып алған. Қажетті процессуалды іс-әрекеттер жүргізілгеннен кейін сәндік бұйым қайтарылған», — деді С.Қылышбекова.

Естеріңізге салайық, бұл шетелдік қонақтардың тәртіп сақшыларына білдірген алғашқы алғысы емес. Мысалы, полицейлер адасып, қалааралық автобуспен Астанадан өтіп кеткен ағылшын азаматшасын қонақ үйге дейін жеткізген, сонымен қатар, Испанияның екі азаматына таксиде ұмытып кеткен жүгін қайтаруға көмектесті.

«Полицейлердің біріккен, жүйелі жұмысының арқасында көрме алаңында бірде-бір криминалдық жағдай тіркелген жоқ,- деп түйіндеді С.Қылышбекова.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444