АЗАМАТТАРДЫҢ ПАРА ҰСЫНУЫ — ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТУЫНДАУЫНА ТІКЕЛЕЙ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Бүгін  Қазақстан  Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы «Пара беру – заңмен жазаланады»  тақырыбында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

Баспасөз конференциясында  Ғ.Асанұлы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу  мақсатында облыс көлемінде 505 мыңнан астам адамды қамтыған 2 537 іс-шара ұйымдастырылғанын, оның ішінде 529-ы  — түсіндіру жұмыстары, 1908-і — білім беру ұйымдарындағы бірыңғай сағаттар болғандығын атап өтті.

Түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілгеніне, қазіргі таңда көрсетілетін қызметтердің басым көпшілігі электронды  түрде ұсынылатынына қарамастан, 2019 жылдың 9 айында лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша 7 қылмыстық іс тіркеліп, оның 5-і сотқа жолданғандығы және сот үкімімен 3 тұлғаға қатысты айыптау жазалары қолданылып жатқандығы баяндалды.

Өз кезегінде  Ғ.Асанұлы жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі Қылмыстық кодекске сәйкес, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келетіндігін  жеткізді.

Бұл тұрғыда,  пара алу деректері тек  халықтың пара ұсынуы арқылы іске асырылатынын жеткізіп, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету – тікелей азаматтардың өзіне байланысты екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, бүгінгі күні  жүйелі түрде Департамент тарапынан облыста орналасқан мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне  сыртқы талдау және тексеру жұмыстары жүргізілетінін, осы орайда кейбір алаяқтар Департамент қызметкерлеріне жинап береміз деген сылтаумен  мекеменің қызметкерлерінен ақша жинайтындығын атап көрсетті.

Бұл орайда, Департаменттің негізгі  қызметі, керісінше сыбайлас жемқорлықты болдырмау, ондай жағдайлардың жолын кесу екендігі атап өтіліп, егер де осындай алаяқтар тарапынан ақша жинау деректері орын алатын болса,  Агенттіктің 1424 Call орталығына хабарласу қажеттілігі ескертілді.

Брифинг соңында  облыстағы барлық мемлекеттік органдар қамтылған «ПАРА БЕРМЕ!» челенджінің киелі өңірде  бастау алғандығы айтылып, БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *