«Астана — қонақжай қала» дейді шетелдік қонақтар
Ресейдің танымал блогері Сергей Никитский EXPO-2017 көрмесінен алған әсерін көпшілікпен бөлісіп, бірнеше материалдарын жария етті. Ол Ресей мен әлемге жасаған саяхаттарын ғаламтордағы ірі порталдарда жариялап, сараптама жасап отырады. Никитский Астанада болған үш күн ішінде қаланы түрлі қырынан танып-білгенін айтады. Сонымен қатар, ЭКСПО туралы шынайы көзқарас қалыптастыру үшін алдымен көрмені толық аралап шығу керек дейді. Сергей Никитский, блогер: – Қазақстанның павильоны мен энергия мұражайы менің есімде ерекше сақталып қалды. Сегізінші қабаттағы өте керемет композициялар ересектерді де, балаларды да бей-жай қалдырмайтыны анық. Көрмеде өткізген үш күн әлемдегі энергетика туралы жалпы ғаламдық түсінік береді. Қаланың көркі ерекше әсер етті. Астанадағы аспанмен таласқан биік зәулім ғимараттар мен кең даңғыл жолдар Дубайды еске түсіреді. Ел ордасы деген атқа сай екені көрініп тұр. Мен, тіпті, қызғанып кеттім. Ресейде жаңадан пайда болып, даму жолына түскен мұндай қала жоқ. Сосын тұрғындардың қонақжай қылықтары ұнады. Біз болған кез-келген жерде адамдар күлімдеп қарсы алып жатты.
Ұлыбритания Либералды-демократиялық партиясының мүшесі әрі белгілі публицист Джонатан Фрайер де қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады. Саясаткердің пайымдауынша, елорда Ұлы дала елін әлемге танытқан брэнд ретінде қалыптасып үлгерді. Джонатан Фрайер, Ұлыбритания либералды-демократиялық партиясының мүшесі: – Астананы бар болғаны 20 жылға жуық уақыт тарихы бар қала ретінде қарастырар болсақ, оның жетістіктерін таңқаларлық деп айтуға болады. Ол керемет архитектуралық жобаларымен ерекше. Айтпақшы, британиялық сәулетшілер де бұл іске тартылды. Мен елорданы заманауи, дамыған және жарқын қала деп атар едім. Қазақстанның халқы көп емес, соған қарамастан Астананың арқасында елді әлем танып жатыр. Дейтұрғанымен, Қазақстанның жер көлемі кең, әлеуеті жоғары, экономикалық жағынан ғана емес, туристік тұрғыдан да тартымды екендігін айта кеткен жөн.