Е.АЙТАХАНОВ: ШАҒЫНАУДАНДАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың қала аудандарын аралауы жалғасуда. Әкім Абай ауданындағы Жаңаталап, Игілік тұрғын алабтарының инфрақұрылым жүйелерімен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Елдімекендердің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық көлік, ауыз су, газбен және сапалы электр жарығымен қамту сынды мәселелерін  тыңдады. Тұрғындар көтерген мәселе орынды екенін айтқан қала әкімі қала бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар түйінді мәселелердің уақтылы шешілуін жеке өзі қадағалайтынын жеткізді.

– Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, көгілдір отын мен тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылды жерлерге үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналды мәселелерді рет-ретімен шешеміз», — деді Е.Айтаханов. Қала әкімі, сонымен қатар, ауданда заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азаматтардың жұмысына назар аударды. Тиісті сала жетекшілеріне осы жұмыстардың заңдылығын анықтап, шара көруді тапсырды. Сондай-ақ, өз мақсатында пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды айтты. Ерлан Қуанышұлы Абай ауданының әкімі Б.Пармановқа және сала басшыларына елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ауданға жасаған жұмыс сапары барысында әкімдерге күрмеуі шешілмеген ең өзекті проблемалы нысандарды көрсетуді атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444