Мемлекеттік қызметші жан-жақты болу керек
Құрметті мемлекеттік қызметшілер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.
Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің белгісі.
Біздің қаламыздың қарқынды және нәтижелі дамуы Сіздердің мамандылықтарыңызға, тәжірибелеріңізге, ұмтылыстар мен жiгеріңізге, жоғары адамгершілік деңгейіңізге, өз қызметіңізге деген адалдығыңыз, патриоттық сезіміңіз бен заңдылықты бұлжытпай сақтауыңызға тікелей байланысты. Қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге артылады.
Мен 1970 жылы 27 қаңтарда Кентау қаласының Байжансай е.м. дүниеге келдім. Әкем марқұм, Ерназар Мадиярұлы Байболов 45 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған, Білім саласының үздігі. Анам Тоты Жүнісқызы Байболова, 26 жыл медицина саласында қызмет атқарып, Медицина саласының үздігі, 12 бала туып, Батыр ана атағын алған. Қазіргі таңда өмір сүріп жатқан 7-міздің 4-уі мемлекеттік қызметте жұмыс жасап жатыр: полиция, спорт, әскери қорғау салаларында.
Білімім жоғары, экономикалық, педагогикалық және заңгерлік. Өзім мемлекеттік қызмет саласында 30 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан жанмын, сонау, 1988 жылдан бері. Ол кезде Совет Үкіметінің жанып тұрған кезі. Өзімізде жаспыз. Сол жылы мен Шымкент қаласының Дзержинский атындағы аудандық комсомол комитетінің Шымкент тұтынушылар техникумының комсомол комитетінің хатшысы болып сайланған едім. Жасым 18-де еді, нағыз қызып тұрған кез. Сонда мен республика бойынша ең жас комитет комсомолының хатшысы едім. Сол себеппен Алматы қаласынан мені телевидение мен радиоға жазуға қазіргі атақты продюсер Серік Аббасшах келген болатын. Сүйікті қаламыздың жастарын қаланың көркейуіне жұмылдырып, біраз айтарлықтай іс-шаралар өткіздік. Ол кезде Шымкент облысының Коммунистік партиясын марқұм, Асанбай Асқаров ағамыз басқарған кез еді. Ал, Комсомол басында Ахметов Абдұлла ағамыз тұрды. Қазіргі кезде ол кісі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК ОҚО филилының директоры болып қызмет атқарып келе жатыр. Осы тұлғалардың қол астында қызмет етіп, көп адами қасиеттерді үйреніп, өнеге алдық.
Көп қиыншылықтар басымыздан өтті. Ол кезде ұялы телефон, компьютер, интернет деген нәрселер болған жоқ еді. Қаланы көркейту үшін біз жастар, плакаттарды, ұрандарды, транспоранттарды өз қолымызбен жасайтын едік, өзіміз сурет салатын едік, барлық қажетті құрал-жабдықтарды энтузиазыммен өз қаражатымызға алатын едік. Ешқандай міндеттсіну, көреалмаушылық, қызғаншақтық деген жаман қасиеттерді білмеуші едік. Партияның тапсырмасымен қаланың анау басынан мына басына дейін жаяу жүретін едік. Қандай қызық кездер өтті… Мемлекет үшін аянбай жұмыс жасадық!
Отыз жылдың ішінде біраз мемлекеттік органдарда қызмет еттік: Түлкібас ауыл шаруашылығы басқармасының бас диспетчері, Шымкент қ. Еңбекші аудандық салық инспекциясының салық аға инспекторы; Түлкібас аудандық статистика басқармасы бастығының орынбасары; ОҚО Ішкі Істер департаменті Түлкібас АІІБ штабисты және төлқұжатшысы; ОҚО Спорт және дене шынықтыру департаментінің кадрлар бойынша бас маманы; ОҚО Туризм және спорт департаментінің кадрлар бойынша бас маманы; Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің бас маманы; Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің персоналды басқару бөлімінің бас маманы.
Қазіргі уақытта 11 жылдан астам Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің персоналды басқару жөніндегі бас маманы болып қызмет атқарып келе жатырмын.
Мемлекетік қызметпен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысуды ұмытпау қажет. Мысалы, Шымкент қ. № 35 М.Мәметова атындағы жалпы білім беру мектебінде қамқоршылық кеңесінің төрайымы, «Турон» облыстық әскери спорт түрлері қоғамының мүшесі, «Соғыс және радиация апаттарының мүгедектері» ОҚО қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып қосымша жұмыс жасап келеміз.
«Бәрін айтта, бірін айт» — демекші, мемлекеттік қызметші жан-жақты болу керек!
Аллаға шүкір, Еліміз үшін қызмет еткеніміз Үкіметпен бағаланып, мынадай марапаттарға ие болдық:
Қазақстанның Лениндік Комсол Жастар Одағының Республикалық Комитетінің грамотасы — 29.10.1988 ж.;
— Қазақстан Республикасының Статистика министрінің грамотасы — 1999 жылы Қазақстан Республикасының бірінші санағына белсенді қатысқаны үшін — 27.08.1999 ж.;
— Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының «Құрмет грамотасы» — 23.07.2011 ж.;
— Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 30.11.2015 ж. № 919 бұйрығымен Құрмет грамотасы;
— «Соғыс және радиация апаттарының мүгедектері мен ардагерлерінің халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігінің» «За доброту, милосердие и сострадание» медалі, Алматы қ. — 26.08.2016 ж.;
— «Соғыс және радиация апаттарының мүгедектері» ОҚО қоғамдық бірлестігінің «За трудовые заслуги» медалі, Шымкент қ., 03.11.2016 ж.;
— «Соғыс және радиация апаттарының мүгедектері» ОҚО қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі, Шымкент қ., 16.12.2016 ж.;
— Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төс белгісі, Астана қ., 30.11.2017 ж.
Жарты ғасырда өміріміз бекер өтпепті!
Құрметті әріптестер, мемлекеттік қызметшілер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – «23 маусым — Мемлекеттік қызметші күнімен» құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, бейбітшілік, өзара келісім, бақыт, отбасыңызға береке-бірлік, халыққа арналған игілікті еңбегіңізге жетістік және кәсіби шеберлігіңіздің артуына шын жүректен тілектеспін!
Изгі ниетпен,
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің
Шымкент қаласы бойынша департаментінің
персоналды басқару жөніндегі бас маманы
Шолпан Ерназарқызы Байболова