ТҮРКІСТАН: 500-ГЕ ЖУЫҚ ҰЙЫМ БОС ЛАУАЗЫМ ОРЫНДАРЫН ҰСЫНДЫ
Жұмыссыздықпен күрес — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
2019 жылғы 29 сәуір күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен Облыс әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жәрмеңкесі» өтті.
Жәрмеңкеге «Мемлекеттік қызмет мектебінің» тыңдаушылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлектері мен жұмыссыздық бойынша тіркеуде тұрған азаматтар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызмет жүйесіне белсенді, жаңашыл көзқарастағы жастарды тарту, облыстағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан тұлғаларға бос лауазымдарға орналасу тәртібін түсіндіру.
Жәрмеңкеде облыс орталығындағы жергілікті және аумақтық мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік сала бойынша, сондай-ақ, қала, аудан әкім аппараттарындағы бос мемлекеттік қызмет лауазымдары жұртшылық назарына ұсынылды.
Жалпы алғанда, 500-ге жуық ұйымның бос жұмыс орындары таныстырылды.
Шара аясында жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, олардың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру бағытында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Білімді, талапты, жігерлі жастар — мемлекеттік қызметтегі кәсібиліктің қайнар көзі және жарқын болашағы.
Негізінен жәрмеңкеде азаматтарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, Департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев талапты жастарды мемлекеттік қызметтің және әлеуметтік салалардың бос жұмыс орындарына орналасуға шақырды.