ЖЫЛДАР МЕН ОЙЛАР

 

Авторы: Ислам АХМЕТҰЛЫ

 

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.

                                 ………………………….. ………

Асанқайғы

 

«…көргендеріңнің бәрін бірдей айта беруге болмайды, айтылғандарды жаза беруге болмайды, жазғандардың бәрін бірдей баспаға ұсына беруге болмайды…»

…………………………………. …………………………….

                                                                                      Бауыржан Момышұлы, «Москва үшін шайқас»

 

Кейде ойыңды сыртқа шығарғың келеді, бірақ осы кезде қасыңда оны бөлісетін адамың болса, қанеки? Болмаса не істер едіңіз? Басқаны қайдам, өзім ондайда қолыма қалам мен қағаз аламын. Ойымды қағаз бетіне түсіргім келеді…

Абай айтқан ғой: «Керек деген адам оқыр, керегі болмаса, ешкімге зияны тимес…»

 

Ислам Ахметұлы, 2004 жыл.

 

2004 жыл

 Қазақтың жазба әдебиетінде Абайдан асырып айтқан ақын болған емес. Жамбылдың оны ақындардың пайғамбарына теңеуі сондықтан болар, сірә. Бүкіл ғалам мен жаратылыстың дамуын: «Дүние үлкен көл, уақыт соққан жел; Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер; Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер… «- деп бір ауыз сөзбен айтып кеткен екен.

Енді өлеңдерін оқып көрелік.

Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат, ғазауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?

Біреуге жәй, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан,

Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма?

Сонда жауап бере алман мен бейшара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..

 

…Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын.

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.

Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді?

Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін…

…Жігіттер, ойын арзан күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса жарайды, қылса сұбхат…

 

…Қалың елім, қазағым, қайран жұртым

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп екі ұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң, енді, өз ырқың…

 

…Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға[1] қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда?

Көңілім қалды достан да, дүшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса, анда-санда…

 

…Адасқанның алды жөн, арты соқпақ,

Оларға жөн адамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шықпақ,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе қызықпа, ыңғайға ерме.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде

Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме…

 

…Мен көрдім дүние деген иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін…

 

Бұдан артық жеткізіп айту мүмкін бе? Мынау жасы ұлғая бастаған кезде жазғаны:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөзі айрылмас.

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті —

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

 

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек

Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!..

 

Осылай айта келе, былай қорытындылайды:

…Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей.

Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын, айта бермей…

 

Үлы Абайдың осы шумағындағы: «Мен келмеске кетермін түк өндірмей…»- деген сөзімен ғана келіспеуге болады. Абай «түк өндірмей» кеткен жоқ, қазаққа бәрін айтып кетті! Оны оқып, түсініп және іске асыратын қазақ болып жатса?

 

* * *

 

Адамның табысы істелген еңбекпен, яғни маңдай термен келуі керек. Егер біреу еңбексіз табыс табатын болса, онда оның басқаның ақысын жегені. Абайдың айтуынша адал еңбексіз, яғни һарам жолмен тапқан дүние опа бермек емес: «…тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырыр адам баласын» дейді. Һарам жолмен жиған мал-мүлікпен өзі өмірден шалқып өтсе де, мұның зардабын кейін ұрпақтарының тартуы әбден мүмкін.

Табиғатта адамның санасы жете бермейтін құбылыстар көп-ақ. Соның бірі мынау: адамның басына келетін жақсылық пен жамандық, байлық пен жоқшылық мәңгілік емес. Қазақ бұны «мәңгілік байлық жоқ, мәңгілік кедейлік жоқ» деп келтіреді. «Кісінің ақысы кісіге кетпейді» деп те айтылып жатады, бірақ біз пендешілікпен осыған мән бере бермейміз.

 

* * *

 

Бір адам үнемі керісінше істейді екен. Бір күні әлгі адам суға кетіпті. Жұрттың бәрі денесін өзеннің төменгі жағынан іздесе, әйелі жоғарғы жағынан іздеп жүрген көрінеді. Мұның қалай дегендерге: «Меніңше, ол осы жақтан табылуы тиіс…»- дейтін көрінеді.

Ажар ауылында бір шофер болды. Оның да осындай мінезі бар еді. Жөні түзу әңгіме айтсаң: «Жоқ, олай емес!…»- дейтін де, өзінше кететін. Оның осы мінезін білетін құрдастары оған үнемі керісінше айтатын еді.

Кеңшар орталығына кейде әлгі шофердің машинасымен баратынбыз. Қасындағы адамдар теңіз жағасынан қоян атқысы келген кездері: «Тура жолға сал, асығыспыз!»- дейтін. Әлгі шофер тура жолмен жүрмей, міндетті түрде теңіз жақтағы бұралаң жолға түсетін еді. Жымыңдаған құрдастары мылтығын дайындай бастайтын. Ал шынымен асыққан кездері: «Теңіз жақпен жүргенің дұрыс болар еді, барғанша қоян атайық»- дейді. Әлгі шофер: «Мен сендер сияқты ерігіп жүргенім жоқ!»- деп бұл жолы төте жолға салушы еді.

Соған қарағанда, қазақтың «сүтпен сіңген әдет сүйекпен кетеді» деген сөзі дұрыс па деймін.

* * *

Адам баласы орта есеппен алпыс бес жыл өмір сүреді дейді. Кәдімгі қарға үш жүз жыл жасаса, көбелектер бір апта ғана өмір сүреді. Көбелек неге бірнеше күн, қарға неге үш жүз жыл жасайды? Мұның мәнісі табиғатқа осылай қажет болғандығынан. Қажеттілігі өзгерген жағдайда табиғат бәрін өзі реттеп отырады. Бұл реттеудің сан мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдарға созылуы мүмкін. Ғалымдар жердің жасын «пәлен миллиард жыл» деп болжам жасауға тырысады, бірақ осы уақыттың өзі ғаламдық шамамен алғанда түк емес. Олай болса, адамның ғұмыры деген не?

Досбол деген би тоқсан жасапты. Төсек тартып жатқан биден: «Ұзақ өмір сүрдіңіз, сіздің де арманыңыз бар ма?»- деп сұраған көрінеді. Сонда би: «Осы өмірім шауып өткен аттың көлеңкесінде тұрғандай ғана болып жатыр»- депті. Шапқан аттың көлеңкесінде тұру дегеніңіз бір ғана сәт емес пе?

Жамбыл Жабаевтың тоқсан жасқа келгенін тойлап жатқан кезі екен. Жамбылды құттықтаушылардың бәрі де: «Жүзге жетіңіз… Жүз жас  жасаңыз!..»- дей беріпті. Сонда Жәкең қасында отырған Халық ағарту комиссары Жүргеновке қарап: «Темірбек балам, жүздің арғы жағында сан жоқ па?»- деген екен.

Адам ұзақ өмір сүруге талпынады, бұл табиғи заңдылық. Бірақ сол өмірінің ақыры қалай бітетінін ешкім де болжай алмайды. Кейбір қариялардың: «Алла, қор қылмай, бала-шағаға жек көрінішті етпей ал!»- деп отырғанын талай естуші едік. Неге солай айтады деуші едік! Аңғарсақ, Алладан ұзақ өмір ғана емес, мағыналы өмір де тілеу керек екен. Қанша болса да, сол Алла бұйыртқан өміріңді мәнді етіп өткізуге тырысу керек екен. Шамаң келгенше, әрине. Кейде адамның бұған шамасы келмей қалатын кезі болады. Өмірінің соңғы кезеңі қалай өтіп жатқанын оның өзінің де білмей қалуы мүмкін.

Тоқсанға келген Досбол да, жүз жасаған Жамбыл да өмірінің соңына дейін саналарына сызат түсірмей өткен, сөздері бұзылмай кеткен әулие адамдар.

Көп жасағанның бәрі осылай болса, кәнеки!

 

* * *

 

Ғалам кең. Оның кеңдігін ешқандай өлшеммен көрсету мүмкін емес. Аспандағы мың сан жұлдыздардың әрқайсының мөлшері күннен мыңдаған есе үлкен екені рас болса, ғаламның көлемін шамалауға адамның құдіреті жетпейді.

Енді микродүниеге үңіліп көрейік. «Бөлінбейді[2]» деген атомның өзі бөлінетін болып шықты. Молекуланы құрайтын атомдар электрон, нейтрон, протон және т.б. тұрса, олардың өзінің де бір бөлшектерден тұратыны анық. Ғалам қандай шексіз болса, микродүние де сондай шексіз. Оның да шегіне жету мүмкін емес.

Олай болса, адамзат табиғат құбылыстарының сырын әлде де аша бермек. Себебі, қарапайым қағаздан бастап қазіргі заманғы компьютерлер мен роботтарды ойлап шығарған адамның да мүмкіндігі шексіз.

 

* * *

 

Жер бетінде жеті миллиардтан астам халық бар екен. Солардың ішіндегі аздаған атеистері болмаса, көпшілігі бір құдіреттің, яғни Құдайдың бар екенін мойындайды. Бірақ сол Құдірет әр халық пен  ұлттың ұғымында түрліше болып келеді. Құдайға бірі пұтқа табыну арқылы, екіншісі бейнеге (иконаға) табыну арқылы, үшіншісі тіптен басқа жолмен құлшылық жасайды.

Біржарым миллиардқа жуық адамдар, мұсылмандар, ол құдіретті Алла деп біледі.

Құран бойынша періштелер Алла мен пайғамбарлар арасындағы, ал пайғамбарлар Алла мен адамдар арасындағы дәнекерлер. Пайғамбарлардың нақты санын ешкім білмейді. Тұңғыш пайғамбар Адам болса, ең соңғысы Мұхаммед.

Пайғамбарларға төрт кітап — Дәуітке «Забур», Мұсаға «Таурат», Исаға «Інжіл», ал Мұхаммедке «Құран» түскен дейді.

Дәуіт пайғамбар қазіргі жыл санауымыз бойынша б.з.д. 1500 жылдар, Мұса пайғамбар б.з.д. 1000-шы жылдар шамасында өмір сүрген. Иса пайғамбар 00-шы жылы, ал Мұхаммед пайғамбар 570-шы жылы дүниеге келген екен.

Дін жайлы әңгіме қозғағанда, «құдай бар ма, әлде жоқ па» деп бас қатырудың қажеті жоқ. Бұл сұрақтың шешіміне жалпы адамзатқа діннің қажет екендігі арқылы келу керек. Себебі, адам баласының жер бетінде өмір сүруі үшін діннің атқаратын міндеті зор.

Ата-бабаларымыздың ұстанған діні бар, ол Ислам діні. «Лә иллаһа ил-аллаһ, Мұхаммед абд-расул аллаһ»- деп Аллаға сенім білдір, одан медет сұра. Солай да болса өз болашағыңды өз қолыңмен жасайтыныңды ешуақытта естен шығармағаның жөн

* * *

Адам баласы кәмелеттік жасқа толғаннан кейін өзіне жұп таңдайды. Бұл дәстүр некеге тұру деп аталады және әр елдің салтына байланысты әр түрлі. Әрине, некесіз де өмірге ұрпақ келеді, бірақ оны қай елдің де заңы мен дәстүрі қолдамаған. Олай болса, неке адамзаттың қасиетті ұғымдарының бірі.

Қазақтың ежелгі салтында болашақ келінді ер баланың ата-анасы таңдайтын болған. «Ұлың өссе қызы жақсымен, қызың өссе ұлы жақсымен көрші бол» дей отырып, отбасылық тәрбиеге ерекше мән берген. «Қатын алма, қайын ал» деген ұғыммен жақсы отбасымен құда болуға тырысқан. Мұның барлығы жаңадан тігілген жас отаудың іргесінің мықты болуы үшін жасалған. Сол себептен де қазақтар арасында бұрын ер мен әйелдің ажырасуы деген болып көрмеген.

Қазіргі кезде жаңадан құрылған үш отбасының бірі ажырасып жатыр. Бұл жаман әдет жастарымызға Европа өркениетінен келген: «…Кәмелеттік жасқа толдым, енді өз тағдырымды өзім шешуім керек» деген тенденциядан туындап отырған жағдай. Мүмкін, заманы солай шығар, бірақ отбасылардың ажырасуы да осы «өзім білемнің» кесірінен туындауда.

Екі жас бірін-бірі ұнатып, отау құруға ниет қылса, бұл жөнінде ата-анасына айтулары керек. Екі жақтың әкесі мен анасы танысып, бір-бірін білулері керек. Ата-аналары құптаса ғана той жөнінде келісуге болады. Тіпті, осыдан кейін де айрылысып жатқандар бар, ал бір жағы келіспеген жағдайда, болашақ отаудың үй болып кетуі екіталай нәрсе.

Некеге байланысты тағы бір түйткілді мәселе бар. Өмірде аралас некелер (басқа ұлтпен некеге тұру) кездесіп жатады. Бұл көбінесе жастардың алдын ойламай, албырттыққа бой алдыруынан, яғни жастық қызудың әсерінен болатын жағдай. Кейін, есейген кезде, мұндай некелер көптеген қиыншылықтарға ұшырайды. Алғашқы кездері өздерінің қатысып отырған жақын-жуықтарымен араласуда байқалса, жасы ұлғайған сайын, тіпті, күрделеніп кетуі мүмкін. Қазаққа тұрмысқа шығып балалы-шағалы болған кәріс әйелдің о дүниеге аттанар алдында өз діні мен өз салты бойынша жерлеуін өтінгенін көзіміз көрді. Оның ең соңғы тілегін қалай орындамайсың? Сол сияқты, қазаққа тұрмысқа шыққан орыс әйелді төркіндерінің орыс моласына өз салтымен жерлегенінің куәсі болдық. Олай болса, ең дұрысы, некеге өз ұлтыңның адамымен тұрған дұрыс.

 

2005 жыл

Біз қай кезде де басқа біреуді кінәлауға бейім тұрамыз. Өзіміздің үйдей кінәмізді елемей, біреудің түймедей мінін түйедей еткіміз келеді. Бөтенді кінәламас бұрын, алдымен өзіңді соның орнына қойып көруің керек. «Менің өзім сондай жағдайда қайтер едім?»- деуің керек. Сол кезде оның ісіне дұрыс баға бере аласың.

Сол сияқты, кейбір адамның басқа біреу жайлы «ол жаман ғой…» деп, болмаса «ол жақсы адам» деп бір ауыз сөзбен шешім шығаратынына мен таң қаламын. Адамның болмысын, мінезі мен іс-әрекетін ешуақытта бір ауыз сөзге сыйғызуға болмайды. Оның үстіне, «жаман» деген адамның да жақсы қасиеттері болуы мүмкін, ал «жақсы» деп тұрған адамыңның да періште емес екендігіі белгілі.

Осы тұрғыдан келгенде «жаман» деген сөздің орнына: «Мен оны жақтырмаймын, ол маған ұнамады»- деген дұрыс. Жалпы, қай нәрсеге болмасын, бір ауыз сөзбен үкім шығару асығыстық болған болар еді.

 

* * *

 

Мен автобуспен көп жүремін. Сонда байқайтыным — жолаушылардың көбісі қазақ бола тұра, орысша сөйлейді. Он адамға екі-үш орыстан (немесе орыс тілдіден) келсе де, қоғамдық орындарда қатынас тілі болып орыс тілі қалыптасқан. Егемендік алдық, ел болдық деп бөркімізді аспанға атқанымызға он бес жыл болды, бірақ біз әлі орыс тілінен құтыла алмай келеміз. Бұның себебі неде?

Біріншіден, бұған қазақтың өзі кінәлі. Бұлай дейтінім — кез-келген қазақ азаматы орыс тілді адамға қазақша тіл қатуға тырыспайды. Сегіз жылдай болды байқағаныма: орыс тілді азаматтарға қазақша тіл қататын адам некен-саяқ. Сол некен-саяқтың бірі менмін. «Келесі аялдамадан түсесіз бе?» деп сұрасам: «Я вас не понимаю»- деп жауап қайтарады. Маған айдан түскен адамдай қарайды. Мен қазақ тілін түсінбей тұрмын-ау, мемлекеттік тілді білмей тұрмын-ау деп қысылып тұрған ол жоқ. Олар тұрмақ, өзіміздің қазақтардың өзі маған таңдана қарайды. Шамасы, ауылдан келген қазақ қой деп ойлайтын болса керек. Менің түсінігімше, біздің қазақ өз тілінде сөйлеуді ар санайтын сияқты. Мұнысымен өзінің тілі мен ұлтын қорлап тұрғанын түсінбейді.

Өз елімде жүріп, өз жерімде тұрып, мен неге орыс тілінде сөйлеуім керек?!  Орыстарға қазақша тіл қатуды мен де қоймай келемін, «…вас не понимаю»- дегенді олар да қоймай келеді.

Қазіргі кезде орыстілділер мен «шалақазақтарға» тіл үйретеміз деген желеумен қаншама ақша желге ұшып жатыр. Егемендік алғанымызға он бес жыл болды, содан бері осы мақсатқа жұмсалынған қаржы мен қазақ тілін үйренген адамның есебін алған жан бар ма екен? Оларды оқытудың орнына Үкімет барлық ресми құжаттарды қазақ тілінде шығару керек еді, ол үшін жоғарғы рангілі шенеуніктердің ресми кездесулері тек мемлекеттік тілде өткізілуі керек еді. Сонда ғана барлық хаттамалар мен құжаттар қазақ тілінде дайындалады және қазақ тілін білмейтін адамдар жұмыс істей алмайтынындай жағдайға жетеді. Осыдан кейін қажетсінген адам бұл тілді жарты жылда өзі-ақ үйреніп алады. Мемлекет заң шығарып қойып: «Мен барлық міндеттен құтылдым, қалғаны қалың қазақтың өзінің ісі» деп отыратын болса, Абай айтпақшы, «…баяғы жартас бір жартас» болып қала береді. «Қалың қазақтың» қолынан бұл жұмыс келмейді.

«Сабыр түбі сары алтын деген, уақыт өте келе бәрі орнына келеді»- дейтіндер бар. Сабырлылық пен шыдамдылықтың адамның бойындағы жақсы қасиеттері екені рас, әсіресе біздің қазаққа құдайдың берген ерекше сыйы деуге болады, бірақ шыдамдылықтың да шегі болуы тиіс.

Автобуста аяғыңызды біреу басып өтті делік. Өзіңізді сабырлы адамдардың қатарына есептесеңіз, әрине, үндемеуіңіз мүмкін. Сол адам аяғыңызды екінші рет басса ше? Кешірер ме едіңіз? Ия, тағы үндемеуіңіз мүмкін. Ал осы адам үшінші рет басса, сіз не істер едіңіз? Үндемей тұра берер ме едіңіз? Міне, осы жерде сіздің мінезіңіз ашылуы тиісті!

Бірінші жағдайға түсіністікпен қарауға болады. Екінші жағдай сізді ойландыруы керек. Ал үшінші рет шыдамдылық таныту — бұл сіздің сабырлылығыңызды емес, ынжықтығыңызды білдіреді. Мен өзіміздің қазақ халқын, аяғын біреу қаншама рет басып-жаншып жатса да: «…Үйге барған соң сүртіп алармын…» деп үндемей тұра беретін осы «шыдамды» адамдай көремін.

Мұхтар Әуезов айтты деген сөз бар: «Сабырлы болу жақсы, бірақ аса сабырлы болуға адамның ғұмыры қысқа»- депті. Шыдамдылық пен ынжықтықтың арасын айыра білуіміз керек сияқты!

 

* * *

 

«Көшеде мың адам бар, танитыныңа ғана сәлем бересің»- дейді қазақ. Сол танитындарыңның ішінде ерекше тәуір көретін адамдарың болады, ондай адамдарды жолдас дейді. Сол жолдастарыңның ішінде айрықша қадір тұтатын, сыр жасырмайтын адамың болады. Оны дос дейді.

Адамды дос ететін не нәрсе, сонда?

Меніңше, адамды дос ететін басты нәрсе көзқарастарының үйлестігі. Себебі, мінездері әртүрлі адамдардың да достасып жатқанын көреміз. Соған қарағанда, адамдарды достастыратын мінез емес, олардың ойлары мен көзқарастарының бір жерден табысуы, бірін-бірі жарты сөзден ұғысуы. Басты себеп осы болып есептелетін сияқты.

Кейде алғаш рет танысқан адамыңмен әңгімең жарасып, бұрыннан қатысып жүрген адамдай ашық сөйлесіп кетесің. Ал, кейде, көптен білетін танысыңмен түсінісе алмайсың.

Қазақта «жұлдызы қарсы» деген сөз бар. Кей адамдардың бір-бірімен түсінісе алмауы осы жұлдызы қарсылықтан болса керек. «Симпатия» және «антипатия» деген ұғымдар бар. Симпатия жоғарыда айтылған бірінші жайға келетін болса, антипатия екінші жағдайға келеді.

Достардың да ренжісіп қалатын кездері болады, мұндайда не істеу керек? Егер өзара келісе алмайтындай болса, екеуіне ортақ үшінші адамға бар шындықты жасырмай айту керек. Сол адамға жүгінулері керек, төреші адамның шешіміне екеуінің де тұрулары керек.

Достық деген қасиетті ұғым. Қандай жағдайда да достың көңілін қалдыруға болмайды, «Дос көңілі шарайна, сындырып алма, абайла!» деп бекер айтылмаған.

 

* * *

 

Жақында Нұртөре Жүсіп деген журналистің кітабын оқыдым. Кітап «Біз кімнен кембіз» деп аталады екен. Шебер тілмен жазылған публицистикалық мақалалар жинағы. Маған көп ойлары ұнады, дегенмен кей жерлерінде батыл айтамын деп асығыс айтылған ойлары бар сияқты. «Лениндік-сталиндік зұлмат қазақты қынадай қырды. Сөйткен совет үкіметін жұрттың қалай жақсы көретінін түсінбеймін. Совет үкіметі бізге білім берді, үй берді, бәрі тегін болды дейді біреулер. Берейін деп берді дейсіз бе, қаншама жазықсыз төгілген қанның өтеуі үшін ұялса да бірдеңе жасауы керек еді ғой. Одан басқа түк те емес…»-  депті. («Осал тұсымыз осы», 12 бет). Жетпіс үш жыл өмір сүрген, әлем тарихынан өз орнын алған Кеңес үкіметінің бар саясатын бір ауыз сөзбен жоққа шығарып, бір ауыз сөзбен «өлім жазасына» кескен.

Кеңестер Одағының қазақ халқына (басқа да халықтарға) жүргізген саясатына бір сөзбен үкім шығару асығыстық болған болар еді. Біз, қайсымыз болмасын, объективті түрде баға беруге тырысуымыз керек.

Кеңес үкіметі қазаққа тек қана қасірет әкелді ме?

Ойланып қарасақ, аттың жалы мен түйенің қомында көшіп-қонып жүрген қазақ халқын отырықшылыққа бейімдеп, оқу мен білім алуына мүмкіндік жасаған екен. (Бұл жерде Голощекиннің «Кіші Октябрь» жасаймын деп артық кеткенін айтып, Кеңес үкіметін кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл «науқанға» өзіміздің қара көз қазақтар да белсене араласты. Егер кінәласақ, Голощекинмен бірге жұмыс істеген, соның тапсырмаларын орындаған өзіміздің қазақтарды қоса кінәлауымыз керек).

1917 жылға дейінгі қазақ елінің әлем халықтарымен салыстырғандағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени деңгейі қандай дәрежеде болды? Ол кезде біз жоқпыз, бірақ бізге келіп жеткен тарихи деректерге қарағанда мақтанарлықтай нәрсе аз болған сияқты. Арқадағы орыспен, батысындағы түрікпенмен, шығысындағы қырғызбен, түстігіндегі өзбекпен арпалысып жүрген қазақтар 1920 жылы Ленин қол қойған Декреттің арқасында тарихында алғаш рет өз шекарасын белгіледі, автономиялы республика болып Россия Федерациясының (кейін КСРО-ның) құрамына кірді. Осының арқасында көшіп-қонып жүрген феодалды елден жиырма жылдың ішінде өркениетті елдер қатарына қосылды. Осы жиырма жылда ондаған қалалар мен жүздеген елді мекендер, мыңдаған зауыттар мен фабрикалар салынды. Бұған бүкіл халықты сауаттандыру саясатының  жүргізілгенін, ересектерге дейін қызыл отауларда оқытқандарын (ликбез) қосыңыз. Соғыстан кейін әр ауыл мен әр бөлімшеде мектеп, клуб, балабақша, ауруханалар мен дәрігерлік пункттер жұмыс істегендерін, олардың халыққа қызмет көрсеткендерін өз көзімізбен көрдік.

Ал енді Кеңес үкіметінің қазақ халқына тигізген зиянына келер болсақ, көп жағдайда отызыншы жылдардағы аштық пен 1937-ші жылғы репрессия ауызға алынады. Голощекиннің қазақты жек көргені рас шығар (шовинист болған оны ақтағым келіп отырғаным жоқ), бірақ бар кінәні Голощекинге аударып қойып, қырғынды содан ғана көру (егер қолымызды жүрегімізге қойып тұрып айтар болсақ) шындыққа қиянат болар еді. Қазақстанды Голощекиннің бір өзі басқарған жоқ және барлық жауапты орындарда түгелімен орыстар отырды деп те айта алмаймыз. Голощекиннің тапсырмаларын орындаған, аштыққа апарып соқтыратын шараларды жүзеге асырған өзіміздің қазақтар емес пе?

Тапсырманы амалсыз орындады ғой деп оларды ақтағысы келетіндер бар. Олай болса, қаншама халықтың қанын судай төккен Гитлердің жандайшаптарын да ақтауға тура келер еді. Үлкен қылмыстың өзі кішкене қадамнан басталады. Осы себептен де 1945 жылы Гитлерлік жендеттер жауапқа тартылды, атақты Нюрнберг процессі болды. Ал біз сол кездегі орындаушыларды ақтап алғымыз келеді.

Енді, 1937-ші жылғы репрессияға келетін болсақ, сол кездегі «халық жауларын» ұстап берген де өзіміз. Сталиннің тікелей тапсырмасымен ондаған қазақ атылған шығар, бірақ мыңдаған қазақты атқан Сталин емес қой? Біріміздің үстімізден біріміз сөз айттық, бірімізді біріміз ұстап бердік. Енді келмеске кеткен Кеңес үкіметін кінәлап шыға келеміз. Кеңес үкіметі жоқ қазіргі кезде билікке жағынып және биліктің шоқпарын соғып жүргендер, жаны таза асыл азаматтарымызды қаралап, өлтіріп, соттап жатқандар жоқ па? Бар ғой!

Суға кеткен тал қармайды дегендей, кейбіреулер осының бәрін «кеңестік тәрбиеден» көргісі келеді. Кеңес үкіметі осылай тәрбиеледі дейді. Кеңеске дейінгі заманда Абайды соққыға жыққан, Ақан серінің басын жарған, Біржан салды қол-аяғын байлап үй қамаққа салған, Махамбет пен Құрманғазының, Мәди мен Аманкелдінің үстінен арыз жазып, түрмеге қаматқан кім деп ойлайсыз? Керек десеңіз Жанқожа мен Аманкелді батырларды, Махамбет ақынды өлтірген өзіміз емес пе?  Соған қарағанда, күншілдік пен көре алмаушылық біздің қанымызда бар «қасиет» сияқты. Қазақта дөрекілеу болса да ащы шындықты айтқан бір мақал бар: «жын да бейімді ұрады» дейді. Кеңес үкіметі өз саясатын қарамағындағы барлық халыққа бірдей жүргізгені белгілі, бірақ басқа халықтар біз сияқты қырғынға ұшыраған жоқ, репрессиядан да аз шығынмен құтылды. Қалайша? Осы сұраққа ойланып көрдік пе?

Орта Азиядағы басқа халықтармен салыстырғанда орыстардың бізге ерекше шүйліккені рас. Оған Ресеймен шекаралас болғанымыз, ұлан байтақ территориямыздың болуы, халқымыздың санының аздығы себеп болса керек. Сол мемлекеттің (КСРО-ның) негізі болған орыс ұлтының қазаққа деген шовинистік көзқарасы болғанын да жасыра алмаймыз. Ондай көзқарас болды, бірақ та барлық орысты кінәлауға тағы болмайды.

Хрущевтың басшылық еткен кезінде Қазақстанның кең даласында тың игеріліп, орыстандыру саясаты ерекше екпінмен іске асырыла бастады. Орыс мектептері мен бала бақшаларының  саны артты, ірі қалаларда қазақ мектептері қысқартылып, аралас мектептер пайда болды. Мәскеу  тарапынан Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге, оңтүстік облыстарын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түрікменстанға беру жайлы жоспарлар жасалынды. Соның нәтижесінде Шымкент облысының үш ауданы Өзбекстанға берілді. (Кейін, Брежневтің кезінде, Қонаевтың араласуымен екі аудан қайтарылып алынды. Сонда да бір ауданы қалып қойды.) Сол кезде қалың қазақтың ішінен шырылдап Хрущевке қарсы шыққан жалғыз Жұмабай Тәшенов еді. Басқа атқамінерлер үнсіз қалды. Сонда Қазақтың жері жалғыз Тәшеновке ғана керек болғаны ма? Оны қызметінен алып, Шымкент қалалық атқару комитетінің орынбасары етіп жібергенде «әттеген-ай…» дедік те қойдық. Ал қазіргі егемендік алған кезімізде жеріміздің Өзбекстанға, Қытайға, Ресейге берілуін кімнен көреміз және кімнен даулаймыз?

Кеңес кезінде ірі қалаларда қазақтардың саны аз болғаны рас, қазақтың дені ауылда болды. Ол кезде де қазаққа қаладан орын тиіспеген екен, ал қазір сол қазаққа қаладан орын тиісіп жатыр ма? Алматының Шаңырақ, Бақай сияқты шет жақтары мен Астананың шетіндегі «нахаловкалардан» ғана жер алып, баспана салып жатқан жоқ па?. Соның өзін билік басындағылар бульдозермен ысырып тастап жатыр!

Халықтың Кеңестер Одағы кезіндегі тұрмысы мен қазіргі егемендік алған кездегі хал-ахуалы қандай деп ойлайсыз? Жақсысы мен жаманын таразыға тартсақ, қай жағы басар еді? Сол кездегі ауыл мен қазіргі егемендік алғанымызға он бес жыл болғаннан кейінгі ауылдың жағдайын салыстырып көрдіңіз бе? Айырмасы аспан мен жердей емес пе? Жаман Кеңес өкіметі де, жаман Сталин да, жаман Голощекин де, жаман Хрущев те келмеске кетті. Ал, қазір, қазақтың жағдайы жақсарды ма?

Бұл заман нарықтық экономикаға тәуелді, ал нарық жоспарлауға келмейді, әркім өз күнін өзі көруі керек деп оны да ақтағандай боламыз. Олай болса, халықтан жиналған салықтан құралатын бюджеттен еңбекақы алып отырған  билік басындағылар не нәрсеге жауап береді?

Мүмкін, біз әлі буыны қатпаған жас мемлекет шығармыз? Бірақ, Абайдың айтқан сөзі бар: «Адамның қандай екені істі аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан белгілі»- дейді.

Жалпы, ойланатын нәрсе көп! Мұның бәрі Нұртөре Жүсіптің бір ауыз сөзінен шығып жатыр…

 

* * *

 

«Әруақ» деген ұғымды қалай түсінуге болады? Менің түсінігімше әруақтар дегеніміз бақилық болған ата-бабаларымыздың рухтары. Біздер, қазақтар, сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың рухына сыйынып келдік. Аллаға да сыйындық, әруаққа да сыйындық. Алладан медет сұрасақ, әруақтан күш-қуат сұрадық.

Соңғы кездері молдалар арасында «әруақтарға табыну Аллаға күмән келтірумен бірдей, Аллаға тең келетін ешнәрсе болмауы тиіс, сол себепті әруақтарға табынған дұрыс емес» деген сөз шыға бастады. Меніңше, мұны айтып жүргендер қысқа мерзімді діни курстар бітірген, теология жөнінде терең білімі жоқ дүмшелер немесе қазақты тегінен, ата-бабалар рухынан айырғысы келіп, алдына белгілі мақсат қойып жүрген шетелдік миссионерлер. Бұл жерде табыну мен сыйынудың арасын ажыратып алуымыз керек. Рас, барша мұсылмандар үшін «Алла жалғыз, оған тең келер ештеңе жоқ». Біз оған табынамыз. Ал әруаққа келер болсақ – «ата-бабамның әруағы қолдай көр» деп сыйынғанның не күпірлігі бар? Қазақ қазақ болғалы осылай емес пе еді? Біздің мұсылман бола бастағанымыз VIII ғасырда ғана, ал одан бұрын ата-бабаларымыз кімге табынып, кімге сыйынған?

«Дүмше молда ел бұзар» деген мақал бар. Осындай дүмше молдалардың «уағыздарынан» сақ болып, бабаларымыздың ұстанған салт-дәстүрлерін мықтап сақтап, рухтарына әрқашан да бас иіп отыруымыз керек!

2006 жыл

Қазақтың әндерін жинап, оны алғаш нотаға түсірген Александр Затаевич екен. Ұлты поляк. Қазақ әуенін, оның мазмұнын терең зерттеген музыка маманы. Қазақ даласын ерінбей-жалықпай аралап, бұған дейін ауызша таралып келген халық әндері мен сал-серілердің шығармаларын қағазға түсіруі — қазақ халқы үшін баға жетпес ескерткіш екені даусыз.

Затаевич қазақ үшін керемет еңбек еткен екен, біз оны өз дәрежесінде бағалап жүрміз бе? Меніңше, қадірлей алмай жүрген сияқтымыз. Алғашқыда «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж.), одан кейін «Қазақтың  500 ән-күйі» (1931 ж.) атты кітап жазып қалдырған Затаевичке Алматыдан ескерткіш орнатсақ та артық болмаған болар еді. Қазаққа арнап бір ауыз өлең жазбаған Пушкинге де (мен оның ұлы ақын екендігін жоққа шығармаймын) ескерткіштер орнатып, көшелердің атын беріп жатқан жоқпыз ба?

Маған барлық қазақ Затаевичке қарыздар сияқты болып көрінеді де тұрады.

* * *

Еш нәрсе мәңгі емес екен. Табиғатта бәрі өзгеріп және жаңарып отырады. Абай айтқандай: «…бір Алладан басқаның бәрі өзгермек». Олай болса, атымды мәңгігі қалдырамын деу пендешілік болар еді. Осылай ойлап, тірісінде өздеріне арнап алып пирамидалар тұрғызған Египет перғауындарының мүрделері қазір қайда жатыр? Олар өздерінің денелерінің қазылып алынып, түрлі зертханаларда жататынын білді ме екен? Білмеген шығар?! Білсе пирамидалар тұрғызып, денелерін бальзамдатып әуреге түспеген болар еді ғой?

Осы мәселеде маңғолдан шыққан қолбасшы Шыңғысханнан асқан кемеңгер жоқ сияқты көрінеді маған. Басына алтыннан мазар орнатуға құдіреті жететін еді, ол неге бейітіне белгі қойдырмады? Кейбір зерттеушілер оның себебін халықтың қанын төккенінен, өлгеннен кейін денесін қорлайды деп қауіптенгенінен көреді. Мүмкін, солай да болар?! Бірақ, менімше, ол кісі еш нәрсенің мәңгі емес екенін түсінген сияқты. Осы себептен, өзінің денесін жер қойнына бергеннен кейін, үстінен маңғолдың қалың жылқысын айдатып, жатқан жерін белгісіз етіп жіберуді тапсырған.

Бес мың жылдық тарихы бар алып пирамидалар да қазір мүжіле бастады. Бір кездері олардың да жоқ болатыны анық…

* * *

Қазақстанның ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда пәлен миллиард теңгеге жетті, дамыған елдердің деңгейіне жақындап қалдық деп теледидардан күнде айтылып, газеттер күнде жазып жатыр.

Егер осылай екені рас болса, күнделікті тіршілікте халық оны сезінуі керек еді ғой. Базарлар мен дүкендердегі халық тұтынатын тауарлардың бәрі шет елден әкелінген. Ауылдағы халықтың тұрмыс деңгейі папуастардың аз-ақ алдында. Сонда жоғарыдағы айтылып жатқан ішкі өнімдеріміздің халыққа қандай пайдасы тиіп жатыр?

Біріншіден, сол көрсеткіштердің рас екеніне менің күмәнім бар. Оған себеп — қазіргі статистикаға сену қиын, жалған мәліметтер көп. Екіншіден, байлық аздаған топтың қолына шоғырланған, осы себепті оның халыққа пайдасы тиіп жатқан жоқ. Билік халық үшін емес, алигархтардың мақсаты үшін жұмыс істейді. Халық өз алдына, билік өз алдына күн көріп жатыр.

Қазақ халқы жуас, саяси белсенділігі өте төмен деңгейде. Оның осы жағдайын биліктегілер шебер пайдаланып отыр. Биліктің қазіргі ісі жуас тұғырдың үстіне мініп алып, аш-тоғына қарамай тепкілеп, той тойлап жүрген даңғойдың ісі сияқты. Байғұс тұғырдың өкпесі күйіп өле ме, әлде үстіндегі «жүктен» бір өңкіп құтыла ала ма, белгісіз!

* * *

Асқазан бір күн үшін жұмыс істейді, яғни жеген асыңды бүгін қорытып береді. «Мына бөлігін алып қалайыншы, ертең тамақ болмай қалуы мүмкін ғой» деп ойланбайды.

Ал адамның миы ертеңгі күнін ойлау үшін жаратылған. Сондықтан болашағын ойланбаған мидан бір күндік жұмыс істейтін асқазан артық.

* * *

«Жүз отыз ұлт мекендеген бақытты елміз» деп айтуды әдетке айналдырдық. Соның ішіндегі қазақтардың барлық ұлттан кейінгі ең соңғы, 130-шы орында қалғанымен жұмысымыз жоқ. Еліміздегі қазақ ұлты «Қазақстан халқының» тасасында қалды — республикада он бес жылдан бері тіл мәселесі шешілмей келеді, ауыл мәселесі ауыл шаруашылығымен қоса күрделі жағдайда.

Қазақстан деп аталатын мемлекетте қазақ ұлтының проблемалары шаш етектен, оларды санап тауысу қиын. Сол сансыз проблемалардың шешілуі атақты «Гордий түйініндей» бір ғана нәрсеге тіреліп тұрған жоқ па?! Гордий түйінін Александр Македонский қалай шешіп еді?

Қазіргі Қазақстанда бұл «түйінді» шешкісі келіп жүрген адамдар жоқ емес. Олар С.Әбділдин, М.Шаханов, А.Сәрсенбаев, Ғ.Жақиянов, М.Әбләзовтер. Жасының ұлғайғанына қарамастан Сәкең ақсақал әлі күресіп келеді. Осы жолда шейіт болған жандар қаншама? Бірақ оппозицияның ауызы бір емес, бір мәмілеге келе алмайды. И.Крыловтың мысалындағы «Аққу, шортан және шаян» сияқты, әрқайсысы әр жаққа тартады.

Тағы бір мысал. Баяғыда қартайған бір қасқыр жайылып жүрген жалғыз қошқарды көріпті. Қасына жақындағанда, оған шамасының келмейтінін байқайды. Сонда да дәмесін үзбей: «Осының «бірдемесі» үзілуге жақын тұр екен, сол үзіліп түссе… жермін»- деп ізінен қалмапты. Қошқардың әлгі «бірдемесі» үзілмепті. Ақыры, қасқыр аштан өлген екен.

Біздегі оппозицияның ісі де сол қасқырдың тірлігі сияқты.

* * *

Көңілшектікті жақсы қасиеттердің қатарына қосуға болмайды. Ол, керісінше, адамның  әлсіздігінің белгісі.

 

* * *

Өмір Онеро де Бальзактың «Шегірен былғарысы» сияқты.  Арманың орындалған сайын, ол да қусырыла түседі.

 

* * *

Осы күндері қазақтың халық әндерін нешетүрлі құбылтып айта бастады. Ескі әннің құлаққа сіңіп үйреншікті әуені әлгідей «өңдеуден» кейін жағымсыз естіледі екен. Әсіресе, Шәмшінің әндерін өңдеудің қажеті жоқ. Шәмшінің әніне аранжировка жасау — гүлге бояу жаққанмен бірдей.

 

* * *

 

«Алты әлім» деген сөз қайдан шыққан? Бұл әлім тайпасы алты рудан тұрады дегенді білдірсе керек. Олай болса, оның құрамына қандай рулар кіреді? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрсек, әр шежіреде әртүрлі айтылып жүр.

Біреулер «Әлім-Шөмен бір туған» деген сөзді басшылыққа алып (осындай сөздің бар екені рас), Әлім мен Шөмен бір адамның балалары, яғни ағайынды адамдар дейді. Осылай дей келе Әлімнен Шекті, Төртқара, Қарасақал, Қаракесекті, ал Шөменнен Шөмекей мен Кетені «туғызады». Осы пікір дұрыс болса, алдыңғы төртеуінің «әкесі» Әлімнің аты аталып, соңғы екеуінің «әкесі» неге аталмай қалған? Себебі «Шөмен» деген тайпа немесе ру атын ешқандай шежіреден де, жазбалардан да кездестіре алмадық. (Бұл жерде Шөменнің Әлімнің інісі екеніне күмән келітіріп отырғанымыз жоқ, егер Әлім тарихта болған болса, оның інісінің болуы заңды нәрсе.)

Бұдан шығатын қорытынды мынау: біріншіден, ру атауларын «пәленшенің баласы, түгеншенің баласы» деп бір адамға телудің дұрыс еместігі; екіншіден, жоғарыдағы аталған алты рудың тікелей әлімнің құрамына кіретіндігі. Егер «Алты әлім» деп айтылғаны рас болса, оған кіретін шекті, төртқара, қарасақал, қаракесек, шөмекей мен кетеден басқа руларды таба алмадық.

 

2007 жыл

 

Кейбір деректерде Кішкене бабамыздың қайын жұртына берген тұңғыш баласы жайлы айтылып қалып жүр.

Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінде (1993 жылдың 7 шілдесі) Әлмәмбет Әлішевтың «Кішкене баба туралы сөз» деген мақаласы басылды. Осы мақалада автор Кішкене жайлы айта келіп, Қоңыр шешеміздің Бәйдібектің қызы екендігіне, содан тараған Сарыүйсін деген бір тайпа елдің Кішкененің ұрпағы екендігіне күмән келтіреді. «Олардың қайсыбірі өзінің пікірін дұрыс деп дәлелдегенде Қоңыр шешеміздің босанғанын өз көзімен көргендей етіп баяндайды…»- дейді Әлішев. Сонымен қатар, Бәйдібектің тікелей ұрпағымын деуші Балғабек Қыдырбекұлының 1992 жылдың 11 желтоқсанында «Жас алаш» газетіне берген сұхбатын негізге ала отырып, Бәйдібектен бастап Қыдырбекұлына дейін қырық жеті ұрпақ екенін, ал Кішкененің ұрпағының алды он төрт-он беске ғана жеткенін айтады (арада отыз екі ұрпақ, яғни 600-700 жылдай айырма бар). Әрине, бұл тұжырыммен келісуге болады, бірақ Әбекең Қоңырдың әкесі жөніндегі өз пікірін ашып айтпаған.

Енді Өмірзақ Ахметовтың жазғанын оқып көрелік. Автор Қызылорда облысының «Ақмешіт апталығы» газетінде жарияланған (27 маусым 1997 жыл) «Кішкене туралы сөз» атты мақаласында Қоңыр шешемізді Бәйдібектің емес, оның Сарыүйсін деген баласынан туған Байтоқты атты немересінің қызы екенін жазады. «Перзентке шала болып отырған бәйбіше Кішкененің тұңғышы Сұлықсарыны бауырына басып, бала етіп алады. Сұлықсарының ұрпақтары сарыүйсіннің бір бұтағы деп саналып кеткен. Сұлықсарыдан Жақып, Қамша туады. Жақыптан 4 бала: Баба, Жаументай, Жанай, Солтанқұл. Қалшадан бір бала — Қайқы өсіп шығып, шағын рулы ел болып отыр»- дейді.

Байқап отырсаңыз, екі автордың да айтып отырғаны Кішкененің тұңғышы жайлы. Бірақ, екеуі екі түрлі атап отыр. Әлішевтің айтуынша ол Сарыүйсін, Ахметовтың айтуынша — Сұлықсары. Әлішев өз мақаласында Қоңыр шешемізді Бәйдібектің қызы деген пікірді теріске шығарады (бірақ оның кімнің қызы екенін айта алмайды). Ал Ө.Ахметовтың айтуынша Қоңыр Байтоқтының қызы. Сосын Қыдырбекұлының айтып отырған Бәйдібегі мен Қоңыр шешеміздің атасы Бәйдібек бір адам ба, әлде екі кезеңде өмір сүрген аттас адамдар ма, бұл жөнінде де даулы мәселелер бар.

Сарыүйсін жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында мынандай дерек келтірілген: «Қазақ шежіресі бойынша Сарыүйсін Абақтың немересі Бәйдібектің бәйбішесі Сарыбәйбішеден өрбіген ұрпақ. Жалайыр Спандияр шежіресінде Сарыбәйбішеден Байтоқты, одан Мырзатаз, одан Сарыүйсін, одан Жақып пен Қалша; ал А.Нұрбеков жинаған шежіреде —  Сарыбәйбіше қызынан туған жиені Силықсарыны асырап алады, оны ел Сарыүйсін атап кетеді. Одан Қалша, Жақып туады. Қалшадан Қайқы, Сопы; Жақыптан Баба, Жаулантай, Жанай, Солтанқұл[3]«. Бұл шежірелерде де Силықсарының Байтоқтының жиені екені айтылып отыр. Осыған қарағанда Сарыүйсін де, Силықсары да, Ө.Ахметовтың шежіресіндегі Сұлықсары да бір адам болғанға ұқсайды. Оның үстіне үш шежіредегі Бәйдібек, Сарыүйсін, Байтоқты, Мырзатаз, Жақып, Қалша т.б. адам аттары сәйкес келеді.

«Қоңыр шешеміздің туғанын көзімен көргендей-ақ…»- деп Әлішев айтпақшы, бізге жеткен аңыз-әңгімелер мен шежірелердің бәрі ауызша таралып келген. Тіпті тарихтың өзін әр замандағы билік басындағылар өз қалауынша жаздырғанын еске алсақ, ауызша жеткен дүниенің шындықтан қаншалықты алыс-жақындығы бір Аллаға ғана аян. Солай да болса жоғарыдағы шежіре деректеріне қарағанда (оның үстіне қазақтың «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» деген мақалын ескерсек), аталған рудың Кішкененің ұрпағы екендігіне дау болмауы тиіс деп ойлаймыз.

 

* * *

 

«Адамға ақыл-парасат өз тұрмысын жақсарту үшін беріледі. Н.Назарбаев». Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңында ірі әріптермен осылай деп жазылып қойылыпты.

Мұны қалай түсінуге болады? Мұнда қандай философия бар? Бұл қатардағы қарапайым коммерсанттың айтатын сөзі емес пе? Мүмкін, Назарбаев айтса айтқан шығар, бірақ бұл жалаулатып ұран қыларлықтай, бүкіл елге үлгі етіп жариялайтындай сөз емес сияқты.

Адам баласының алдына қоятын басты мақсаты өз тұрмысын жақсарту ғана ма? Адамзатқа ақыл-ой мен парасат сол үшін ғана берілгені ме сонда? Ұлы ғұлама Диоген өмірдің бар рахатынан өз еркімен безіп, бөшкеде өмір сүрген жоқ па? Қожа Ахмет Яссауи бабамыз пайғамбар жасынан асқанда жер астына түсіп (қылуетке), бұл дүниенің бар қызығынан баз кешкен еді ғой. Сонда оларды ақылсыз, парасатсыз деп айтуға қалай аузымыз барады?!

Жарты әлемге патша болған Александр Македонскийдің өзі Диогенді көруге барыпты. (Қазіргі «патшалар» шақыртқан болар еді де, «ғұламалар» сол сәтте жетіп барған болар еді). Сонда патша келді-ау деп Диоген орнынан тұрмапты. Оның бұл «тәртіпсіздігін» бетіне басқысы келген қосшыларына Александр: «Тиіспеңдер! Егер мен Александр болмағанымда, сөзсіз Диоген болуды қалар едім»- депті.

«Ақсақ Темір-көреген» атанған Әмір Темір де Қожахмет Яссауи бабамызды құрметтеп басына мовзолей орнатты. Соған қарағанда ұлыларды тек ұлылар ғана түсінетін сияқты.

Бір кездері: «Атадан мал қалғанша тал қалсын»- деген сөз ұранға айналып, жол бойына жазылып қойылатын еді. Осы сөз маған қарғыс сияқты көрінетін. Өзі қазақ болады, солай бола тұра мұраға мал емес, тал қалдырғаны қалай? Кейін, құдайға шүкір, мұндай дүмбілез «мақалдан» құтылғандай болдық. Ал Назарбаевтың жоғарыдағы сөзіне келер болсақ — өзі мен айналасындағы адамдардың жасап жатқан істерін ақтау үшін айтылғандай болып көрінеді.

 

* * *

 

Осы күнге дейін «Егеменді Қазақстан» деп айтылып және жазылып келеді. «Егеменді» деген сөз 95-ші, тіпті бергі 2000-шы жылдары айтылып жатса жарасар еді, ал қазіргі кездегі «Егеменді Қазақстан» деп жүргеніміз тіптен ыңғайсыз. Бұл сөз біздің бір кезде тәуелді болғанымызды білдіретін таңбадай көрінеді. «Егеменді Ресей», «Егеменді Қытай», «Егеменді Америка» деп айтылмайды ғой. Неге екенін білмеймін, арада 16 жыл өтсе де біз осы «атауға» кенедей жабысып айрылмай қалдық. Мүмкін, біздің Ресейдің боданында болғанымызды ескертіп отыру біреулерге керек шығар? Ендігі жерде «тәуелсіз, егеменді» деген сөздерден арылып, тек қана «Қазақстан» деп атайтын кезеңге толық жеттік. Енді солай атау қажет.

 

* * *

 

«Айтылмаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Ретті жерінде тиісті сөзіңді айтып қалмасаң, кейін неге айтпадым екен деп өкінесің. Сол себептен айтатын сөзіңді әуелі екшеп алып, айтпаса болмайды-ау деген кезде ғана айту керек.

Шымкент қаласында бір құдайы садақада отырғанбыз. Дастархан басында жиырма шақты адам бар еді. Төрде отырған жасы алпыстан асқан бір кісі қайта-қайта (мүмкін, асан руына нағашылы-жиенділігі бар шығар?): «Асандар аспанға таяқ лақтырған»- деп айта берді. Дастархан басында ұлы жүздің де, орта жүздің де ұрпақтары отырған болатын. Солардың бірі: «Аспанға таяқ лақтырғаны несі?»- деп сұрап қалды. Сол жерде отырған асанның ақсақалдары бұған күлді де қойды, ешқандай жауап қайтарған жоқ. Қасымда отырған адамнан: «Бұл кісінің өзі қай рудан екен, білесің бе?»- деп едім, ол: «Меніңше, жиеней болу керек»- деді. Өзім де біздің елдің адамы боларсың деп отырғанмын.

Әлгі кісіге: «Ақсақал, өзіңіз қай рудан боласыз?»- дедім. «Жиеней руынанмын»- деді. «Жиеней мен Асан бір ата-анадан туылған. Жиеней болсаңыз Асанның туған ағасының ұрпағы екенсіз. Мен жиенейлердің арасында көп жыл жұмыс істедім, небір сорақы қылықтарын білемін, бірақ үндемей отырмын ғой. Осы жерде Кішкененің балалары бірін-бірі мұқатқаны қалай болар екен?»- дедім.

Менің бұл айтқаныма жаңағы кісі жауап қатпады. Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады деген осы шығар?

2002 жылы Шымкент қаласында тұратын Нәжімадин деген ақсақалымыз қайтыс болған еді. Астанадан академик Елемесов Көпмаханбет ағамыз келді (Нәжекең ақсақалдың туған балдызы). Ағайындар жиналып қаза жөнелтудің барлық мәселелері шешіліп жатты. Қазақта жаназа үстінде әр атаға шапан тарату үрдісі бар. Осы мәселеге келгенде Көбекең: «Шапан таратудың не қажеті бар?»- деп қарсы болды. Сол жерде отыз шақты адам отырғанбыз, Көбекеңнің сөзіне еш адам қарсы пікір айта қоймады. Асанның ақсақалы Хайролла да, тіпті Ақылбай молда да үндеген жоқ. Бұған дейін бұл үрдіс бар болса, асанның белгілі ақсақалына келгенде неге берілмеуі керек деп біреуі айтар деп едім, шамасы Көбекеңнің мысы басқан болу керек, ешқайсысы ештеңе айтпады. Бірақ бәрінің де үнсіз отырып қалғанынан бұл пікірді құптай қоймағандары анық еді.

Басқа мәселеге ауыспас бұрын осы үнсіздікті пайдаланып: «Менің пікірім бар»- дедім. Әр жерден: «Айт.. Айта бер…»- деген дауыстар шықты. Хайрекеңе қарап: «Нәжекең кезінде қызмет атқарған, шаруашылық басқарған, елі танитын адам. Құдайға шүкір, азамат болған балалары да бар. Егер бұл бұрыннан бар дәстүр болса, неге Нәжекеңе келгенде жасалынбай қалуы керек? Өзі де талай жаназаға қатысып, талай шапан киген шығар? Мен осыған түсіне алмай отырмын»- дедім. Менің осылай деуім-ақ екен, әр жерден: «Дұрыс… Шапан таратпасақ ұят болады…»- деген дауыстар шыға бастады. Көбекең: «Олай болса өздерің біліңдер…»- деді де қойды.

Жаназада шапан таратылды. Бұл мақтаншылық, болмаса бәсеке емес — атадан қалған салт. Қай қазақтың ауызына қақпақ боларсың, ертеңіне: «Қарқарадай шалы қайтыс болып жатқанда асандар шапан таратуға жарамады»- деген әңгіме шығуы мүмкін. Егер осылай айтылып жатса, бұл сөздің ұшқыны Нәжекеңнің балаларына ғана емес, бүкіл асан руына тиген болар еді.

 

* * *

 

Теледидардан берілген бір хабарда Болат Атабаевтың айтқан сөзі бар еді: «Дарыны бар адамға, әрине, талап керек. Сонымен қатар талабын жүзеге асыруға көмектесетін тағы бір нәрсе — адаммен тіл табысу қабілеті қажет. Егер осы қабілеті болмаса, жалғыз таланттың өзімен ұзаққа бара алмайды». Белгілі режиссердің осы сөзімен толық келісуге болады.

«Талант қалайда жарып шығады» деп жатады, солай болғанмен де, табиғат берген дарынды жұртқа мойындату оңай бола қоймайды екен. Талантты алдымен қолында билігі бар адамдардың мойындауы қажет сияқты.

1928 жылы Кеңес Одағына Анри Барбюс бастаған бір топ шетелдік жазушылар келеді. Оларды сол кездегі «Октябрь» журналының бас редакторы, «Темір тасқын» романының авторы А.Серафимович қабылдайды. Кездесу аяқталуға жақындағанда ол қолына салмақты бір папкені ұстап тұрып: «Бұл әлі қолжазба, шығарманың аты «Тынық Дон» деп аталады. Авторын да есте сақтаңыздар — Михаил Шолохов. Ұзамай бұл есімді бүкіл дүние жүзі білетін болады!»- депті қонақтарға.

Қарапайым ғана дон казагі, Вишневская станицасының тұрғыны Шолохов бұл кезде небары 23 жаста екен.

Серафимович осылай дегенмен Шолоховтың әлемге танылуы оңай бола қоймапты. «Тынық Донның» жорналдық нұсқасын оқып шыққан Максим Горький шығарманы ұнатады. Жас жазушының тіл шеберлігі, романның көркемдігі оны таң қалдырады. Автор Дон казактарының өмірін шынайы суреттеумен қатар, олардың Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күреске шыққанын да айқын көрсеткен екен. Осы себептен Горький кітапты бастырып шығаруға ұсыныс бере алмапты. Ойлана келе, қолжазба туралы пікірін Сталинге жеткізеді. Шолоховты Сталинмен жолықтырады. Романдағы бас кейіпкердің ақгвардияшылар қатарында болуы, ақтардың қызылдармен жан аямай күресуі Сталинге ұнамаса керек: «Сіздің кітабыңыздағы бас кейіпкер неліктен ақтар жағында болады және ол неліктен ақылды болып суреттелген?»- депті. «Егер ақтар ақымақ болса, Иосиф Виссарионович, Ресейдегі азамат соғысы бес жылға созылмаған болар еді ғой! Дегенмен, осы соғыс кімнің кім екенін көрсетіп берген жоқ па?» — деп жауап берген екен Шолохов.

Осыдан кейін Сталин «Тынық Донды» ешқандай өзгеріссіз бастыруға рұқсат беріпті. Егер Шолохов осылай айтпағанда Сталин рұқсат бермеген болар ма еді, кім біледі? Ондай жағдайда ұлы қаламгердің әлемге танылуы да екіталай болған болар еді ғой.

1965 жылы Швед академиясының хатшысы доктор К.-Р. Гиров Шолоховқа Нобель сыйлығын тапсырып тұрып: «Дәуіріміздің данышпаны» деп мойындаған екен.

 

* * *

 

Адамның бойындағы күш-жігер немен өлшенеді?

Оның шамасы адамның басына қиыншылық түскен кезде білінеді. Кімнің кім екені жайшылықта біліне бермейді, ол тек басына қиын іс түскенде ғана анықталады. Адам баласы өмірінде бір терінің ішінде мың рет толады, мың рет солады дейді. Түрлі қиындықтардың тап болуы, тіпті пенденің сол қиындықтарды жеңе алмауы да мүмкін (адамның ойға алған жоспары үнемі орындала бермейді ғой). Бірақ сол кезеңнен жасымай және мойымай өте білу (тіпті, жеңіліс тапса да!), қайраттылықтың ең негізгі белгісі болып есептеледі екен. Ол үшін алдымен өзіңді жеңуің керек.

«Өзін-өзі жеңе білген адам ғана күшті адам болып есептеледі»- депті Сенека атты рим ғұламасы!

 

* * *

 

Адамзат пен жан-жануарлар, оған қоса барша өсімдік әлемі жер бетіндегі тіршіліктің жойылмауы үшін өмір сүреді. Себебі, барлығы да артына ұрпақ қалдырып өмірден өтеді. Осылайша, жер бетіндегі тіршілік жаңарып отырады және жалғаса береді.

Олай болса, табиғат тіршілік иесі үшін емес, керісінше, барша тіршілік иесі табиғат үшін өмір сүреді екенбіз.

Ал біз табиғатты адам үшін жаратылғандай көреміз.

 

* * *

 

Қазіргі замандағы кейбір істерге, осы заманның ұрпақтарының кейбір қылықтарына көңіліміз толмай жататыны рас. Аңғарсақ, қай заманда да кейінгі ұрпаққа көңіл толмаушылық болған екен.

Абайдың «қорқамын кейінгі жас балалардан…»- деген сөзі бар. Сол Абай «қорыққан» ұрпақ кейін Кеңестер Одағының құрамында социализм орнатуға ат салысты; соның ішінде қазақ әйелдері де ерлермен бірге қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға кірісті; сол ұрпақ фашизммен болған Ұлы Отан соғысын бастан өткізді; одан кейін XX ғасырдағы қоғамның теңдессіз қарыштап өсуіне зор үлестерін қосты.

Сонымен бірге, қазақ халқы осы кезеңде арақ ішуді үйренді, «біздің еркектен неміз кем…» деген әйел белсенділер шықты, бұрын қазақ ұлтының ойына да кірмеген ата-анасын интернатқа тапсыру әдеті пайда болды.

Шамасы, ұлы Абай «қорқамын…» дегенде, осыларды болжаса керек.

XX ғасырда ғылыми-техникалық прогресс біз білетін адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған екпінмен дамыды. Арғы жағын кім білсін, адамзаттың  Египет пирамидаларын тұрғызғаннан бергі бес мың жылдық тарихындағы ғылымның дамуы мен соңғы елу жылдағы ғылымның қол жеткен табыстары салыстыруға да келмейді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында ғалымдар атомды алғаш рет бөлшектесе, 60-шы жылдары ғарышқа адам ұшырылды, 70-ші жылдары компьютерлер шығарыла бастады. Осы ғасырдың басында адамдар жерді ағаш соқамен жыртса, ғасыр соңында ұялы телефон арқылы кез-келген аймақпен байланысқа шыға алатын болды.

Ғылыми-техникалық прогресстің пайдасы ұшан-теңіз екені анық, оған ешкімнің дауы болмаса керек, бірақ осы дамудың зиянды жағы жоқ па екен, соны бір сәт ойланып көрейікші!

XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазіргі ұрпақ дайын компьютерлер әлеміне тап болды. Бұл оларды нақты өмірден ажыратып, оны басқаша түсінуімен қатар ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады ма деген қауіп бар. Оған дәлел — қазіргі балалар қарапайым көбейту кестесінің не екенін білмейді, тек калькулятор арқылы жұмыс істейді – сол не көрсетсе соны жазады. «Осы калькулятор дұрыс көрсетпей тұр-ау» деп күмәндануды білмейді. Бұл олардың логикалық ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Адам машинаға емес, алдымен өзіне сенуі керек!

Бізбен замандас ұрпақ анасының айтқан бесік жырын естіп өсті. Ертегілер тыңдап, кітаптар оқыды. Балалар тау көтерген Толағай мен елін қорғаған Алпамысқа ұқсасам деп қиялдады, қыздар күн астындағы Күнікей қыз бен Қыз Жібекке ұқсасам екен деп армандады. Ол заманды қазіргі немерелеріміздің заманымен салыстыруға келмейді. Біз радионың өзін зор жетістік ретінде қабылдасақ, казіргі ұрпақ мектепке дейін-ақ аудио-видеотехникаларының құлағында ойнайтын дәрежеге жетті.  Бірақ, осы «меңгерулердің» пайдалы жақтарымен қатар, зиянды жақтары да жетерлік екен.

Элекронды құрылғылардың денсаулыққа зиянын айтпағанның өзінде, олардың баланың енді дамып келе жатқан психологиясына кері әсер ететіні анық. Дұңгіршектерде сатылып жатқан небір бейәдеп видеотаспалар мен DVD-дискілерді қаншама қадағалағаныңмен, балалар оны көрмей тұрмайды. Тыйым салғанның өзінде, «запретный плод слаще» деп орыстар айтпақшы, одан сайын қызыға түседі. Көшеде еркін сатылып жатқандықтан, оны тыю мүмкін де емес. Балалардың қазіргі арманы (кумирлері) Толағай мен Алпамыс, Күнікей мен Жібек емес — Шварценеггер мен Джеки Чандар болды.

Теледидардан күнделікті беріліп жатқан жойқын «боевиктер» мен көшелерде сатылып жатқан бейәдеп таспалардан, ғаламтордың шектеусіз мағлұматтарынан жас ұрпақ қандай тәрбие алмақ? Осындай жағдайда олар әдептілік пен гуманизмге тәрбиеленеді деп айта аламыз ба? Олар озбырлық пен күш қолданудың үстемдігі салтанат құрған, кім күшті болса соны ғана мойындайтын әлемге қызығып өспей ме? Оның үстіне қазіргі техника жетістіктерінің «арқасындағы» балалардың ойлау мүкіндігінің шектелуін қоссақ, бұл бір ұрпақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының трагедиясына айналып кетпес пе екен деген қорқыныш туады.

 

* * *

 

Жақсы жігіт түзде батыр, жаман жігіт үйде батыр.

 

* * *

 

Адамның ақылдылығы көп білгендігімен емес, сол азды-көпті білгенін жүзеге асыра білуімен есептелінеді.

2008 жыл

 

Біздің Парламент формальді түрде Үкіметтің есебін тыңдайды. Бірақ, оның айтқанынан шыға алмайды. Үкімет Президенттің айтқанын орындауда. Ал Президентіміз ойына не келсе, соны істеп жатыр!

 

* * *

 

Балпық би айтыпты дейді:

Болашақта:

Құрамалы-қорғанды үйің болады,

Айнымалы-төкпелі биің болады.

Халқына келер түк пайдасы жоқ,

Айдан-айға созылған жиын болады…

Ішіне шынтақ айналмас,

«Ежірей» деген ұлың болады,

Ақыл айтсаң ауырып қалатын,

«Бедірей» деген қызың болады.

Алдыңнан кес-кестей өтетін,

«Кекірей» деген келінің болады…

Ішкенің сары су болады,

Берсең ит ішпейді,

Адам оған құмар болады…

Домалақ-домалақ дәрің болады,

Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.

Ертеңіңе сенбейтін күнің болады,

Ала-шұбар тілің болады,

Дүдәмәлдеу дінің болады…

Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,

Ит пен мысықтай ырылдасқан,

Еркек пен қатының болады.

Қарыныңның пайдасынан аспайтын ақылың болады,

Белгісіз біреуді мадақтаған ақының болады…

Халқының қанын сорған надандар болады,

Қабағын түйіп, қайыр сұрайтын адамдар болады.

Қалтаңа салып жүретін «боғың» болады,

Ауызыңда дайын тұратын тоғыз түрлі «жоғың» болады.

Сарылып көлік тосасың,

Құнсыз қағазды судай шашасың…

Балпық бидің қай заманда өмір сүргенін білмедім, бірақ осы айтқандарының бәрі қазіргі кезде айна-қатесіз келіп тұр.

 

* * *

 

Орыс ақыны Андрей Рождественскийден: «Әйел мен еркектің зына жасауының қандай айырмашылығы бар?»- деп сұрапты. Сонда ақын: «Ер адамның зына жасағаны терезеден түкіргендей, ал әйелдікі терезеге түкіргендей. Айырмасы сол ғана!»- деп жауап беріпті.

 

* * *

 

«Құдірет дегеніміз физика». Бұл сөзді мен жиырма жасымда жазыппын. Кішкене қойын кітапшамнан осы сөзді оқыған кластасым Әбілжанның: «Мұны қалай түсінуге болады?»- деп сұрағаны бар еді. Оның бұл сұрағына кезінде жауап бермеген едім — түсіндіре алмасымды білдім. Мұны қазір де толық түсіндіру қиын.

Бізді қоршаған әлемнің — галактиканың — арғы жағында не бар? Ғалам қандай заңдылықтарға бағынады? Біз бұл сұрақтарға толық жауап бере алмаймыз, сондықтан бір ауыз сөзбен «Құдайдың құдіреті» дейміз.

Бір ақиқаты, галактикада болып жатқан барлық құбылыстардың белгілі бір заңдылыққа бағынатындығы. Күн жүйесіндегі планеталар өздерінің орбиталары бойынша Күнді айнала қозғалса, осы жүйенің өзі түгелімен галактикадағы бір нүктені орбита бойынша қозғалатыны анық. Мұның бәрін толық анықтауға ғылымның әлі шамасы жете қойған жоқ. Бізге белгілісі — ғаламда болып жатқан барлық құбылыстардың белгілі бір заңдылыққа сүйенетіндігі. Осы заңдылықты түсіндіріп бере алатын ғылымдардың негізгісі физика ғылымы болып табылады.

Егер бар ғалам физиканың заңдылықтарымен өмір сүретін болса, онда оның құдірет болмаған несі қалды?

 

* * *

 

Жер бетінде мыңнан астам ұлт пен ұлыс бар. Солардың ішінде жеті үрпағына дейін қан араластыруға тыйым салатын жалғыз ғана қазақ халқы болса керек. Еврей ұлтының да шежіре тізіп жататынын білеміз, бірақ олардың мақсаты ата-бабаларының есебін жүргізуден әрі аспайтын сияқты.

Генетика ғылымында жақын қан араласу ұрпақтың азуына әкеліп соғатыныны дәлелденген. Яғни, неғұрлым алыс аталастардың некелесуінен туатын ұрпақ солғұрлым сапалы (егер адам баласы жөнінде осылай айтуға болатын болса) болады екен. Біздің ата-бабаларымыз генетика ғылымы жайлы ештеңе білмесе де, оның заңдылықтарын түсінген. Сол себептен жеті ұрпаққа дейін қан араластыруға рұқсат бермеген.

Қазақ неге жеті ұрпаққа дейін қыз алысуға тыйым салады? Неге алты, болмаса сегіз емес? «Жеті ата» деген ұғым қайдан шыққан? Әлде жеті саны қасиетті болып есептелгендіктен бе? Меніңше, мұнда мынандай сыр бар.

Генетиктердің айтуынша баласының қаны (гені) әкесі мен анасының қанынан елу пайыздан алады (бауырластардың қаны өзара жүз пайызға ұқсас болады). Келесі ұрпаққа (немереге) әкесінің қанының елу пайызы берілсе, атасының қанының ширегі беріледі. Одан кейінгі ұрпаққа (шөбереде) үлкен атасының қанының 1/8 бөлігі беріледі. Осылай кете береді. Алтыншы ұрпақта бұл көрсеткіш 1/64 болса, жетінші ұрпаққа алғашқы бабасының қанынын 1/128 бөлігі ғана беріледі екен. Бұл дегеніңіз қанның ұқсастығы бір пайызға да жетпейді деген сөз. Міне, қазақ осыдан кейін ғана қан араластыруға, яғни қыз алысуға болады деп есептеген.

Бұл мәселенің екінші жағы бар.

Қазақта шежіре ата жағынан жүргізіліп, ана жағы есепке алынбайды. Осы себептен шешесінің жақын туысына үйленіп жатқан жағдайда «жеті ата» дәстүрі бұзылмаған болып есептеледі. Ал қанға келетін болсақ (ғылыми тілмен айтқанда «генге») ол атаға да, анаға да бірдей. Сондықтан  нағашы мен жиендердің үйленуі жақын қан араласуына әкеліп соғады, шын мәнісінде жоғарыдағы айтқан жеті ұрпаққа дейінгі қан араластырмау дәстүрі бұзылған болып шығады.

Осы себептен, қолдан келгенше, ана жағының (нағашысының, түп нағашысының, т.с.с.) да шежіресін біліп, жақын қан араласудың болмауын қадағалаған дұрыс.

 

* * *

 

Тәуелсіздің алғаннан кейін Қазақстан Республикесының мемлекеттік шекарасы ресми түрде бекіді. Бірақ қазақ халқының байырғы жерлері осы шекараның ішіне түгел енген жоқ.

XIX ғасырда Ресей мен Қытай империяларының зорлығынан қазақтар ежелгі жерінің біраз бөлігінен, атап айтқанда Қытайдағы Шығыс Түркістан жерінен, Ресейдегі Астрахань, Орск, Тюмень, Кемер  облыстарынан, шығыс Алтайдан айырылды. Ал XX ғасырда (КСРО кезінде) Орынбор облысын, Қарақалпақстанды, Шымкент облысының бір ауданын өз қолымыздан бердік. Тіпті егемендік алғаннан кейін де Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Талдықорған облыстарының кейбір жерлерін ұстап тұра алмадық.

Біздің бұл жерде айтпағымыз сол жерлерді даулап көрші мемлекеттерге соғыс жариялау емес. Дегенмен, біз көрші мемлекеттермен тату-тәтті өмір сүру үшін ғана өзіміздің байырғы жерлерімізді оларға еш дау-дамайсыз бере салатын болсақ, онда біздің жерімізге көз алартатын «ағайындар» әлде де табыла бермек. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген сөз бар, біздің ел басқарған азаматтарымыздың солқылдақ саясатын өз ыңғайына пайдаланғысы келетін мемлекеттер жеткілікті. Жерімізді беріп, іргемізді бекіттік дегеннің өзінде, енді мәңгілік шекараға ие болдық деп нық сеніммен айта аламыз ба? Ондай кепілдікті бізге кім береді?

Шекараның сыртындағы қазақтар жөнінде де мемлекетіміздің ұстанып отырған саясаты түсініксіз. Оларға «оралман» деген атақ беріп, онсыз да мардымсыз бюджеттен мардымсыз ақы төлеп елге шақырғаннан гөрі, сол отырған жерінде тілі мен салт-дәстүрін жоғалтпай өмір сүре берулері үшін жағдай жасау керек сияқты. Себебі, олар басқа жерде емес, өздерінің тарихи мекендерінде өмір сүруде, сол жерде олардың ата-бабаларымыздың сүйектері жатыр. Болашақта не болатынына ешкімнің көзі жетпейді, яғни заманның қалай құбыларын ешкім де болжай алмайды! Мүмкін, қандастарымыздың сол ата мекенінен көшпегендері дұрыс шығар? Біз қазір сол өлкелерге барғанда байырғы қазақ жері деп барамыз, егер бірде-бір қазақ болмаса кімнің жері деп барар едік? Бұл өз еркімізбен өз жерімізді тастап шығу емес пе?

«Елім-жерім» деп келген оралмандардың кейбірі қайда барарын білмей қаңғып жүр. Мемлекет оларды қазақтар аз қоныстанған солтүстік облыстарға орналастырып, жұмыспен қамтамасыз етсе құба-құп болар еді. Оны жасап жатқан үкімет жоқ.

Серікболсын Әбділдин ақсақалдың бұдан екі жыл бұрын айтқан сөзі бар: «Біз сырттағы қазақтарды қозғамауымыз керек. Егер көмек қажет болса, қолдан келгенді сол отырған жерлерінде көрсетуіміз керек».

Дұрыс айтылған пікір деп ойлаймын.

 

* * *

 

Ата-анамыз бізді «адал бол», «ала жіпті аттама», «өтірік айтпа…» деп тәрбиеледі. Шамамыз келгенше сол айтқандарын орындауға тырыстық.

Ал қазір баламызға солай деп айта аламыз ба?

Айналамызда болып жатқан тірліктерден адал жолмен күн көрудің қиын екенін байқап отырмыз. Нан табу мен аштан өлмеуге болар, бірақ тәуір өмір сүру үшін бұның аздық ететіні анық. Жасыратыны жоқ, жұрттан қалмау үшін қазіргі заманда адамдар неше түрлі қулық-сұмдыққа, айла-шарғыға барып жатыр. Бұрынғы ұят нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналды. Өтірік айтумен және алдап-арбаумен дүние жинағандардың мерейінің үстем болып жатқанын көріп отырмыз. Біз ғана емес, балаларымыз да көріп отыр. Осыдан кейін балама «адал бол» деп айтуға қалай аузым барады?

«Әке, адал жолмен жақсы тұрмыс құруға болатынына көзіңіз анық жете ме?»- деп балам сұрап жатса, қазіргі жағдайда: «Неге жетпесін, жетеді!»- деп нық сеніммен айта алмаймын. Егер айта алмасам, қалайша адал жүр деп тәрбиелей аламын?!

Сонда баламды қалай тәрбиелеуім керек? Қатарыңнан қалмау үшін өтірік айт, қулық-сұмдықты үйрен деуім керек пе?

Қайран қазағым бұның да жолын айтып кетіпті: «Заманың түлкі болса, тазы болып шал»- дейді. Енді баламды осыған үйретуім керек шығар!?

 

* * *

 

Қазіргі биліктің қазақ халқына жүргізіп отырған саясатын қалай түсінуге болады? Бұл қазақ деген ұлтты түбірімен жою үшін жүргізіліп отырған саясат! Мұндай саясат билікке не үшін қажет болды? Билік (Президент бастаған азғантай ғана топ) адамның ойына келмейтін байлыққа ие болды. Енді олар осы қазынадан айырылып қалмаудың амалын қарастыруда.

Күндердің күнінде осы ұрлықы байлықтың ізін даулайтын бір ғана ұлт бар — ол қазақтар. Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың ойларында бұндай пиғыл жоқ, тіпті болуы мүмкін де емес. Себебі, бұл жер олардың тарихи отаны емес.

Егер осы даудың бастау көзі қазақтар болатын болса, онда биліктің не істеуі керек? Әрине, қазақ ұлтын жоюдың амалдарын қарастыруы керек. Бұл жерде сол биліктегілердің өздері қазақ емес пе деген сұрақ тууы мүмкін. Байлық пен билік үшін өз ұлтын құрбандыққа шалып отырған адамдарды қазақ деп атауға болмайды. Оларда ұлт жоқ, тек құлқын ғана бар. «Қазақ халқы» деудің орнына «Қазақстан халқы» деген ұғымды ендіруге тырысу, іштен ірітіп-шіріту мақсатында неше түрлі діндерді уағыздау, «урбанизация» деп аталатын қазақ халқына түсініксіз саясат жүргізу арқылы оны ауылдан бездіру… Міне, мұның бәрі осы жерді қаншама ғасырлар бойы қанымен қорғап келген халықты тілінен, дінінен, ділінен айырудың, яғни жоғарыдағы саясатты жүзеге асырудың амалдары.

Тарихқа көз жүгіртсек талай патшалар мен билеушілер өткен екен.

Сол билеушілердің билік құруы әртүрлі болғанымен, оларды бағалайтын бір ғана өлшем бар – ол билеушінің өз халқы үшін істеген еңбегі! Осы тұрғыдан қарағанда, қазіргі биліктің ел есінде теріс қылықтарымен қалатыны анық. Бұл биліктің өте ұзақ уақытқа созылуы мүмкін (Назарбаевтың қанша жыл өмір сүруіне байланысты). Осы саясат әрі қарай жалғасын таба берсе, бұл кезең қазақ халқының тарихында тағы бір «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып қала ма деген қауіп бар…

Қазақ халқы өз тарихында қаншама қиыншылықтарды басынан өткізбеді? Сол қиыншылықтардың бәрінен құрып кетпей, аман қалып отырған екен. Мұның себебін зерттеген адам болған емес. Қалай болғанда да, қазақ халқын құрып кетуден сақтап келе жатқан бір тылсым күш бар сияқты. Сол құдіретті тылсым күш қарапайым да аңғал қазақ халқын әрқашан аман сақтағай деп тілейік!

 

* * *

 

Абылай ханға: «Ей, Абылый, Абылай! Сен Төле бидің түйесін баққан құл едің…»- деген Бұқар жырау, Жәңгір ханға: «Хан емессің қасқырсың, қара албасты басқырсың!»- деген Махамбет ақын, Кене ханға: «Атаңа нәлет таз қалмақ!»- деген Жанқожа батыр кім үшін айтты осы сөздерді?

Қазақты қиянатқа бермеймін, елімнің ар-намысын қорғаймын деп айтқан жоқ па еді? Бұлар халық мүддесін өз жандарынан жоғары қойған, халқының намысы үшін кімге де болса қасқая қарсы тұра білген қазақтың теңдесі жоқ ержүрек ұлдары еді ғой!

Бұқар жырауды білмеймін, қалған екеуін өзіміздің қазақтар өз қолдарымен өлтірген екен.

 

* * *

 

Балшыққа тайып жығылсаң киімің бүлінеді, ал біреудің көз жасына тайып жығылсаң – бүкіл өмірің бүлінеді.

 

* * *

 

Шығыс жұлдыздарының бірі Омар Хайям өзінің өлмес рубаяттарымен белгілі. Алғашқыда бұл шумақтардың егесі маскүнем болып көрінуі мүмкін. Бірақ, үңіліп қараған адамның ақын рубаяттарының терең философияға құрылғанын аңғаруына болады.

Бүгін бір ішейінші, құйшы шарап,

Моламнан өлсем исі тұрсын тарап.

Қасынан қабірімнің өткен адам,

Елітіп, естен танып қалсын қарап.

 

Жаз да өтер, өтер қыстың қар-ақпаны,

Жыртылар өмір кітап парақтары.

Қайғырмай, онан дағы шарабыңды іш,

Қайғы зәр,- депті хәкім,- шарап дәрі.

 

Бір күні кітаптан пал қалсам ашып,

Сөз көрдім дана жазған жанталасып.

Депті ол — бақыттысың құшағыңда,

Ұзақ түн айдай сұлу болса ғашық.

 

Белдегі сұйық едік бірер тамшы,

Тудық қой, ләззат оты болып қамшы.

Жел айдап күлімізді кетер ертең,

Жарқыным шарап ішіп, сайран салшы.

 

Шөліркеп шарап ішсең данамен іш,

Немесе гүл майысқан баламен іш.

Аздап іш, анда-санда тығылып іш,

Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш.

Сау жүрсем құра алмаймын сауық-сайран,

Мас болсам жын қақандай салам ойран.

Масаңдау жүретін бір кез болады-ау,

О шіркін, нағыз өмір сол ғой, қайран.

 

Қолымда қойдың бір жақ саны болса,

Алдымда ақ бидайдың  наны болса.

Отырсам ескі жұртта ару құшып,

Мен сәлем бермес едім ханыңа онша…

Омар Хайям ақын ғана емес, сонымен қатар философ, математик және астроном болған. Оның:

Жеті қат жер мен зауһал аспандағың,

Үйрендім, білдім бәрін жасқанбадым.

Жалғыз-ақ шамам жетіп шеше алмадым,

Өлімде қандай жұмбақ астар барын[4],- деген сөзі бар.

Ал өлгеннен кейін не болатынына Омар Хайям түгілі, одан зорларының да көзі жетпеген.

 

* * *

 

«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын…»- деп Абай айтпақшы, кешегі Кеңес үкіметінің құлауы көз алдымызда өтті. Орыста «смутное время» деген сөз бар. Мұны қазақшаласаң — ел басына күн туған, алды не болары белгісіз тар кезең дегенді білдіреді. Кешегі «Қайта құру» да осындай тар кезең еді. КСРО-дағы социалистік қоғамның  дәл сол күйінде капитализммен тайталаса алмайтындығы белгілі болды. Бұны Горбачев те түсінді. Бірақ КСРО-дағы социалистік құрылысты сақтай отыра, капитализмнен озу мүмкіндіктерін сол кездегі басшылар дұрыс таба алмады ғой деп ойлаймын. «Қайта құру» идеясы бір ғана Горбачевтың басындағы ой болатын, басқаларға ол түсініксіз болды. Идеясының соңы неге апарып соғатынын «автордың» өзі де толық білмеді-ау деймін. Қысқаша айтқанда Горбачев бұлай кете беруге болмайтынын білді, бірақ қалай қарай жүруге болатынын білмеді, яғни тығырықтан шығудың бағдарламасын дұрыс жасай алмады.

Ел басына М.Горбачев келіп, социализмді «қайта құрамын» деген оймен өз білгенін істеген кезде, «бұл бастаманы олай емес, бұлай жасау керек»- деп айтқан ешкім болған жоқ. Ельцин сияқты бір-екі коммунистер ғана қарсылық көрсеткен болды, онда да олардың алдында қоғамның емес, өздерінің жеке басының мүдделері тұрды ғой деп ойлаймын. Саяси Бюроның басқа мүшелері тек үнсіз бақылаумен отырды. Олардың осы «үнсіз бақылап отыруы» ақырында елдегі бүкіл жүйенің өзгеруіне әкеліп соқты. Олар алдарында қандай апат тұрғанын алғашқыда аңғарған жоқ. ГКЧП[5] мүшелерінің әрекетінен де ештеңе шықпады (бірақ, олардың мақсаттары дұрыс еді — КСРО-ны сақтап қалу болатын). Төтенше Комитет мүшелерінің ойларында не бар екенін халық түсінген жоқ, сондықтан қолдай қоймады. Кеңес өкіметі құлай кояды деген ой ол кезде ешкімнің басына келмеген болатын.

Бұл өкіметтің ыдырауы өз алдына бөлек әңгіме, менің бұл жерде айтайын деп отырғаным кейбір адамдардың өз көзқарастарын тез өзгерте салатындығы болып отыр. Кешегі социализмнің сойылын соғып жүрген белсенділердің енді сол қоғамды айыптап, табан астынан «капиталист» бола қалуын мен түсінбеймін. Сол адамдар социализмнің қағидаларымен келіспесе, басында компартияға мүшелікке неге өтті? Партияның Жарғысы мен Бағдарламасының бағыты социалистік қоғамды дамыта отырып коммунизм құру емес пе еді?

Кезінде Свердлов обкомын, кейін Москва қалалық партия комитетін басқарған және Саяси Бюроға мүше болған Ельциннің өзі бүкіл елдің алдында партия билетін отқа жақты. Ол нағыз азамат болса партия билетін өртемеу керек еді, сол билетті төс қалтасына салып жүріп Горбачевпен күресуі немесе партиядан арыз беріп шығып кетуі керек еді.

Ал Горбачевке келетін болсақ, меніңше оның ойында Кеңес өкіметін құлату болған жоқ сияқты. Кейін кейбір басылымдарда оның АҚШ-қа «сатылғаны» жөнінде және Рейганмен «келіскені» жөнінде жазылып жатты. Бұның барлығы бос сөз сияқты. Анығын айтқанда ол мемлекетті басқарудың «тізгінінен» айрылып қалды. Бар болғаны осы!

Кейде небір ойға келмейтін нәрселер жүзеге асып жатады. Кешегі Кеңес өкіметінің ыдырауына Горбачев пен Ельциннің арасындағы жеке дүрдараздықтың себеп болғанын ескерсек, осындай принципсіз адамдардың тарихқа өзгеріс енгізгеніне таң қалмасқа тағы болмайды?! Бұл жерде партия мен қоғамның емес, жеке адамдардың мүдделері басты мақсатта тұрды.

Қорыта айтқанда мұның барлығы әлемде алғаш рет еңбекші халықтың мемлекетін орнатқан РСДРП(б)-ның ізбасары — сол құдіретті мемлекетті 73 жыл бойы басқарып келген Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының саяси аренадан ығыстырылуынан, яғни КСРО Конституциясының 6-шы бабының алып тасталынуының салдарынан болған жағдайлар еді.

Социализмді тығырықтан шығаруға болатынына, тығырықтан шығарып қана қоймай, әрі қарай қарыштап дамытуға болатынына Қытай компартиясы экономикалық реформа жасау арқылы көз жеткізді.

 

* * *

 

Шымкент қаласының Әл-Фараби алаңындағы драма театрдың маңдайшасына: «Қазақстан деген ортақ шаңырағымызда бірлігіміздің іргесі кеңейіп, ынтымағымыз арта берсін! Н.Назарбаев» деген ұран ілініпті.

«Ортақ шаңырақ…» Сонда бұл шаңырақтың қазақтікі болмай шыққаны ма?! Ортақ деген сөз біреуге емес, бәріне тиесілі дегенді білдірсе керек еді ғой. Қазақ халқы өзінің шаңырағынан да айрылып қалғаны ма?

Егер ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешетін заман болса (құдай оның бетін әрмен қылсын!), осы шаңырақты корғап қалатын қазақ ұлты ғана болмақ. Басқа «бауырлардың» ол кездері өз шаңырақтарын тауып алары анық. Тарихта мұндай жағдайлар болған. Толыбайұлы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында Қытай мен Орыс патшалығының жоңғарларды зеңбірек пен мылтық беріп қазақтарға қарсы қойғаны (Жоңғар шапқыншылығы), Хиуа мен Бұхар хандарының түрікмендерге мылтық сатып, қазаққа қарсы айдап салғаны былай айтылады:

Орыс, Қытай көршіміз,

Ойраттарды жақтаған.

Мылтық алып солардан,

Жорыққа қалмақ аттанған…

…Парсыдан көмек сұрауға,

Қазақтың қолы жетпеді.

Туыстық сөзі үш жүздің,

Өзбектерге еш өтпеді…

…Хиуа, Бұқар хандары

Қазақтарға қатайды.

Бізден барған елшіге

Мылтық сатпай шалқайды…

Сол сияқты көршілес қырғыз, қарақалпақ, татар және башқұрт халықтарының да бізге көмектеспегенін айтады.

«Өкпе айттық қиын күнде мұсылманға.

Ішінде мұсылманның туысқанға.

Ноғайдан басқалары болысқан жоқ,

Қалмақпен үш жүз жылдай соғысқанда» – дейді.

Тіпті басқа ұлт түгілі, өзіміздің төрелер жайлы:

«Сақтауға өз бастарын кейбір төре,

Қалмақпен құда болып аман қалған.

Жаудан аман қалуға тәсіл тауып,

Шабылмай ауылдары есен тұрған…»

Қазіргі төрелер маған ренжімесін — мен сол дастаннан естігенімді жазып отырмын (бұл дастан Қазақ радиосынан 2006 жылы екі күн қатарынан берілді). Ал Қожаберген жырау өтірік айтады деуге ауызым бармайды.

Қазақ халқының қанымен қорғалған осы шаңырақты неге «Қазақтың шаңырағы» деп айта алмаймыз? Ұлттық намысымызды неге жерге таптаймыз? Егер басқа ұлттардың көңіліне қарағымыз келсе: «Қазақтың шаңырағына топтасқан басқа ұлттар да бар… » деп айтуымызға болады ғой!

Ел басындағылар келеді-кетеді, ал халық әруақытта орнында қалады.

 

* * *

 

Қызылорда облысындағы Арал ауданында Нұрсұлтан Жұбатұлы атты ақын болғанын көпшіліктің біле бермеуі мүмкін. Егер білмесеңіз, төмендегі екі өлеңін оқып көріңіз.

1944 жылы сұрапыл соғыс кезінде қазақ солдатының Польшаның астанасы Варшава қаласынан анасына жолдаған хатын былай келтіреді:

Майданнан хат.

 

Хат жазамын майданнан,

Мейірімді, ғазиз анама.

«Жақының-жарың» дегенмен,

Анадан артық бола ма?

Көңіліңде тілек, көзде жас,

Екі қолың жағаңда.

Қасірет шегіп, қан жұтып,

Сарғайдың ба санаға?

Сағынған соң мені ойлап,

Жүрегің оттай жана ма?

Ет-бауырың елжіреп,

Қайғыра берме балаңа.

Сабырдың суын себе гөр,

Жаныңдағы жараға.

Ажалсыз адам өлмейді,

Мезгілсіз шөлмек сына ма?

Ердің басы ел үшін,

Арыма жаным садаға!

Өмір мен өлім таласты,

Кеудемдегі шараға.

Қанды көбік көпіріп,

Қан ағады салаға.

Бұлт жамылып, қар төсеп,

Мен жатырмын далада.

Ойнатып жасын, от шашып,

Майдан мен екі арада.

Ажалдан қорқып, жасқанып,

Жантаймаймын жыраға.

Солай да болса жан ана,

Қайғыланып жылама.

Қолыңдағы бөбектің,

Тілегін тіле, шыда да.

Мен үшін сүйіп бетінен,

Баға бер жасын сана да.

Арғымақ кетсе тайың бар,

Үкілеп баққан қорада.

Қаз-қаздаған қарғашың,

Жеткізер бір күн қараға.

Мақсатым бітпей               қайтпаймын,

Отаным үшін жан пида.

Шаншамын қызыл туымды,

Берлин атты қалаға.

Егескен жауды ер емес,

Келтірмесе тобаға.

Өжет жүрек, ер көңіл —

Ерлердің ісі, сірә да!

 

16 декабрь, 1944 жыл. Варшава қаласы.

Баласының хатын алғаннан кейін анасының жазған жауап хаты:

Майданға хат

 

Құлыншағым, аман ба,

Қолыма тиді сенен хат.

Хабарыңды есітіп,

Қуанып қалды бұл елат.

Күніне тоқсан тілеймін,

Құлыным бол деп саламат.

Жүрегім жалын, ішім у,

Жанымда ауыр жарақат.

Суретің келді хатыңда —

Қынай буып беліңді,

Шекпен киген жалаңқат.

Ерге лайық бес қару,

Асыныпсың автомат.

Суретіңе қарасам —

Емшегім иіп, сүт тамад.

Көзімнің жасы төгіліп,

Ұйқыдан кетті рахат.

Кірпік қақпай ұзақ түн,

Сарғайтты мені қасірет.

Кеште де, күндіз тіледім,

Құлыным кел деп саламат.

Құрсағымды жаралап,

Тоғыз ай тұрдың аманат.

Жарығын көріп жаһанның,

Жақсылық болды ишарат.

Екі емшекті иіттің,

Ақ төсімді аймалап.

Қанша бейнет көрсем де,

Сенің үшін болдым шат.

Ет-бауырым елжіреп,

Жүрегім толы махаббат.

Балауса жүзді, бал тілді,

Сөйледің былдыр не қымбат.

Таса қылмай көзімнен,

Өсірдім сені бір сағат.

Мектепке беріп үйреттім,

Тәрбие-ғылым ікаят.

Бақшаның қызыл гүліндей,

Бойға толдың жалбырап.

Еліңді сүйдің, ер болдың,

Атанып халыққа азамат.

Шүкір қылып отырмын,

Асынып, қару міндің ат.

Қарғашым, саған не дейін,

Жаннан да қымбат ар-ұят!

Жасқанба жаудан, батыл бол,

Жақсыға жақсы ат лайқат.

Ажалың жетпей өлмейсің,

Қасарған жауға қарсы шап.

Дұшпаның ұзақ қарғадай,

Сен лашын құс жез қанат.

Отаның үшін қарағым,

Арың қымбат жаныңнан,

Алтын балдақ, шар болат.

Бөбектерің аман-сау,

Ас жейді әзір қолымнан.

Ербеңдеген ермегім,

Лақ-қозы қайырсам,

Қалмайды сүйем соңымнан.

Кекілдері жалбырап,

Киімі бар порымнан.

Жеті сайын шомылып,

Тырнағы таза алынған.

Жағдайсыз емес келінім,

Оны да көрем бағымнан.

Қайырмайды тілімді,

Жібектей майда жамылған.

Көңілімде алаң жоқ,

Жаның сүйген жарыңнан.

Уһілеп кейде дем алып,

Шығады түтін жалыннан.

Ағайын-туған, елатың,

Тегіс күйлі, бәрі аман.

Қысымыз жайлы, мал күйлі,

Өреді жылы қорадан.

Бағулы тұр дөненің,

Бауырынан жараған.

Жақында ғана хат алдым,

Елемес күйеу баладан.

Ағыбайдан хабар бар,

Докторда жатыр жарадан.

Сәлем хат үзбей келіп тұр,

Құдаша қыз Сарадан.

Мырза ағаның үйінде,

Жақсығаным, Еркежан.

Майданға кеткен жастардың,

Бір қатары келді аман.

Құлыным жағдай осылай,

Қол кетпей тұр жағадан.

Хабарыңды жиі жаз,

Өтпесін көп күн арадан.

Соңғы хатты жазыпсың,

Варшава деген қаладан.

Талқандап жауды аман қайт,

Бұлт серпіліп көгімде,

Жазылсын жүрек жарадан!

 

15 январь, 1945 жыл. Арал қаласы.

Нұрсұлтан ақынның осы өлеңін (толғау десе де болады) алғаш рет Арал мен Қазалы өңірінің термешілерінен естіген едім. Кейін толық мәтінін кездестіріп, жазып алдым. Алғашқы ойым осы толғаудан үзінді келтіру еді, бірақ өлең монолиттен құйылғандай, еш бөлуге келмеді. Сол себептен, осындай толғау шығарған адамның осал ақын еместігін мойындай отыра, кейінгі жастарға үлгі болу үшін, өлеңнің мәтінін толық келтіріп отырмын.

 

* * *

 

Шекті Есет Көтібарұлының бастауымен кіші жүз қазақтары 1850-1858 жылдары орыс отаршыларына қарсы көтеріліске шыққан. Осы көтерілісте қол бастаған Ерназар мен Бекет батырларды патша әкімшілігі ұстап әкетеді. Шектілер қанша талпынса да құтқара алмайды, екеуін де Сібірге жер аударады.

Осы оқиғадан кейін Жетес би бір даудың ізімен қыр шектілеріне барыпты (өзі сыр шектісі болып есептеледі, жақайым руынан). Жәкеңді билерге арнап тігілген үйге түсіреді. Төрде түйенің жарты етіндей семіз біреу отыр екен, ығыса қоймапты. Амандасып болғаннан кейін танысып-білісе бастайды. Әлгі семіз (қыр шектісінің биі) Жетеске қарап: «Дауылпаз деген құс болады, дауысы жер жарады, қасына барсаң шынашақтай ғана болады деуші еді. Алыстан Жетес би деген атыңды естуші едік. Атың жер жарғанмен өзің ішкен-жегені бойына жұқпаған томашадай ғана жан екенсің ғой»- депті.

Сонда Жетес би: «Иә, дұрыс айтасың. Ерназар мен Бекет батырлар итжеккенге айдалғалы арсыз шекті семіз болды да, арлы шекті арық болды ғой»- дейді. Сол кезде әлгі би орнынан ұшып тұрыпты. «Жәке, мына сөзіңіз сүйектен өтіп кетті ғой, басқа жан естімей-ақ қойсын,- деп төрден орын ұсынған екен.

Сөздің қадірін біліп, оны түсінген сондай заман да болыпты!

 

 

 

 

2009 жыл

 

Қызметі көтерілген адамның: «Бұған өзімнің қабілетім арқылы жеттім»- деп ойлайтыны анық. Қызметінен түсіп қалған жағдайда, неге екені белгісіз, кінәні басқа адамдардан іздей бастайды.

 

* * *

 

Белгілі поляр зерттеушісі норвег Фритьоф Нансеннің эскимостар туралы былай деп жазғаны бар екен: «Эскимостар өте шыдамды халық. Өздерінің сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Бұларда біреуі аш отырғанда басқасының тоқ жүруі деген ұғым жоқ. Не көрсе де бәрі бірдей көреді. Нағыз социалистік қоғам осыларда… Европалық өркениеттің осы халыққа келтірген пайдасынан зияны көп болды. Бұрын арақ пен темекінің, туберкулез бен сифилистің не екенін білмейтін халық, қазіргі өркениеттің «жетістіктерінің» нәтижесінде азып-тозып бара жатыр… Мұндай жағдай тек эскимостардың ғана емес, Америка индеецтері мен Перу инктерінің де бастарында бар. Сонда, бүтін бір ұлт пен ұлыстарды жер бетінен жойып жатқан осындай қылмысты, қалай ғана өркениет деп айта аламыз[6]

Нансенның осы айтқандары қазақ халқының да басында бар. Европалық өркениеттің (біз үшін «орыс мәдениеті») пайдалы жақтарымен қатар зияны да жеткілікті болды.

Бұрынғы қазақ даласында түрме деген болмаған (осы сөздің өзі орыстың «тюрьма» деген сөзінен алынған). Біреу қылмыс жасаған жағдайда бидің шешімімен құн төлеген. Егер оған өзінің шамасы келмесе, құнды сол адамның ағайын-туысы, руластары бөліп төлейтін болған. Осы себептен қылмыс көп болмаған.

Қазақта отағасы өлген жағдайда жесір қалған әйел әменгерлік жолымен күйеуінің ағайындарына (қайнағасына немесе қайнысына) некесі қиылған, яғни жетім балалар далада қалмаған.

Патша әкімшілігі қазақ даласына өз үстемдігін жүргізе бастаған кезде, сол даладағы ғасырлар бойы қалыптасқан билер шешімін жойды. Оның орнына сот шешімін орнатты (қазақта бұрын мұндай сөз де жоқ болатын, бұл орыстың «суд» деген сөзінен шыққан). Қазақ дәстүрінде кез-келген адам би бола алмайтын еді, ол үшін сол адамның халық алдында беделі болуы керек еді. Сонда ғана би деген атақ алатын және ел оның айтқанына тұратын. Қазақтың: «Кімнің бай болғысы келмейді — құдайы қаламайды, кімнің би болғысы келмейді — халқы қаламайды»- дейтіні сондықтан. Ал патшалық Ресей енгізген сот жүйесінде заң саласының кез-келген чиновнигі сот (судья) бола алатын еді.

Кеңес өкіметі әменгерлікті жойды. Жесір қалған әйел енді өзі қалаған адамына тұрмысқа шыға алатын болды. Әйел теңдік алғанымен, бұрынғы күйеуінен қалған балалары үшін соңғы әкесі өгей әке болып есептелді. Қазақ ұғымында бұрын өгей шеше болғанымен, өгей әке деген болмаған еді.

Қазақ дәстүрі бойынша ата-анасы балаларын кезегімен үйлендіріп, оларға енші беріп отырған. Бөлек отауға шығарған. Өздері ең кенже баласының қолында қалатын болған. Сол себептен қазақта қартайған шағымда далада қаламын-ау деген ой болмаған.

Ал қазір біз дүние жүзіндегі түрмесі мен қылмыскері көп мемлекетке айналдық. Балалар үйі тұрмақ, қарттар үйі пайда болды. Өзін өмірге әкелген, бағып-күтіп өсірген ата-анасын қартайған шағында қарттар үйіне тапсыратын ұрпақ шықты. Қазақтың ізгі де керемет салт-дәстүрлері бірте-бірте жойылып бара жатыр.

Өркениеттің бізге бергені де, алғаны да көп екен!

 

* * *

 

«Темір қақпалы Дербентті,

Бұзатын кезім келмепті…»

Деп жүргенде, асықпай,

Алпысың да кеп жетті…

 

* * *

 

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев теледидардан («Көзқарас» бағдарламасы — 08.04.2009 ж.) XVII ғасырда қалмақтармен болған Орбұлақ шайқасы туралы былай деді: «Орыстар Куликово шайқасын қалай дәріптесе, біз Орбұлақ шайқасын солай дәріптеуіміз керек. Өзінің маңыздылығы жағынан бұл шайқас Куликово даласындағы болған ұрыстан артық болмаса, кем емес»

Осы шайқаста 600 адамнан тұратын қазақ жасағы жаудың (қалмақтың) елу мың (!) әскерін қырып жіберген екен. «Бұған сену қиын. Бірақ осы шайқастың орнын көргеннен кейін, мүмкін екендігіне көзім жетті»- дейді жазушы. Жердің ыңғайын дұрыс пайдаланған қазақтар жаудың келер жолына ор қазып, сол орға келіп тірелген жауды оқтың астына алған. Алды орға құлаған кезде артындағылары не болғанын білмей, алға ұмтыла берген. Жолдың бір жағы терең құз, екінші қапталы шатқал екен. Жаудың алдыңғы легі шегінейін десе артқы легі жібермей, лоблып, қалмақтардың көбісі осы орда қырғынға ұшырапты. Сол себепті бұл ұрыс «Орбұлақ шайқасы» аталып кеткен. Орыстар Қуликово шайқасын соғыс тактикасының керемет жетістігі ретінде мақтан етеді, біз осы шайқасы туралы біріміз білсек, екіншіміз білмейміз.

Ал Аңырықай шайқасы туралы жеткілікті түрде жазылып та, айтылып та жүр. Бір өкініштісі, қалмақ пен қазақтың екі ғасырға созылған теке-тіресінде айрықша орын алатын осы ұлы шайқас неге ұрыс болған жердің (Балқаш маңы), болмаса жекпе-жекке шыққан қазақ батырының атымен аталмаған? Кайдағы бір қалмақ батыры Аңырақтың атымен аталып кете барыпты.

Оны айтасыз, өзінің ата жауына аудан мен қала атын берген (Қаскелең, Шамалған және Қордай қалмақтардың есімдері) қазақтай халық жер бетінде бар ма екен, сірә?

 

* * *

 

Монархия бірте-бірте жойыла бастап, республикалық басқару белең алған заманда ел басқарудың бірден-бір тиімді жолы демократия болып табылады екен. Себебі, халық арасында ел басқаруға лайықты адамдар жетерлік. Сол адамдарды билік басына келтірудің бірден-бір жолы тек қана осы демократия.

Бірақ демократия билікке қол созған кез келген үміткерге жол ашқанымен, ел басына келетін адамның тазалығына ешбір кепілдік бере алмайды. Осы жолмен билікке келген адамның мансапқор, автократ, тіпті диктатор болып шыға келуі ғажап емес. Сол себептен президенттік мерзім белгілеп, оны көп жағдайда бес жылдан асырмай отырады.

Билік басына принципсіз адамдар қалай келеді? Өз пікірін тез өзгертетін, белгілі бір ұстанымы жоқ адамдар неге билік басына келгіш болады? «Халықты басқару», «Ел басқару», «Билік» деген ұғымдар қасиетті емес пе еді?

Демократия жағдайында да кейбір таза жандардың билікке қолы жетпей, оған пысықайлар ие болып, халыққа әмірін жүргізіп жататыны болады. «Саясат лас нәрсе» деген сөздің өзі осыдан шықса керек. Бірақ мен бұған келіспеймін. Егер саясат шынымен лас болса, онда осы жолмен билік басына келген адамның ел басқаруға қандай құқығы бар? (Бұл жерде әңгіме монархия жайында болып отырған жоқ.) Әлде елді тек сондай пысықайлар ғана басқаруы керек пе? Мен олай деп те ойламаймын. Сайлану жолында қитұрқы әдістерді қолдану арқылы кейбір күмәнді адамдардың ел басына келуі әбден мүмкін, бірақ олар халықтың сүйіспеншілігіне бөлене алмайды. Шынын айтсақ, ондай адамдардың мақсаты тек елге өз билігін жүргізу мен басқаларға үстемдігін көрсету ғана болмақ. Олардың девизі:  «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол!». Осындай жандардың билікке келіп жататыны рас. Бұл енді демократияның осал жағы.

Қазіргі заманауи өркениетке жеткелі адамзат  баласы демократиядан артық ел басқару үлгісін ойлап таба алған жоқ. Тек бұл жерде бір ғана нәрсенің мүлтіксіз орындалуы керек — электораттың (сайлауға және сайлануға құқылы азаматтардың) дауысын есептеудегі шынайылық пен тазалық қажет! Бұған сайлау комиссиясының тізгіні биліктің қолында емес, электораттың бақылауында болғанда ғана қол жетеді. Тек сол жағдайда ғана биліктің басына халықтың сеніміне ие болған үміткер келе алады.

 

* * *

 

Бірде мынандай жағдай болды.

Қонақта отырғанбыз. Дастархан басында үлкенді-кішілі жиырма шақты адам бар болатын. Бір кезде жасы менімен қатар, көзілдірік киген кісі қалтасынан бірнеше парақ алды да: «Бұл менің жазғандарым еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында басылып шықты, енді сонымен сіздерді таныстырайын…»- деп оқи бастады. Әңгімесінің қысқаша мазмұны мынандай: адамның жаны өлгеннен кейін жоғалып кетпейді екен, басқа бір мақұлыққа енеді, одан кейін қайтадан басқа адамға айналады деген мағынада. Яғни, адам баласының мінезінің қандай болатыны оның бұрынғы егесінің кім болғанына байланысты. Оқылып болғаннан кейін дастархан басындағылар сәл уақыт тым-тырыс отырып қалды. Ешкім ешқандай пікір айта қойған жоқ. Төрде отырған молда ғана: «Бұл айтқаныңыз кришналардың уағызына ұқсайды екен…»- деді.

Сәлден кейін біреу әлгі көзілдірікті кісіге қарап: «Қолыңыздағыны маған бере тұрыңызшы…»- деді. Қарап шықта да: «Сіз бұл әңгімені қайдан алдыңыз?»- деп сұрады. Көзілдірікті кісі: «Жасы үлкен қария адамнан естіген едім. Ол кісі пәленше деген (атын атады- И.А.) адамның аузынан естіпті»- деп жауап қайтарды. Әлгі адам: «Бұл әңгімені сіз менің жазған кітабымнан көшіріп алған екенсіз (кітаптың атын және өзінің есімін атады- И.А.). Бірақ мен бұны екі адамның диалогі ретінде келтірген едім. Менің жазғаным көркем шығарма, сол себептен оны шындық деп қабылдауға болмайды. Сосын, бұндай жағдайда, қайдан алынғаны туралы сілтеме жасалыну керек еді ғой»- деді.

Ұялған тек тұрмас дегендей көзілдірікті адам: «Ия, мен ол кітапты оқығанмын, авторы сіз екенсіз ғой?»- деді. Сасқаны болар, кешірім сұрау да ойына келмеді (әлде, кешірім сұрау керек екенін білмеді ме?).

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы екен!

 

* * *

 

Патшаларды тірі кезінде құрметтейді, өлгеннен кейін ғайбаттай бастайды. Ал дарынды адамдарды тірі кезінде ғайбаттап, өлгеннен кейін барып құрметтейді.

 

 

2010 жыл

 

Мақал мен мәтел тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, яғни сөз маржаны. Ал ауыз әдебиеті — осы маржанды түзетін мұхит.

 

* * *

 

Ертеде бір батырдың ерге отыратын жеріне шиқан шығыпты. Осы кезде ел шетіне жау тиіпті. Қалың қол жиналып жауға қарсы аттанбақшы болады. Атқа міне алмаған батыр жорыққа шыға алмай қалады.

Әскер жауды жеңіп қайтады. Келе жатып батырдың ауылының тұсынан өтіпті. Жолдастары көңілін сұрамақшы болып бұрылады. Достарының келе жатқанын батыр да естиді. Қайдағы бір шиқанға бола қалып қойды деген ой туады деп намыстанған батыр садақтың ұшымен бір көзін шұқып, ағызып жіберіпті.

Достары келіп көңілін сұрайды. Батыр: «Садақ оқтап отырғанымда көзіме жақтық ұшы тиіп, бір көзімнен айрылып қалдым. Сол себептен жорыққа шыға алмаған едім…»- дейді. Сонда достарының бірі: «Қалың етті жарып шыққан шиқан деп есітіп, көңіліңді сұрай келіп едік. Көз болса ештеңе етпес, бір басқа бір көз жетеді ғой»- деген екен.

«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген. Намысы үшін бір көзін құрбан еткен батырдың бұл ісі жауын жеңіп қайтқан жолдастарының ерлігінен кем деп кім айтады?

 

* * *

 

Бұл Түлкібастағы Базаркүл деген қарияның аузынан естіген әңгіме.

Кішкене бабамыз бір күні түс көріпті. Түсінде өзі бақилық болып, о дүниеге аттанып кеткен екен дейді. Артынан алты баласы аза тұта келіпті. Жиеней бір қап тары, Жолшара құран кітап, Асан ораулы ақ киіз, Үсен бір қап балық, Құрманай әртүрлі азық-түлік, Құттық күміс ер-тұрман әкелген көрінеді.

Оянғаннан кейін Кішкене өз түсін өзі жорыпты. «Жиенейдің ұрпағы көп болады екен, бірақ бастары бірікпес. Жолшараның ұрпағы аз болар, дегенмен оқыған-тоқыған адамдар осыдан шығар. Асанның ұрпағы киіздей ұйысқан тату және ұйымшыл болады екен. Үсеннің ұрпағы балықтай бытырап бір-біріне жолай қоймас. Құрманай қант пен шәй әкелген екен, ұрпағы саудаға бейім болар, ал Құттықтың ұрпағынан ел қорғайтын батыр шығар»- депті.

 

* * *

 

Парламентте отырған депутаттарымыз Президентке «Ұлт лидері (лидер Нации)» деген атақ беріп жатыр. (Бұл Президенттің өзінің ұсынысы болуы да мүмкін).

Қазақстанда жүз отыз ұлт бар деп айтылып жүр. Олай болса Назарбаев қай ұлттың лидері болмақ (ол «Ұлттар лидері» емес қой)? Егер қазақ ұлтының лидері болса, басқа ұлттардың лидерсіз қалғаны ма? Олар да Қазақстанның азаматтары емес пе?

Қазақстанда биліктің айтып жүргеніндей жүз отыз ұлт бар деп ұрандатқан жағдайда бұл атақтың ешқандай мәні жоқ.

 

* * *

 

Қызылорда облысы Қазалы ауданында 1930 жылы болған Асан көтерілісі әлі толық зерттелген жоқ. Осы себептен бұл көтеріліс жөнінде көп сұрақтарға жауап табу қиын.

Көтерілістің негізгі себептерінің бірі шаруаларға көп мөлшерде астық салығының салынуы, астықты тауып беруге олардың (шаруалардың) шамасы келмеуі деп айтылады[7]. Бір егін маусымында бес ауылдың халқына 23 000 пұт (немесе 368 тонна) астық салығы салыныпты. Бұл астық бір центнерлік қанар қаппен 3680 қап болады екен, яғни әрбір арба бір тоннадан (он қанар) жүк көтереді деп есептегенде, 368 арба болар еді.

Өкіметтің салықты қандай есеппен салғанынан біздің хабарымыз жоқ, бірақ болжам жасап байқасақ салық түтін басына (немесе әр шаңырақтағы жан басына) салынғанға ұқсайды. Сырдарияның Арал теңізіне құяр аймағының сол жағалауын мекендейтін халықтың негізгісі асан руынан болған. Осы себептен салықтың салмағы асан руына түскен. Біздің ойымызша сол кездері №21,22,23,24 және 25 ауылдарда шамамен үш-төрт мың түтін (шаңырақ) болған сияқты. Әр үйде орта есеппен бес-жеті адам бар деп есептесек (ол кездері бір шаңырақтың астында бірнеше жанұя болған), онда бұл өңірде шамамен жиырма мыңнан астам жан тұрған деп шамалауға болады. Жоғарыдағы «23 000 пұт» деген цифр осыдан шыққан сияқты, яғни жан басына бір пұт астықтан салынған (бұлардың ішінде бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін бар.)

Өңірде осындай халық болғанымен, көтеріліске қатысқандардың саны үш мыңға жуық адам. Оның ішінде мылтық ұстағандары тіптен аз. Міне, осы үш мың адам бүкіл елді аштық қырғынынан аман алып қаламыз деп атқа қонды және аман алып қалды да. Өкімет көтерілісті күш қолдану арқылы басқанымен (жүздей адамның қаны төгілді, ондаған адам атылды, бірнеше ондаған адам сотталды және жер аударылды), осыдан кейін елдің қолында қалған астығын тартып алудан қаймықты. Осы себепті қалың ел босып кетпей, орнында қалды. Республикада 1930-1932 жылдары екі миллион адам аштан өлді, бір миллионнан астамы басқа жаққа көшіп кетті деп айтылып жүр. Олай болса, бұл көтерілістің алдына қойған мақсаты орындалды деп айтуға болады.

Көтеріліс халықтың басына келген осы зұлматтан тек асан руын ғана құтқарып қалған жоқ, сонымен бірге басқа рулардың да аман қалуына ықпалын тигізді. Сондықтан бұл көтерілісті әлі де зерттей түсіп, оның тарихтан алатын лайықты орнын анықтаудың маңызы зор.

 

* * *

 

Қазақ қайдан шықты деген тақырыпқа біраз адам қалам тербепті. Бұлардың ішінде тарихшылар, шежірешілер, ғалымдар, жазушылар һәм ақындар бар. Осылардың ішінен қолыма тұскендерін оқып шықтым.

Бірінші даулы мәселе «қазақ» деген сөздің қайдан шыққаны жөнінде. Бұл туралы әртүрлі пікір айтылады және бұл атаудың шығуы жөнінде нақты тұжырым жоқ.  Шынына келер болсақ, осы атауға тіреліп тұрған ештеме де жоқ. Бұл жерде Мұхаметжан Тынышпаевтың: «…орыс, араб, француз, ағылшын атауларының мағынасын іздемегені сияқты, қазақ сөзінің де мағынасын іздеп қажеті жоқ»- деген пікірімен толық келісуге болады.

Екінші даулы мәселе үш жүздің қалай пайда болғаны жайлы. Бұл жөнінде де тарихқа немесе ғылымға негізделген пайымдаулар таба алмадық. Әр зерттеуші әртүрлі нұсқалар ұсынады.

Менің ойымша бұл да негізгі мәселе емес.

Мәселенің негізгісі қазақ ұлты қалай қалыптасты деген сұрақ. Бұл сұрақтың шешімін табуға талай тарихшылар мен ғалымдар, тіпті шежірешілер де ат салысқан. Дегенмен, бәрінің сөзі бір жерден шығады деп айту қиын.

Мәселенің басын ашып алу үшін, алдымен, осы сұрақтың шешуін қазақтарда сақталған шежірелерден іздеу керек пе, болмаса тарихи жазбалардан іздеу керек пе деген сұраққа жауап беру керек сияқты. Бұлай айтып отырған себебіміз, қазақ ұлтының пайда болуын тарихи жазбалармен қатар шежірелерден де оқуға болады. Бірақ шежірелерде бүкіл бір ұлтты (немесе бүкіл бір руды) бір адамның баласы етіп баяндайды. Мысалы Алаштан Қазақ туады; Қазақтан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс туады; Бекарыстан Әлімұлы, Жетіру және Байұлы туады деген сияқты. Шежірені жоққа шығарғымыз келмейді, солай да болса бүкіл қазақ халқының бір адамнан шыққанына кез келген көзі қарақты адамның дауы бар емес пе? Сонда «қазақ» деген халық әлі қалыптаспаған кезде қазіргі қазақтардың құрамына кіретін тайпа мен руларды қайдан шықты дейміз? Осыған орай кіші жүзге кіретін жиырма бес рулы ел шежіреде айтылғандай үш адамның, яғни Әлімұлы, Байұлы және Жетірудың баласы емес қой. Олай болса, қазақ ұлты қалай пайда болды деген сұрақтың жауабын шежіреден іздеудің қажеті жоқ. Шежіре бұған нақты жауап бере алмайды.

Енді тарихи жазбалар мен ғылыми еңбектерге келейік. Қазақ халқының қайдан шыққаны туралы, жоғарыда айтқандай, бірталай адам ой толғапты. Бұлардың ішінде Абай, Шәкәрім, Шоқан, С.Мұқанов, М.Тынышпаев, т.б. бар. Осылардың ішінде Мұқаметжан Тынышпаев өзінің «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар» атты еңбегінде сонау Фердоусиден бастап қазіргі заман зерттеушілеріне дейінгі қазақ ұлтына қатысты жазылған пікірлерді зерттей келе, қазақтың қалыптасу тарихын төмендегіше түсіндіреді.

Қазіргі қазақ халқының құрамына кірген тайпалар мен рулар XV-ші ғасырға, яғни Қазақ хандығы пайда болғанға дейін де өмір сүрген. Олардың қатарына үйсін, дулат, албан, арғын, найман, қыпшақ, керей, қоңырат, жалайыр, шекті т.б. ру-тайпаларды жатқызуға болады. Осы рулар әр кезеңде түрлі ұлыстардың қарамағында болып келген немесе өз алдына дербес ұлыс та болған (мысалы, «Дешті Қыпшақ»). Маңғол шапқыншылығынан кейін осы тайпалардың түгелге жуығы Шыңғысхан құрған алып империяның құрамына кіреді (Жошы ұлысы). Кейін Алтын Орда әлсірей бастаған кезде, Жәнібек пен Керей хандар бастаған тайпалар одан бөлініп, 1456 жылы Жетісуға келіп орын тебеді (Хантауы мен Шу өзені маңына). Осыдан бастап батысында Еділдің төменгі құйылысы мен Каспий теңізін, шығысында Тянь-шань мен Алтай тауларының аралығын қамтыған кеңбайтақ аумақты алып жатқан осы ұлыстың құрамындағы ру-тайпалар Қазақ хандығының негізін құраған.

Бұл процесс бірнеше  жүздеген жылдарға созылған. Қазақтар Жәнібек ханның кезінде Алтын Ордадан бөлініп шықса, Хақназар ханның тұсында дербес хандық болып есептелген. Бұл кезде Қазақ хандығының құрамында 40 ру болған[8]. Есім ханның тұсында қазақ хандығы күшейеді. Осының себебі болар, бұған дейін Хиуа хандығының құрамында болып келген наймандар 1625 жылы Орта жүздің құрамына кіреді. Келесі ғасырда, яғни 1750 жылдардың шамасында Бұқар хандығының құрамындағы қоңыраттар да Орта жүзге қосылған. Осылайша үш ғасыр көлемінде Қазақ хандығы, сонымен бірге қазақ ұлты қалыптасады[9].

М.Тынышпаевтың жазуынша 1917 жылы қазақ халқының құрамындағы ұлы жүзде он бір ру (дулат, албан, суан, үйсін, шапырашты, ысты, ошақты, сіргелі, қаңлы, шанышқылы, жалайыр); орта жүзде алты ру (арғын, найман, қыпшақ, керей, уақ, қоңырат); кіші жүзде жиырма алты ру, оның ішінде байұлы тайпасында он үш ру (адай, беріш, алтын, жаппас, таз, есентемір, тана, байбақты, масқар, алаша, қызылқұрт, шеркеш, ысық); әлімұлы тайпасында алты ру (қаракесек, шекті, төртқара, қарасақал, келімбет, шөмекей); жетіру тайпасында жеті ру (кердері, керейт, табын, тама, рамадан, телеу, жағалбайлы), барлығы қырық үш ру болған дейді. Бұлардан басқа төре мен төлеңгіттер, қожалардың бар екені айтылады. Қазақтардың 1917 жылғы саны ұлы жүзде 1 170 мың, орта жүзде 2 720 мың, кіші жүзде 2 040 мың, барлығы 5 млн 930 мың  деп көрсетеді.

Біздің білуімізше кіші жүздің ішіндегі Байүлы тайпасы «он екі ата Байұлы» деп аталып, соған сәйкес он екі рудан тұратын еді.  (Тынышпаевтың кітабында Байұлының құрамына біз естімеген тана деген ру қосылған, сонымен он үш болып тұр). Сонымен қатар алты ата Әлімнің құрамында келімбет деген ру жоқ болатын, оның орнында кете руы айтылатын еді (Ө.Ахметовтың «Сыр  елінде жинақталған қазақ шежіресінде» де осылай жазылған). Егер осы тұжырымға тоқталатын болсақ, қазіргі қазақ халқының құрамы ең басты қырық екі рудан тұратын болып шығады.

Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар — ол қазақтардың құрамындағы кейбір рулардың басқа ұлттар мен ұлыстардың ішінде де кездесетіндігі. Мысалы қоңырат, найман, албан рулары өзбек, ноғай, башқұрт, қарақалпақ ұлттарының арасында да бар. Бірақ олар өздерін қазақпыз деп айтпайды (бұл жерде әңгіме ұжымдастыру кезіндегі шет елге көшіп кеткен қазақтар жайлы болып отырған жоқ — олар өздерін қазақпыз деп атайды). Бұдан біз қазақ хандығының құрамына жоғарыдағы рулар мен тайпалардың түгел енбегенін аңғарамыз.

Қазақтар қайдан шықты деген сұраққа осы кітаптағы (М.Тынышпаев. «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар», Ташкент, 1925 ж.) айтылған тұжырымдар дұрыс және толық жауап береді ғой деп ойлаймын.

Қорыта келгенде қазақ халқы үш жүздің құрамындағы қырық екі рудан және оған кірмейтін төре, төлеңгіт, қожа руларынан тұратыны белгілі болды. Енді төре, төлеңгіт, қожалар қайдан шықты деген заңды сұрақ туады?

Атақты Толыбай сыншының баласы әрі батыр, әрі жырау Қожаберген сардар өзінің «Баба тілі» атты дастанында («Қожаберген жырау» — Алматы, Жас ұлан и К баспа үйі, 173 бет) төре, төлеңгіт, қожалардың шыққан тегін былай айтады:

…Татардың маңғұл ұлтынан,

Төрелер шықты деген бар.

Өріс ханнан басталып

Қазаққа төре таралар.

Кісі аты емес төре де

Қызметкер деген сөз еді.

Түріктің ескі сөзі деп,

Оны айтқан көне көз еді.

Төлеңгіт деген қызметші

Білесің оны жарандар.

Бұлардан басқа тағы да

Үшінші топ қожа бар.

Тегіміз біздің араб деп

Барған жерде мақтанар.

Пайғамбардың жиенін

Дейді олар біздің бабалар…

Қызмет қылған қожаға

Сунақ деген аз жұрт бар

Азаматынан әр елдің

Шыққан тегі құралар…

Кіріккен соң халқыма,

Бұл үш топ та бауыр ғой.

Келісіп істеу шаруаны,

Тіршілікте тәуір ғой.

Төре, төлеңгіт, қожа да –

Қазағымның ұлы ғой,

Адамзаттың бәрі де,

Бір Алланың құлы ғой,- деп қорытындылайды.

Енді қазақ хандарының тарихына келейік.

Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек пен Керей хандар кімдер еді? Бұл сұрақтың жауабы М.Тынышпаевтың жоғарыда айтқан «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар» атты кітабында былай айтылады.

Шыңғысханның бәйбішесі Бөртеден төрт үлы болған. Олар Жошы, Шағатай, Үгедей және Төле (Шыңғысханның өсиеті бойынша өзінен кейін таққа тек осы төртеуінің бірі немесе ұрпақтары ғана отыруы тиісті). Үлкен ұлы Жошыдан төрт бала: Орда-Ежен, Бату, Шейбани және Тоқай-Темір туады. Шыңғысханның Жошыдан туған осы төрт немересінің ішіндегі өзіне ұқсап айрықша аты шыққаны Бату. Қыпшақ даласынан бастап сонау Шығыс Еуропаға дейінгі ұлан-асыр аймаққа ие болған Батухан Алтын Орданың негізін қалайды. Оның ұрпақтары Алтын Ордаға 132 жыл хандық құрған (1227-1359 жылдар аралығында). Батудың ең соңғы ұрпағы Берке хан өлгеннен кейін (1360 жылдар шамасы) тақ таласы басталады. Бұл талас Орда-Ежен, Шейбани және Тоқай-Темір ұрпақтары арасында жүреді. Жиырма жыл ішінде он бес хан ауысады. Осының нәтижесінде қуатты Алтын Орда бөлшектене бастайды. 1372 жылы таққа Орыс хан отырады. (Орыс ханның Жошының қай баласының ұрпағы екені айтылмаған). Тақ таласы мұнымен де тынбайды. Орыс хан өлгеннен кейін бұрынғы Алтын Орда жеті бөлікке: Қазан хандығы (1439 ж.), Қырым хандығы (1449 ж.), Сібір хандығы, Түстік (Өзбек) хандығы, Қазақ хандығы (1456 ж.), Астрахан хандығы және Ноғай ұлысы болып бөлініп кетеді. Жоғарыда айтылатын Жәнібек пен Керей ағайынды адамдар — Барақ ханның балалары.  Барақтың өзі Орыс ханның немересі екен, ал Барақтың әкесінің кім екені бұл кітапта айтылмаған.

Қазақ хандығы XV ғасырда құрылған, бірақ содан бергі қазақ хандарының хронологиясы толық емес. Бұған Қазақ хандығының үш жүзге бөлінгені, әр жүздің өз хандары болғаны және кей кездері кей жүздерде хан болмағандығы (билер институтының жұмыс істеуі) себеп болса керек.

 

 

2011 жыл

 

Шындық отпен бірдей. Отты кез-келген жерге жағуға болмайды, сондықтан шындықты да ретімен айта білу керек. Ретсіз айтқан шындықтың  «жалыны» өзінді шарпып кетуі мүмкін.

 

* * *

 

…Ардагер Амангелді ердің ері,

Кең байтақ жалпақ дала туған жері.

Елі мен мекенінің туын ұстап,

Қол бастап қан майданда аққан тері,- деп Жамбыл жырлаған  Амангелді батырды қазаққа таныстырып жату артық болар еді. Дегенмен, байқасаңыз, батырдың аты кейінгі кездері аталмай кетті, бұрынғыдай дәріптелмейтін болды. 2003 жылы батырдың 130 жылдығы да елеусіз өтті. Бұл неліктен?

Бұрынғы Казақ Совет Энциклопедиясында[10] батырдың өлімі жайлы былай жазылған еді: «Шығыс майданда Колчак армиясының шабуылына байланысты алашордашылар 1919 жылдың 20 апрелінде Торғайда төңкеріс жасап, Амангелдіні қолға түсірді. Кызыл партизандар қалаға кіруге бірнеше сағат қалғанда алашордашылар оны азаптап өлтірді».

Амангелдінің қалай өлтірілгені жөнінде Мақан Жұмағұловтың  «Қыран қазасы қияда» атты романында (Алматы, Жазушы баспасы, 1971) анық айтылады. Имановты 1919 жылдың 18 мамырында Торғай қаласының түрмесінде өлтіреді. Кейін оның өлер алдындағы жазып қалдырған хаты табылған. Хатта: «Мен жұма күні тұтқынға алынып, сайдағы түрмеге түстім. Мұнда төрт күн отырдым. Қырдағы түрмеге көшірді, жиырма жеті күн отырдым. Алаштар сазайымды берді. Олар – Міржақып Дулатов, Әбдіғапар Жанбосынов[11], Сейдазым Қадірбаев, Сәлімгерей Қаратілеуов… «- деп, барлығы он алты адамның атын атайды.

Ал жаңадан шыққан Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында Амангелдінің өлтірілуі басқаша жазылған: «1919 жылдың 20 сәуірінде Торғайда Кеңес өкіметі құлатылды да, Амангелді тұтқынға алынды. Батыр қазақ азаматтарын бір-біріне қарсы қойған аласапыран уақыттың алмағайып саясатының құрбаны болды[12]«.

Осы Энциклопедияда алашордашылардың Амангелдіні азаптап өлтіретіні жөнінде айтылмауының сыры неде?

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында алашордашыларды, олардың алдарына қойған мақсатын дәріптеу белең ала бастады. Алашорда партиясының құрамында қазақтың сауатты, дарынды ұлдарының болғаны рас. Олардың қазақтың тәуелсіз мемлекетін құруды армандағандары да белгілі, бірақ мақсаттары сол мемлекетте ақсүйектердің мүддесін көздеу, яғни байды бай, кедейді кедей күйінде қалдыру еді. Большевиктер партиясының бағдарламасымен келіспеулері де осы мақсаттарына байланысты болатын.

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайы сол алашордашылар армандаған мемлекетке ұқсас болып табылады. Айырмасы — Конституциямызда мемлекетті демократиялық жолмен сайланған президент басқарады деп жазылған. Сондықтан, қазіргі билікке алашорда партиясының бағдарламасының ұнамды көрінуі таң қаларлық іс емес.

Енді атақты Торғай көтерілісі мен Аманкелді Имановтың алдына қойған мақсатына келейік.

Бұратана халықтарды тыл жұмысына алу жөнінде ақпатшаның 1916 жылғы июнь жарлығы шықты. Осыдан кейін, әскерге барудан бас тартқан қазақтар, Амангелдінің маңына топтала бастайды. Жинала келе, әжептәуір күшке айналады. Стихиялы түрде басталған осы көтерілісті Амангелдінің басқаруына тура келеді.

Ол халықтың арасынан шыққан, елдің өзі сардар етіп сайлаған батыр еді. Ауыл молдасынан аздаған жазу-сызуды үйренгені болмаса, көтеріліс басталар кезде оның сауаты да аз болған. Осыған қарамастан, өзінің жүректілігі мен батылдығының арқасында, елу мыңға жуық сарбазды ізіне ерте білді.

Кейін, көтеріліс белең алған кезде, Әліби Жанкелдин мен Николай Тарасенко сияқты большевиктерге жолығып, олардан Ресейде болып жатқан төңкеріс жөнінде, большевиктер партиясының алдына қойған мақсаттары жөнінде естиді. Халықтың нағыз ортасынан шыққан, шаруа қазақтың сол кездегі мұң-мұқтажын жақсы білетін батырдың өзі де большевиктер партиясының мүшелігіне өтеді. Амангелдінің алдына қойған басты мақсаты халықтың жоғын жоқтау болғаны анық.

Амангелді Иманов өмірінің соңына дейін үстемтаптың сойылын соққан алашордашылармен жауласып өтті. Ашық айқаста жеңе алмасын білген алашордашылар ақыр соңында аңғал батырды қапыда алдаумен қолға түсіреді. Келіссөзге шақырады да, опасыздықпен қамауға алады. Оған неше түрлі қорлық көрсетіп, азаптап өлтіреді. Батырдың басын шауып, денесін Торғай қаласының сыртына апарып көміп тастайды. Есіл ер осылай қаза табады.

Алашордашылар Амангелдіні не себептен өлтірді? Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, олардың алдарына қойған мақсаттары бөлек болатын. Батыр олардың осы мақсаттарының орындалуына кедергі жасады. Екіншіден, батырдың ел ішіндегі беделі өте жоғары болды. Көзі тірі болса, бұқара халықты ізіне ерте алатынын алашордашылар білді. Сол себептен оның көзін жоюды ойлады және осы жоспарларын ақыры жүзеге асырды да.

Жаңадан басылып шыққан Қазақстан Ұлттық  Энциклопедиясында Торғай көтерілісі жөнінде: «… 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды, оған қатысушы сарбаздар қатары елу мың адамға жетті»- деп көрсеткен, яғни 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіндегі Амангелдінің рөлін екінші орынға қойған. Бұл, менің ойымша, батырға ғана емес, тарихқа жасалған қиянат.

Шын мәнінде олай емес еді. Көтерілісшілердің саны көбейгеннен кейін оларға азық-түлік, киім-кешек, ат-көлік қамдау мәселесін шешу керек болады. Осы жағдайға байланысты батыр: «Енді хан сайлап алайық, оған барлық рулар бағынатын болсын (Торғай уезінің халқы- И.А.)»- деген ұсыныс жасайды. Хандыққа өзінің ескі танысы Әбдіғапарды ұсынады. Осылайша, Әбдіғапар хан сайланған[13]. Ханның міндеті жасақты қажетті заттармен қамтемесіз етіп отыру ғана болған. Көтерілісті ұйымдастыру мен оның әскери тактикасы, әскери өмірдің барлық жауапкершілігі батырдың мойнында болғаны анық.

Қазіргі биліктің олигархтар мен жоғарғы таптың мүддесі үшін жұмыс істейтінін еске алсақ (олардың қандай жолмен олигарх пен «жоғарғы тап» болғандары бөлек әңгіме), онда не себептен алашордашыларды дәріптеп, Амангелдіні еске алмайтынын түсінуге болатын сияқты.

Осы күндері кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Амангелдіні басбұзар, бұзақы етіп көрсете бастады. Мұндай мақалалардың артында белгілі бір мақсат көздеген адамдардың тұрғандығы анық және олардың мүдделері қарапайым халықтың мүддесінен аулақ екені де белгілі. Қазіргі алмағайып кезеңде «ақты – ақ, қараны – қара» деп ашық айту және тарихымызды кейінгі ұрпаққа бұрмаламай жеткізе білу өзін сыйлайтын әрбір адамның қасиетті борышы болуы керек!

Енді екі жылдан соң, яғни 2013 жылы, батыр 140 жасқа толады.

 

* * *

 

Біздің Тұңғыш Президентіміздің мықтылығы сонда – ол өзінің қателіктерін де жетістігі ретінде көрсете біледі.

 

* * *

 

«Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» деп қазақ атам айтып кеткен екен. Судың тартылғанын көзіміз көрді – Арал теңізі отыз жылдың ішінде көз алдымызда жоқ болды. Қарап тұрған жігітке қыздың артылғанын да көріп жатырмыз — «маған осындай бойлы, осындай салмақтағы жігіт керек» деп қазақтың қыздары бұқаралық ақпарат құралдарына жарнама бере бастады.

«Ақырзаман болғанда жер бетін топан су басады, қарағай басын шортан шалады» дегенді де естуші едік. Қазір бұл жағдай да жақындап келе жатқан сияқты. Африкада қар жауып, ал Гренландияда мәңгі мұздар еріп жатыр. Эколог ғалымдар енді мұхиттың деңгейі көтерілетін болады, яғни Америка, Австралия, Британия құрылықтары түгелге жуық, ал Евразия жартылай су астында қалады деген болжам айтуда.

Сонда ақырзаманның шынымен жақындағаны ма?

 

* * *

 

Қазіргі кезде адамды парасатына емес, байлығы мен қалтасына қарай бағалайтын заман туды. Осы себептен пікірді де абайлап айтатын болдық. «Ақылың көп болса, өзің неге бай емессің» деп айтып салулары мүмкін ғой?

Егер осылай айтып жатса, олардікі де дұрыс сияқты. Ақылымыз өзімізге жетпей жүргенде, кімге ақыл айтып жарылқамақпыз?!

 

* * *

 

Мұғалімнің барлығы бірдей ұстаз емес екен. Абай айтқандай «балаға үйретуден жалықпағаны» ғана ұстаз. Сол сияқты, ғалымдардың барлығы бірдей ғұлама емес. «Ғылым инемен құдық қазғандай» дейді қазақ. Сол «құдықтың» суынан халқына ауыз тигізген ғалым ғана ғұлама болмақ!

 

* * *

 

Жалаңтөс батыр қазір «Жалаңтөс баһадүр» деп айтылып жүр. Қазақта «баһадүр» деген сөз жоқ, батыр сөзін манғолдар «батор», өзбектер «баһадүр», орыстар «богатырь» деп айтады. Жалаңтөстің Самарқанды билегені, самарқандықтардың көпшілігі өзбек болғаны, өзбектердің «Жалаңтөс баһадүр» деп атағаны рас шығар… Бірақ өзбектер осылай айтқан екен деп біз неге солай айтуымыз керек? Меніңше, «Жалаңтөс батыр» деп қазақша айтқанымыз дұрыс сияқты.

 

* * *

 

М.Шолоховтың шығармаларында қазақ тіліне ұқсас сөздер молынан кездеседі. «Тынық Дон» романында — арба (қаз. арба), торба (дорба), аркан (арқан), курюк (құйрық), шаровары (шалбар), ишек (есек), карга (қарға), бурсак (бауырсақ), сазан (сазан), яр (жар), майдан (майдан), кизяк (тезек), курган (қорған), джигит (жігіт), фатер (пәтер), туман (тұман); ал «Көтерілген тың» романында — чекмень (шекпен), малахай (малақай), чигирь (шығыр), саман (саман), карагач (қарағаш), сундук (сандық), каймак (қаймақ), толмач (тілмәш), башлык (бас киім) атаулары келтірілген. Сол сияқты «Дон әңгімелерінде» — куга (қоға), табун (табын), камышь (қамыс) деген сөздер бар.

Біз бұдан түркі тектес халықтар мен славян халықтарының кейбір сөздерінің ұқсастығын байқаймыз. Ұлы жазушы өзінің өлмес шығармаларында осы атауларды қолдана отырып, осы халықтардың аралас-құралас өмір сүргенін дәлелдеп бергенін өзі де аңғармаса керек!

 

* * *

 

Шындық жеңіп шығамын дегенше өтіріктің сөзі үстем жүреді.

 

* * *

 

Қазір Қазақстан тарихын қайтадан жазамыз, бұрынғы жіберілген «қателіктерді» жөндейміз деп айтып жүргендер бар. Сонау әлімсақтан бастап тарихтың ел билеушілердің айтуымен жазылғаны, солардың ыңғайына қарай қағазға түсірілгені белгілі. Оларға ұнамаған деректерді (мейлі, ол шындық бола берсін) билік басындағылар есепке алмаған. Тіпті кешегі Кеңес кезінде XIX ғасырдағы Кенесары бастаған көтерілісті жазамын деп тарихшы Е.Бекмаханов қуғынға ұшыраған жоқ па? Қазір де солай. Шын тарихты жазатын адамдар табылар, бірақ оны мойындап, қабылдайтын билік табылмайды. Бүгінгі күні тарихты қайта жазамыз деп жүргендер билікке жағыну үшін, солардың көзіне түсу үшін істеп жатыр десем, қателеспейтін шығармын деп ойлаймын.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасын алайық. Сол кездегі билік оларды нашақорлар деп айыптады (құжаттарға да солай түсірілді), бұзақылар деп жауапқа тартты, соттады. Арада жылдар өтті… Қазіргі билік оларды тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары деп атап жатыр. Біз неге тарихқа жеңіл-желпі қараймыз? Олар алаңға шыққанда: «Бізге тәуелсіздік керек!» деп ұрандатқан жоқ қой. Олардың алдындағы мақсаты басқа болатын. Олар, шынына келгенде, Колбиннің кандидатурасына ғана қарсы болды (тіпті, орыс ұлтына да емес!). Сол кезде оларға: «Колбиннің орнына Қазақстаннан бір орысты сайлаймыз» дегенде, топ ың-шыңсыз тарқаған болар еді. Бірақ Мәскеу олай айтқан жоқ, алаңға шыққан жастардың пікірімен санасқысы келмеді. Аяғы қантөгіске әкеліп соқты. Алаңдағы жастардың ерлігі құрметке лайық екені рас, бірақ олардың алдарына қойған мақсаттарын бұрмалап көрсету, оларды тәуелсіздік үшін шықты деп айту — шейіт болған жастардың аруағы алдында үлкен күнә екендігі анық. Олардың көпшілігі өздерін тәрбиелеп өсірген Кеңес өкіметінің патриоттары еді. Олар Кеңестер Одағын өз отанымыз деп білді, ол құрылысты құлату олардың ойында болған жоқ. Жастар тек Орталық Комитеттің шешіміне ғана қарсы шықты. Қыршындардың қаны төгілген сол оқиғадан қазір біреулер саясат жасап, түрлі саққа жүгіртіп, өз мүдделеріне пайдаланып келеді.

Тағы бір мысал айтайық. 2011 жылғы қырқүйек айының 23-24 күндері Қызылорда облысының Қазалы ауданында Асан көтерілісінің құрбандарына арналып ас берілді. Бұл, әрине, құптарлық іс. Көтерілісте шейіт болған ата-бабаларымызды еске алғанымыз дұрыс мәселе. Бізді қынжылтқаны — көтеріліс болған жердегі жиналыста да, көтерілістің орталығы болған Бекарыстан би ауылындағы бас қосуда да, тіпті Әйтеке би кентінде өткен ғылыми конференцияда да: «Халықтың мақсаты Кеңес өкіметін құлату болды… Олар азаттықтың ақ туын көтеріп атқа мінді…» деген сияқты жалаң сөздер көп айтылып жатты. Шындығында көтерілісшілердің ойында Кеңес өкіметін құлату болған жоқ еді. Өкіметті құлату былай тұрсын, олар Қазалыны басып аламыз деп те жоспарлаған жоқ. Олай болса, мұндай даңғаза кімге керек? Өтірік жалаулатпай-ақ, олар от-басы мен бала-шағасын аштықтан аман алып қалу үшін атқа конды және асан руын ғана емес, сол аймақтағы бүкіл елді аштық апатынан аман алып қалды деп ақиқатын айтса, бұл оқиғаның маңызы төмендеп кетеді ме?

Сөзімізді Қазақстан тарихының қайта жазылуынан бастаған едік қой. Ойымызды аяқтайтын болсақ — Ақорданың «тарихшылары» Қазақстан тарихын қайтадан жазар болса, ұлтымыздың барлық «бетке ұстар арыстары» ұлы жүздің шапырашты руынан  болып шығуы әбден мүмкін.

 

* * *

 

Ұмытпасам 2001 жылы болу керек, Шымкент қалалық  ауруханасында жатып емделдім. Палатада екі адамбыз. Қасымда Иван Иванович атты зейнетке шыққан орыс шалы болды. Бұрын құрылыс инженері болған екен. Күйлі тұратын болу керек, балалары джиппен келіп тұрады. Әлгі кісінің бір әдеті – ауырып жатса да жаңалықтарды құр жібермейді. Кішкене радиоқабылдағышты жастығының астына басып алып, тыңдайды да жатады.

Бір күні соңғы жаңалықтардан Ресейдің «Курск» атты сүңгуір кемесінің суға батып кеткені жайлы хабар айтылды. Бірнеше күн бойы күнделікті құтқару жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны хабарланып отырылды.

Бір қызығы, осы күннен бастап Иван Иванович сақал алуды тоқтатты. Ертеңгісін қырынып жатып, сақал жіберуінің мәнісін сұрадым. Сондағы айтқаны: «Курскдегі» матростарды теңіз түбінен шығарып алмайынша мен қырынбаймын!». Байқаймын, балалары сақалын алмағанына ренжіп жатыр. Тіпті, бір қызы келіп кейіп те кетті. Әкесі ешқайсысын тыңдаған жоқ. Бәріне де айтатыны: «Матростар осы уақытқа дейін су астында жатыр. Мемлекет өз қорғаушыларына осылай қараса, ол дұрыс мемлекет емес!»- дейді.

Ван Ванич (таныстары осылай атайды екен) он күнге дейін сақалын алмады. Он бірінші күні оның қырынып отырғанын көріп. «Матростарды шығарып алды ма, Иван Иванович?»- дедім. Сонда: «Нет, бездействуют, сволочи!.. «- деді де, кімді екені белгісіз, келістіріп тұрып бір боқтады.

Шынымды айтайын, осыдан кейін ол кісіге басқаша көзқараспен қарайтын болдым. Себебі, Иван Ивановичті жасының үлкендігі үшін ғана емес, нағыз патриот азамат ретінде құрметтеуге лайық жан деп есептедім.

 

* * *

 

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 2011 жылдың 16 желтоқсанында бес мыңдай халық көшеге шығып, мұнай компанияларының басшылары мен жоғарғы билікке наразылықтарын білдірді. Халық қалалық әкімшілікті, мұнай компаниясының ғимаратын, оған қоса көптеген нысандарды қиратып, өртеп жіберген. Полициямен қақтығыс кезінде құқық қорғаушылыр халыққа оқ атқан. Нәтижесінде өлген және жараланған адамдар бар. Ресми деректерге қарағанда «тәртіп бұзушылар» жағынан оншақты адам өліп, жетпістей адам жараланған. Полицейлер тарапынан да жараланғандар бар көрінеді.

Осы жағдай жөнінде 19 желтоқсан күні Президент өз пікірін білдірді. Алаңға шыққандарды «бұзақылар», тіпті «бандиттер» (!) деп айыптады. Әртүрлі шендегі атқамінерлер мен интеллигенция өкілдері осы оқиғаға байланысты ойларын айтып жатты. Көбісі Президент салып берген «сүрлеу» жолмен жүріп отырды. Тек сенатор Өмірбек Байгелді ақсақал мен жазушы Дулат Исабеков ғана өз ойларын жалтақтамай тура айта білді деп ойлаймын. Сенатор Бәйгелді: «Себепсіз ешнәрсе болмайды. Алаңға шыққандарды кінәлай бергенше, бұл оқиғаның шығу себебін зерттеу керек»- десе, жазушы Дулат Исабеков: «Қазақ баласы қазақ баласына оқ атқаны қалай? Полицияға оқ атуға кім рұқсат берді? Тәртіп орнатудың басқа жолы болмағаны ма?»- деп ашына айтты. Мұхтар Шаханов ағамыз да сөйлеген болатын, бірақ оның сөзінің мәтінін эфирден толық ести алмадық (толық көрсетпеді).

Бұл жағдайдың ақ-қарасын айыруды уақыттың еншісіне қалдыра тұрайық, бірақ осы оқиғаның еліміздің тарихына «Екінші Желтоқсан оқиғасы» болып енері анық!

 

 

 

 

 

 

2012 жыл

 

Қытайлар өзін «хань» деп атайды екен, қазақтар оларды бұрын шүршіт деп атапты. Шүршіт — «чжурчжан» деген сөзден шыққан дейді (қытайдың осындай үлкен тайпасы болған көрінеді). Бізге орыстардан енген «китай» сөзі кидан деген атаудан шығыпты, бұл да қытайдың бір тайпасы екен.

Қазақ дастандарында Шын-Машын деген ел мен жер атауының кездесетінін білеміз. Сол Шын-Машын қазіргі Чайна (яғни, Қытай) болуы керек, шамасы?

 

* * *

 

Бұрынғының қариялары: «Аллам, жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді екен. Алла өмір берсе, зейнетке шығатын жасқа да жақын қалыппыз. Құдайға шүкір, алты бала тәрбиелеп өсірдік. «Не ексек, соны орасың» деген ғой — балаң қандай болса, татар жемісің де сондай болмақ.

Сонымен қатар, бұрынғының үлкендері балаларын сынайды да екен. Солардың ізімен мен де балаларыма баға беріп көрсем деймін.

Құралайдың мінезі тұйық, тіпті өте тұйық деуге болады. Ойы мен пікірін сыртқа шығара бермейді. Салмақты. Кемшілігі мінезінің тұйықтығында. Сұрамасаң ашылып сөйлеспейді, адаммен араласуы қиын.

Қарлығаштың мінезі ашық, Құралайға қарама-қарсы деуге болады. Ақкөңіл, ойында ешқандай жаман пиғылы жоқ. Өзі қандай болса, басқаларды да сондай деп ойлайды. Сезімге берілгіш. Кемшілігі — кісіге сенгіш, осы мінезінен көп қиындық көруі мүмкін.

Асыл салмақты. Не нәрсені де ойланып істеуге тырысады. Тындырымды. Кемшілігі — өр мінезді, өзін жоғары бағалау бар.

Мейрамкүл тынық. Пысық деуге де болады. Таным деңгейі жақсы. Алдына белгілі мақсат қойып, соны орындауға тырысып жүреді. Кемшілігі — әр түрлі ырымға, жорамалға сенгіш.

Гүлназым салмақты. Таным деңгейі жоғары. Мінезі ұяң. Кемшілігі — қатесін мойындауы қиын, өз ісін ақтауға бейім тұрады.

Алмасбектің мінезі әлі толық қалыптасып болған жоқ, дегенмен мінезі ұяң болатын сияқты. Солай да болса кейде шарт ете қалатыны бар. Алдыңғысы шешесіне, соңғысы маған тартқаны болса керек. Кемшілігі — қолына алған ісін аяғына дейін апара бермейді. Тез қызыққыш, тез өзгергіш. Мұнысы жастықтың әсері болуы да мүмкін.

Қайсысы болмасын, өз мінездерінің мен айтқан жақсы жақтарын дамытып, кемшін тұстарын жоюға тырысып отырса, жаман болмас деп ойлаймын.

 

* * *

                                                   

«Ана тілі» деген ұғымның санамызға сіңіп кеткендігі сондай, біз бұл сөзге онша мән бермей келеміз.

Қазақта баланың ұлты (немесе руы) анасы емес, ата жағынан есептелінеді, яғни әкесі қазақ болғанда ғана бала қазақ болып саналады. Олай болса, біз оның тілін неге ата тілі деп атамаймыз? Егер анасы басқа ұлттан болса ше? Ондай жағдайда қалайша анасының тілі оған туған тіл бола алады? Бұл парадокс! Осы себептен «ана тілінің» орнына «ата тілі» немесе «қазақ тілі» деп айтылғаны дұрыс сияқты.

 

* * *

 

Аз уақыттың ішінде басыңнан небір күрделі оқиғалардың өтуі мүмкін, немесе, керісінше, бірнеше жыл бойы есте қаларлықтай ештеңенің болмауы да мүмкін. Адамның өмірі тек күнтізбелік уақытпен өлшенбейді. Француздың драматург-жазушысы Мольердің: «Өмір өткен күндер емес, есте қалған күндер» деуі осы себептен болса керек.

 

* * *

 

Істі бастау парыз емес, бірақ бастаған істі аяқтау парыз.

 

* * *

 

Саламатсың ба, алпыс үшінші көктемім,

Менімен бірге алпыс үш рет көктедің!

Алпыс үш рет өмірге нұр боп таралдың,

Алпыс үш рет өзіңнен мен де нәр алдым.

 

* * *

 

Ерлік ертегіден басталады.

 

* * *

 

Қазақтың жетім балаларын шетелдіктер асырап ала бастады. Негізінде «асырап алды» деп айтқаннан гөрі, сатып алып жатыр деп айтқан дұрыс сияқты.

Осы жетімдердің шетелдік азаматтарға қандай мақсатпен беріліп жатқаны тіптен белгісіз! Дегенмен, бұл жерде әлеуметтік немесе гуманистік мақсаттардан басқа да себептердің бар екені байқалады. Шындығын айтсақ, бала сату бизнеске айналған сияқты.

Бір адам: «Әкесін сабағанды көріп едім, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды енді көріп тұрмын» — деген екен. Қоғам өзгергелі (тәуелсіздік алғалы) талай нәрселерге көзіміз үйреніп келеді, бірақ қазақтың жетім қалған панасыз балаларын жат жерлік азаматтарға берілгенін естігенде… не айтарыңды білмейді екенсің? Бұндай сұмдық кешегі Кеңес үкіметі кезінде де болған жоқ қой!  Өз жетімін асырай алмаған халық қалайша ел болады?

Біле білсек, бұл біздің ұлтымыздың, халқымыздың, мемлекетіміздің бетіне басылған қара таңба емес пе?

 

 

 

 

 

 

2013 жыл

 

Адамның адамға жасаған қиянаты Алланың «ақырзаманынан» да ауыр болады. Ақырзаманды көппен бірдей көресің, ал адамның қиянатын жеке өзің көтересің.

 

* * *

 

Жас кезіңде көп нәрсенің байыбына бара бермейді екенсің — өзіңдікі жөн сияқты көрінеді де тұрады. Жастықтың қызумен көптеген қателіктер жасайсың.

Жасың ұлғая келе кейбір қателіктерің есіңе түседі. «Әттеген-ай, сол кезде неге осылай жасадым екен… Қателесіппін ғой… Аңғармаппын ғой… «- дейсің. Бірақ оны түзете алмайсың, өтіп кетті. Өткен нәрсе түзетуге келмейді.

Бірақ сол күйінде болмаса да, соған ұқсас жағдайдың тағы қайталануы мүмкін. Міне, осы кезде өткендегідей қателеспеуге тырысуың керек. Егер бір сүрінген нәрсеңді жолыңнан алып тастамасаң, оған қайта сүрінерің анық.

Қателеспейтін адам болмайды. Өз қатесін түсініп, оны қайталамауға тырысқан адам ғана мейлінше аз қателеседі.

 

* * *

 

Қазақ жеті атаңды білесің бе деп сұрап жатады. Біз білетінімізді дәлелдемек болып, ата-бабаларымыздың есімін айтып жатамыз. Бірақ, есімдерін білгенмен, олардың жетінші атаға дейін қалай аталатынын біле бермейді екенбіз.

Айтып көрелік: әке, ата, арғы ата… Одан әрі қалай аталады? Баба ма, әлде түп ата ма? Бұл жөнінде шежіреден де, тарихи жазбалардан да нақты пікір табу қиын. Табылса да, әр жерде түрліше аталып жатады.

Қазақта «тек» деген сөз бар, кейде «тегің кім?» деп сұрайды. Сонда қалай жауап қайтару керек? Руды айту керек пе? Ру мен тек екі түрлі ұғым емес пе? Әлде арғы атаңды айтуың керек пе? Сонда, нешінші атаңды айтуың керек? Бұл жөнінде де нақты пікір қалыптаспаған. Тіпті, бұл атауды кейде орыстың «фамилия» деген сөзімен шатастырып жүрміз. Қазақта бұрын фамилия болмаған, оның орнына «пәленшенің баласы, түгеншенің немересі…» деген сияқты әкесінің немесе атасының атын айтқан. Бауыржан Момышұлының: «Менің фамилиям жоқ…» деп жүргені сондықтан.

Жақында радиодан берілген бір хабарда ата-текті былай атап шықты: әке — ата — түп ата — баба — тек. Санап отырсақ, бесеу ғана болады екен. Сонда алтыншы және жетінші бабамызды қалай атаймыз? Рет санымен «Алтыншы» немесе «Жетінші» деп атаймыз ба? Орыс халқында бұл жөнінде нақты ұғым қалыптасқан: отец, дед, прадед, прапрадед, прапрапрадед… деп жалғаса береді. «Пра…» сөзінің неше рет қайталануына байланысты нешінші ата екенін ажыратуға болады.

Енді өз шамалауымызша айтып көрелік: әке — ата — арғы ата — түп ата — баба — арғы баба — түп баба. Ана жағынан: шеше – әже – арғы әже – түп әже – ана – арғы ана – түп ана. Ана сөзі қасиетті ұғым, оны кез-келген жерге тықпалай берудің қажеті жоқ, бабамен қатар қолданған дұрыс.  Әрине, бұл жерде осылай айтылуы тиісті деген үзілді-кесілді пікірден аулақпыз. Мұны филологтар, тарихшылар, жазушылар мен ғалымдар бірлесе отырып шешулері керек сияқты.

 

* * *

 

Амангелді батыр биыл 140 жасқа толып отыр. Батырдың мүшелтойы жөнінде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары тіс жарып еш әңгіме айтпады. Қазақ халқына аса танымал емес кейбір жандардың мүшелтойлары тойланып жатқанда, Амангелдінің қалыс қалуын қалай түсінуге болады?

Қазіргі билік үшін Амангелді ел бастаған батыр емес, патшаға қарсы шыққан «бүлікші» болып есептелетін сияқты.

 

 

 

 

                                              2014 жыл

 

Балаға білмегені үшін кейіме, білуге ұмтылмағаны үшін кейі.

 

* * *

 

Үйретудің шегі бар, үйренудің шегі жоқ.

 

* * *

 

Ібіліс пен періштені алыстан іздеудің қажеті жоқ, олар адамның өзінің ішінде жатыр. Тәуір іс істесең періштеге ұқсағаның, ал жаман іс істесең ібіліс болғаның!

 

* * *

 

 

Жақында ғана ғаламтордан белгілі айтыскер ақын Ринат Заитовтың шығармашылық кешін көрдім. Айтыс кезіндегі кейбір ойларын биліктің эфирге жібермей, қиып тастағанын айтып, жарияланбаған өлеңдерін оқып берді.

…Қырандай шырқап ілсем, шалқып кеп бір,

Сөйлейін Бұқарлардан сарқыт боп бір.

Қазақстанды бір үлкен семья десек,

Жанұямыз шалшық боп тұр, балшық боп тұр.

Күйеу бала шет елге қашқанменен,

Кигені жібек пенен барқыт боп тұр.

Ағаларда ақыл жоқ, дегенменен,

Жайы жақсы, қарыны шаттық боп тұр.

Елеңдеп әкемізге қарағанмен,

Ол жақтан да жетпейтіні тәртіп боп тұр.

Үш жүздің тағдырынан бұл күндері,

Үш қыздың болашағы артық боп тұр!

………………………………………………..

Бәйтеректің басына ұя салып,

Қарғалар мен құзғындар топталады.

Қолыма қашан қарға саңғиды деп,

Елеңдеп ел-жұртымыз көп қарады.

Бүгіннің арты бітеу қарғалары,

Боғын да елге қимайтын боп барады.

Қазақстан өгей әке, жат шешеге,

Телмірген үй секілді, көп балалы.

…………………………………………….

Елімді жақсы жырға бөлейтінім,

Ақынмын, арманыма сенетұғын.

Артықтау сөйлеп қалсам, түсініңдер,

Шабыт қой келген ойды төгетұғын.

Бар тілегім еліме әрқашанда,

Қуанышың көп болсын көретұғын.

Ал кемшілік дегенің ол бір ауру,

Ішіңді жеп, қабырғаңды сөгетұғын.

Сондықтан біз айтамыз бетке басып,

Жан табылсын деп соны жеңетұғын.

Ағайын, өздерің де білесіңдер,

Ауруын жасырғанның өлетінін!..

Кейінгі уақытта ақын көрінбей кеткен еді, мынандай сөздерінен соң айтысқа шақырмайтын болған-ау, шамасы. Тек тіл-көзден, қауіп-қатерден аман болсын деп тілейік!

 

* * *

 

Бізде қазір қуыршақ үкімет, қолдан жасалынған парламент пен жалған саяси партиялар жұмыс жасап жатыр. Ақпарат көздері де, аты бұқаралық деп аталғанымен, түгелге жуық биліктің ықпалында. Яғни, солардың сойылын соғады. Биліктегілердің бәрі халық үшін деп айтады, бірақ қалтасы үшін жұмыс жасайды. Себебі, мемлекеттің бүкіл басқару жүйесі осылай құрылған.

Президенттен бастайық. Конституцияда ел Президенті белгілі бір мерзімге сайланады деп көрсетілген. Оның мерзімі қазіргі президенттің қалауы бойынша бірнеше рет өзгертілді. Назарбаевтың отырғанына жиырма жылдан асты, бұл төрт мерзімнен астам уақыт. Конституцияда бір Президенттің қатарынан төрт мерзім уақыт отыруына болады деген бап жоқ. Олай болса, Конституцияны көздің қарашығындай сақтайды деген адамның өзі оның негізгі бабын бұзып отыр.

Парламент жөнінде. Онда отырған депутаттар түгелімен ауқатты адамдар. Олар еш уақытта халықтың сөзін сөйлемейді, себебі, бәрінің де өз бизнестері бар. Бизнес болғанда да анау-мынау емес, ірі бизнес! Ірі бизнеске табыс қайдан келеді? Бұны білу үшін Карл Маркстің «Капиталын» оқудың қажеті жоқ – оның адам жалдау арқылы, яғни адамдардың еңбегін пайдалану арқылы келетіні анық. Жалдаушы жалданушыға неғұрлым аз төлесе, табыс солғұрлым көп түседі. Пайда мен байлық осылай жиналады. Депутаттар парламент қабырғасындағы «айтыс-тартыстарда» халықтың мұң-мұқтажын жоқтағандай болып көрінгендерімен, бірінші кезекте міндетті түрде өз мүдделерінің тұратыны анық. Басқаша болуы мүмкін емес. Қабылданып жатқан заңдардың халыққа тиімсіздігі (тиімділерінің жұмыс істемейтіндігі) осы себептен.

Енді партиялардың жағдайына келейік. «Нұр Отаннан» бастап «Атамекен», «Коммунистік…» деп аталатын партиялардың барлығы да қолдан жасалғандығы кімге де болса аян. Билікке осылай қажет болды, сол себептен осы партияларға парламенттен орын алып беріп отыр. «Нұр Отанның» қатарын шенеуніктермен толтырса, «Атамекенді» бизнесмендерден жасақтады. «Коммунистік…» деп аталатын партияның тарихы сәл өзгешелеу. Парламентте оппозиция бар деп көрсету үшін билікке осындай «партия» қажет болды. Осы себептен қолдан жасалынған коммунистер (яғни, эрзец коммунистер) өмірге келді. Енді биліктің парламентте оппозиция бар деп айтуына, барлық мәселе пікір-талас арқылы шешіліп жатыр деп көрсетуіне мүмкіндігі бар.

 

 

 

 

 

2015 жыл

 

 

Жаралыппыз Адам менен Хауадан,

Нәр алыппыз топырақ, су мен ауадан.

Сол топыраққа қайта оралып бір кезде,

Тыңайтқыш боп түрленеміз жаңадан.

Бұл өмірдің уақытша екенін,

Неге біздер шығарамыз санадан?

Табиғаттың бір мезгілдік бүршігі —

Бар тіршілік, бар мақұлық, бар адам.

 

* * *

 

«Мен құдаймын, ақылдың не керегі бар?»- депті Зевс. «Мен сұлумын, маған да ақылдың қажеті жоқ!»- депті сұлулық құдайы Афродита. «Күш-қайратым жеткілікті, ақылсыз-ақ өмір сүруге болады!»- депті Зевстің ұлы Геракл. Сонда Аристотельдің айтқаныі: «Менде ақыл бар-ау, бірақ сендер барда маған да қажеті жоқ екен!».

 

* * *

 

Байлығыңды айтып мақтанба – кедейді ызаландырасың; жоғыңды айтып зарлама – дұшпаныңды қуантасың. Қай жерде болмасын өзіңді сөйлесіп отырған адамыңмен тең жаңдайда ұстауға тырыс.

 

* * *

 

Соңғы кездері «Алаш» сөзі тым жиі қолданылатын болып барады.

Алаш атауының өзі қайдан және қалай пайда болған? Осының төркініне үңіліп көрдік пе? Кейде «алты алаш» деп айтылып жатады, олай болса оның құрамына кімдер кіреді? Көпшілігіміз біле бермейтін сияқтымыз.

М.Тынышпаевтің жазуы бойынша[14], кезінде қырғыздар мен қарақалпақтар Тәуке ханның туының астында болған. Қазақтың үш жүзіне қырғыз бен қарақалпақ қосылып, бұған қатаған, жайма, т.б. майда рулардан тұратын тағы бір топ бірігіп, осы алтауы «алты алаш» атанған. «Алаш» сөзі осы бірлестіктің ұраны болған.

Кейін бұл атауды Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары өздері құрған партияның аты етіп алады.

Осыдан туындайтын екінші мәселе бар. Қазір қазақ баспасөзі мен теледидарынан: «Біз Алашпыз…», «Біз Алаштың ұрпағымыз…», «Біз Алаштың ұлымыз…», «Астана – Алашымның бас қаласы…» деген сөздер жиі айтыла бастады, яғни «қазақ» сөзінің орнын «алаш» сөзі басып барады. Алаш қазақ деген ұғымды білдірмейді және оның синонимі де емес. Олай болса, бұл сөзді абайлап пайдалануымыз керек.

Сонымен бірге қазір «Ұлы дала» сөзі пайда болды. Бұрын «қазақ даласы» деп айтылып жүрсе, қазір оның орнына осы теңеу қолданыла бастады. Қазақ деген анықтауыш алынып тасталды.

Осы «Алаш» және «Ұлы дала» деген жалпылама сөздерге біз неге үйір болып алдық және бұның астарында не бар? Бұл жерде көзге бірден көріне қоймайтын құпия саясат бар сияқты. Бұлай айтуымыздың себебі — соңғы кездері «қазақ» атауы лексиконнан ығыстырыла бастаған сияқты.

 

* * *

 

Оразаны бастап алып, түрлі себептермен ауызын ашып жіберетін адамдар бар. Бұлар негізінен өзінің денсаулығын шамалай алмағандар немесе тамақтың тежелуіне шыдам бере алмайтын жандар. Ораза ұстаған пенде азанғы сағат 4-те ауызын бекітіп, кешкі сағат 9 шамасында ашуы тиіс (жазғы мезгілде). Ұзақтығы он жеті сағат. Бұған шыдау, әрине, оңай емес. Бұл аралықта адамның ағзасы өзіне қорек «іздеуін» тоқтатпайды, яғни санаға бағынбай жұмыс істейді. Осы себептен кейбір адамдар шыдай алмайды.

Ағзаны санаға «бағындыруға» бола ма? Бұл қаншалықты мүмкін? Менімше, бұл үшін адамның ерік күші жеткілікті болуы керек және сол күшті дұрыс пайдалана білу қажет.

Орыс жазушысы Борис Лавреневтің әйгілі «Қырық бірінші» повесінде бір эпизод бар. Өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары (азамат соғысы кезінде) ақтардың қоршауынан шыққан бір топ қызыләскер өз әскеріне қосылу үшін құмның ішімен аш-жалаңаш, жаяулап-жалпылап сапарға шығады. Арасында тұтқынға түскен бір офицер болады.

«Үстеріндегі лыпалары жыртылып біткен, аяқкиімдерінің быт-шыты шыққан, үсіген аяқтарын киіздің қалдықтарымен, басқа да қолдарына түскен жалбалармен орап алған он адам соққан желдің екпініне әзер шыдап, сүрініп-қабынып, бүгіле басып жүріп келеді. Тек бір адам ғана тіп-тік қалпын сақтап қалған. Бұл гвардия поручигі Говоруха-Отрок еді…

…Поручиктің қолы байлаулы, шылбырдың ұшы Марютканың белінде. Марютка да әзер жүріп келеді. Тотыққан жүзінде көздері ғана жалтырайды. Ал поручиктің қиналатын түрі жоқ, тек беті сәл қуқыл тартқан сияқты.

Бірде Евсюков оның қасына жақын келді де, көгілдір көзіне тесіле қарап тұрып, қарлыққан дауыспен:

— Сайтаным біле ме, қосжандысың ба, немене? Денең шап-шағын, ал қуат-күшің жетіп-артылады. Мұндай күш қайдан шығып жатыр? – деп сұрады.

— Түсінбейсің… Екеуміздің түсінігіміздің арасы жер мен көктей. Сенің денең рухыңды билейді, менің рухым денемді бағындырады. Яғни, мен өзіме тапсырма беріп, соны орындата аламын.

— Солай де… – деп таң қалған еді комиссар».

Осы көріністегі поручик Говоруха-Отроктың: «Мен өзіме-өзім тапсырма беріп, соны орындата аламын…»- деген сөзінің төркінінде не жатыр? Бұл адамның өзін-өзі басқару мүмкіндігінің бар екенін білдіреді.

Кез-келген адам мұны өзіне байқап көруіне болады.

 

* * *

 

Қораздың шақыруы азайса, мекиендердің қыт-қыты көбейе бастайды.

 

 

2016 жыл

 

Неміс ұлтының өкілі Герольд Бельгер мен әзірбайжан қызы Асылы Османның көп уақыттан бері қазақ тілінің жоғын жоқтап жүргені баршамызға белгілі. Осы еңбектері үшін екеуіне мың алғыс айтуымызға болады. Бірақ біздер – қазақтар — қазақ тілінің жоғын неге басқа ұлттың өкілдері жоқтайды деген сұраққа жауап іздеп көрдік пе?

Егер шындықтың бетіне тура қарап айтар болсақ – бұл жағдай біздің әлсіздігіміздің белгісі. Әлсіз адамға ғана көмек қажет болады, өзінің түйткілдерін өзі шеше алмаған адамға ғана басқа жан көмекке ұмтылады, шаршаған жанға ғана басқа адам қол ұшын бергісі келеді. Тіл мәселесіне келгенде біздің жағдайымыз осындай болып тұр!

 

* * *

 

Адамның өмірінде үш өтпелі кезең болады екен.

Оның алғашқысы 13-17 жас аралығында өтеді. Бұл денедегі анатомиялық және физиологиялық өзгерістер пайда бола бастайтын уақыт. Сол себептен адамның мінез-құлқы өзгере бастайды. Бұнда балалық-бозбалалық шақтан жігіттік шаққа өтесің.

Екінші кезең 30 бен 40 жастың арасы. Бұл уақытта өзіңді әлі жаспын деп есептейсің — үйдің шаруасы мен от басының тіршілігіне онша мойын бұрғың келмейді; жастық шақ мәңгілік тұра беретіндей болып көрінеді. Қызметке араласасың, бірақ оның дәмін дұрыс тата қойған жоқсың; яғни не әрі, не бері емес бейтарап уақыт. Бірақ қанша бұлқынсаң да «отбасы» және «жұмыс» атты бұғаулар сені бағындыра бастайды.

Үшінші кезең 50 мен 60-тың арасында. Бұл кезде сақа жігітсің (жаманның жасы болмаса біршама жасқа келіп қалдың) — «жігіт ағасы» деген мәртебең бар; бірақ өзіңді әлі үлкендер қатарына қосқың келмейді, немесе қылшылдаған жас емес екеніңді білсең де «шалдар» қатарына қосылғың келмейді: Кейде «шал» деген сөзді естісең кәдімгідей ренжіп қаласың; бірақ бұған да бірте-бірте құлағың үйрене бастайды. Пайғамбар жасына келіп қалдың, үйренбегенде не істейсің?

Меніңше осы кезеңдерден «дұрыс» өте білудің құпиясы табиғаттың заңдылықтарын мойындай білуде. Бұл, әсіресе, жасың ұлғайған кезде өте қажет. Табиғатта өсу де бар, өшу де бар. Осыны түсінген адам дұрыс қартая білмек.

 

* * *

 

Қара судың тәттілігін аңқаң кеуіп шөлдегенде білерсің, қара жердің қаттылығын жақыныңды жерлегенде білерсің!

 

* * *

 

Елді коррупция жаулап алды. Оның белең алғандығы соншалықты, қай жерге барсаңыз да алдыңыздан шығады.

Мен көп жылдар бойы емханаға тіркеліп, тегін ем алып келемін. Мемлекеттің бұнысына рахмет! Дегенмен, осы сфера да коррупциядан аман емес.

Биылғы көктемде, наурыз айында, кезекті ем алу үшін учаскелік дәрігерден жолдама алдым. Енді осы жолдама бойынша күндізгі стационарда бір апта ем-дом алуым керек. Ауызда отырған медбике  келіншек кезекке тіркелуім керек екенін айтты. «Тіркеңіз»- дедім. Жорналын ашты да: «Сіздің кезегіңіз қыркүйек айында келеді»- деді. Мен қате естідім бе деп қайталап сұрадым. Қате естімеппін, медбике қыркүйек айында ғана мүмкіндік бар екенін қайталап айтты. Бұған алғаш не айтарымды білмей қалдым. Сосын: «Оған дейін әлі бес ай уақыт бар, кейбір науқастардың оған жете алмауы да мүмкін ғой»- дедім. Медбике маған таң қала қарап: «Адам жақсы сөз айтуы керек…»- деді. Менің онымен сөз таластырып жатқым келмеді, бас дәрігердің кабинетін сұрадым. Анығын білмекке солай қарай беттедім. Бас дәрігер жас келіншек екен (неге екені белгісіз, дәрігерлер жиі ауысып тұрады), қолымдағы жолдама мен ауруымның тарихы жазылған кітапшаны алып, оқығаннан кейін кезексіз қабылдайтынын айтты.

Ертеңіне ем қабылдауды бастадым. Алғашқыда науқас адамдар көп шығар деп ойлаған едім, олай емес екен — койкалардың көбісі бос тұр. Сонда қалай болғаны? Аурулар кезек күтіп, төрт-бес айлап емделе алмай жүреді, ал мұнда койкалар бос тұр!

Бір аптадан кейін, емделіп болғасын, бас дәрігерге кіріп, рахметімді айтып шықтым. Кезексіз қабылдағаны үшін оған алғысым шексіз, әрине. Солай болса да, койкалардың бос тұруы мені ойға қалдырды? Бұл жерде стационардың дәрігерін ғана кінәлі дегім келмейді, себебі, оның да үстінен қарайтын дәрігерлердің бар екені анық.

Тағы бір жағдай еске түседі. Бұдан үш жыл бұрын бір таныс адам абақтыға қамалды. Жағдайын білмекке әйеліміз екеуміз түрмеге бардық.  Таңертеңгі сағат 10-да барғанбыз. Кішкене ғана терезенің арғы жағында келушілердің өтініштерін қабылдайтын сержант отыр. Біз  «кездесуге және азық-түлік тапсыру үшін» деп көрсетіп, арызымызды өткіздік. Күтуге кірістік. Сержант фамилияларды атап, шақырып жатыр. Аты аталған адам ішке кіреді де, әкелген азықтарын тапсырады. Түс болды. Біздің фамилиямыз аталар емес. Менің шыдамым жетпей, сержанттан сұраған едім, ол: «Бастық тексеріп жатыр. Егер рұқсат берсе, өзім хабарлаймын»- деп жауап қайтарды. Отырған терезесінің жоғарғы жағында плакат тұр. Онда ірі ғаріптермен: «Коррупцияға жол жоқ!» деген сөз жазылған. «Е-е, мұнысы дұрыс екен»- деп отырмын ішімнен. Қысқасы, түс ауғанша біздің фамилиямыз аталмады. Бірақ, байқап отырмын, бізбен қатар келгендердің бәрі заттарын тапсырып шығып жатыр. Қасымдағы адамнан жайлап сұрауға кірістім: «Менің алғаш келуім еді, түсінбей отырмын. Жұрттың бәрі тапсырып кетіп жатыр, бізді әлі шақырар емес…»  «Арыз тапсырдыңыз ба?»- деп сұрады әлгі кісі. «Ия, тапсырғанымызға 3-4 сағат болды»- дедім.  Ол жымиып күлді. Сосын сыбырлай сөйлеп, арыз жазылған қағаздың арасына ақша қыстыру керек екенін айтты. Мен сонда барып төрт сағат күтуіміздің себебін түсіндім. «Енді не істеймін?»- дегеніме: «Қайталап арыз жазыңыз»- деді. Тағы арыз жазуыма және әлгі адамның айтқанын орындауыма тура келді. Арада жарты сағат өткенде, азық-түлігімізді қабылдады және маған ішке кіруге рұқсат берді. Бұл абақтыдағы жағдай.

Тұрмысқа шыққан қызым елде тұрып жатыр. Қазалының базарында сауда жасаумен айналысады. Бірде (бұдан үш жыл бұрын) қызымнен сұрадым: «Базар деген уақытша нәрсе, неге мамандығың бойынша жұмыс істемей жүрсің?». Сонда қызымның айтқаны: «Папа, мен істемейін деп жүрмін бе? Мұғалімдік жұмысқа тұру үшін үш жүз мың теңге (!) пара беру керек екен»- деді. Мен сеніңкіремей: — «Оны кім айтып жүр?» деген едім. — «Мектеп директоры…»- деді. — «Өзің жолығып па едің?». — «Ия, өзім жолықтым. Кабинетіне кіргенімде ашықтан-ашық осылай айтты»- деп қайталады. Мен таң қалдым. Егер мектептің директоры осылай айтса, басқаларына ренжуіміз орынсыз екен ғой деп ойладым!

Бұның ақыры не болар екен?!

 

* * *

 

«Қарға қарғаның көзін шоқымайды», бірақ басына саңғиды.

 

* * *

 

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дейді бабалар сөзі. Дүниеге келген адам тырбанып еңбек етеді: бірі мал жинайды, екіншісі үй тұрғызады, үшіншісінің қанша тырбанса да қолынан ештеңе келмей жатады. Ал кайсыбірі, тіпті, осының бәрін жасап үлгіреді. Неге бұлай? Себебі, «алуан-алуан жүйрік бар, шамасына қарай шабады».

 

* * *

 

Тарихты оқып қана қоймай, оны зерттей білуіміз керек. Бұл дегеніңіз – оқыған материалдардың шындыққа жанасымды жағын ғана қабылдап,  содан дұрыс пайымдаулар жасау деген сөз. Архив материалдарын пайдаланған кезде оларға жүз пайыз шындық екен деп қарауға болмайды. Себебі, автордың сыртында жаздырған адамдардың болуы әбден мүмкін. Сондықтан бізге келіп жеткен жәдігерлерді қадірлеп сақтаумен қатар, оларды сараптамадан өткізіп барып қабылдау артықтық жасамайды. Ондай сараптама зерттеушінің ары мен ожданы болмақ (бұдан артық сараптама табу мүмкін емес).

Сонда ғана ұрпағымызға өткен кезең жайлы шын мағлұмат қалдыра аламыз.

 

2017 жыл

 

Ұлы Октябрь Социалистік революциясына биыл 100 жыл толады.

Біз Кеңес заманында өмір сүрдік, сол мемлекеттің талай жақсылығын да көрдік. Сондықтан кейбіреулер сияқты оған тас лақтырудан аулақпын. Тегін оқытты, тегін емдеді, баға тұрақты болды. Ең бастысы ертеңгі күнім не болады деп уайымдаған жоқпыз. Жұмыс істеген адамға қызмет баспалдағымен көтерілуге де жол ашық болатын. Социализмнің негізгі қағидасы «адам адамға дос, жолдас және бауыр» еді.

Кемшіліктері де болды, әрине. Кейбір тауарлардың тапшы (дефицит) болғаны рас. Бірақ өмірдің негізгі тірегі олар емес болатын, сол заттарсыз-ақ уайымсыз өмір сүруге болатын еді. Барлық мүліктің мемлекеттік меншік болып есептелініп (ортақ меншік), нақты егесі болмағаны да рас. Бірақ осындай жағдайдың өзінде КСРО-да социализм өмір сүріп ғана қоймай, оны дүние жүзіндегі ең алып мемлекетке айналдыра білді.

Осы күндері коммунизм дегеніміз утопия[15], ондай елесті қуудың қажеті жоқ еді деп айтып жүргендер бар. Шынында, социалистік қоғамды дүниеге әкелген коммунизм идеясы қалай пайда болды?  Бұл идея өмірге қалай келген? Егер осы сұрақтың жауабын білгісі келген адам болса, онда оның марксизм классиктерінің шығармаларына үңілуіне тура келер еді. Бірақ, біз, ғылыми коммунизмнің негізін салушылардың шығармаларын оқуды әзірше қоя тұрып, оны қарапайым түрде ұғынып көрелік.

Себепсіз салдар болмайды дейді. Кешегі Кеңес үкіметі «ғайыптан» пайда болған жоқ. Октябрь төңкерісінің алдында да әлемде бірнеше революциялардың, түрлі қарулы көтерілістердің болып өткені белгілі. Ежелгі Римдегі Спартак бастаған құлдар көтерілісін, Франциядағы  Париж коммунасын, Ресейдегі Степан Разин мен Емельян Пугачевтердың көтерілістерін, қазақ даласындағы Сырым мен Есет,  Исатай мен Маханбет, берідегі Амангелді Иманов бастаған көтерілістерді тарихтан білеміз. Тіпті, 1871 жылы Францияда болған революция (Париж коммунасы) жеңіске жетіп, үш айға жуық өмір сүрді. Байқап қарасаңыз, осы көтерілістердің бәрінің де себебі — таптар арасындағы қайшылықтарда жатыр. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде жүздеген елдерде таптар арасындағы күрес тоқтаған емес және тоқтамақ та емес. Егер осы көтерілістер мен төңкерістер бір немесе бірнеше елде болып өтсе, оны кездейсоқ жағдай деп қарауға болар еді. Ал сан ғасырлар бойы әлемнің барлық елдерінде дерлік болып жатқан бүліктер мен көтерілістерді қалай ғана кездейсоқ оқиға деп айта аламыз? Кездейсоқтық емес екен, онда оның заңдылық болғаны!

Енді қазіргі заманға келейік. Қазір бүлік неден шығады деп ойлайсыз? Бүлік даудан шығады. Дау жұмыс беруші мен жұмысшының келіспеушілігінен басталады. Қандай да болмасын қожайынның пайда табуға ұмтылатыны бекер емес. Осының екі жолы бар: біріншісі, өнімді молайту; екіншісі, шығынды азайту. Бірінші нұсқа біршама қаржы мен уақытты талап етсе, екіншісі олай емес — бұған лезде қол жеткізуге болады. Шығынның ішінде жалданушының еңбекақысы бар, сондықтан жалпы шығынды азайту мақсатында жұмыс беруші жұмысшыға жалақыны неғұрлым аз төлеуге тырысады. Яғни, ақыны аз төлеп, өнімді мол өндірсем дейді.

Жалақы мөлшері қожайынға қалыпты болып көрінгенімен, жұмысшыны қанағаттандырмауы мүмкін. Себебі, «берушіге бесеу көп, алушыға алтау аз». Міне, даудың басы осыдан басталады! Бұның аяғы наразылыққа, наразылықтың соңы талап қоюға, талаптары орындалмаған жағдайда олардың көшеге шығуларына, басқа да шаралар ұйымдастыруларына ұласады. Бұған қоғамдағы жұмыссыздық, адам құқықтарының бұзылуы, әлеуметтік теңсіздіктердің белең алуы, тағы басқа саяси мәселелер қосылса, осының аяғы көтеріліске апарып соғары анық. Бұны классикалық үлгі десе де болады.

Бүліктің шығу себебін халықтан іздеген адам қателеседі, оның бастау көзі халықта емес —  билікте.

Ресейде большевиктер партиясы (РСДРПб) 1903 жылы пайда болды. В.И.Лениннің берген анықтамасы бойынша: «большевизм саяси ағым ретінде 1903 жылдан бастап өмір сүре бастады». Осы партия қарулы көтеріліс арқылы билік басына 1917 жылдың қазан айында келді, яғни құрылған күнінен бастап билікке қол жеткізгенше 14 жыл бойы еңбекші халық арасында жұмыс жүргізді. Партияның қатарында тек жұмысшылар ғана емес, алдыңғы қатарлы интеллигенция, ақын-жазушылар, тіпті демократияны қолдаған ақсүйектер қауымының өкілдерінің де болғаны анық. Партияның бағдарламасы екі бөлімнен тұрды: біріншісі (программа-минимум) – билікке қол жеткізу; екіншісі (программа-максимум) – билікті қолға алғаннан кейін, елде социалистік қоғам орнату, яғни коммунизмнің алғы шарттарын жасау.

Өмірге КСРО мемлекеті келгеннен кейін дүние жүзінде капиталистер тарапынан еңбекші халыққа деген көзқарас өзгере бастады. Халықтың құр тобыр емес екеніне олардың көздері жетті. Халықтың (оларша тобырдың)  ұйымдасып біріксе үлкен күшке айналатынын білді және енді бұрынғыдай басқара алмайтындарын да түсінді. Осыдан кейін «коммунизм елесінің» бүкіл әлемге тарап кетуінен қауіптенген шетелдік алпауыттар еліндегі жұмысшылар мен қызметкерлерге, тіпті колонияларға дейін әлеуметтік жағдай жасауға бет бұрды.

Ғасырлар бойы алып империялардың қанауында болып келген елдер енді тәуелсіздіктерін ала бастады. XX ғасырдың басында дүние жүзінде капиталистік қоғамнан бас тартқан жалғыз ғана мемлекет болса (бұл КСРО еді), осы ғасырдың ортасында социализм бүкіләлемдік жүйеге айналды, яғни екінші дүниежүзілік соғыстан кейін социалистік жүйе дүние жүзінде капитализммен тайталаса алатын бірден-бір күшке айналды. Евразия мен Африка континенттерінде халықтық-демократиялық мемлекеттер пайда бола бастады.

Америка континентінде алғаш рет 1959 жылы АҚШ-тың тап іргесінде орналасқан Куба республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл жағдай АҚШ-қа төбесінен жай түскендей әсер етті. АҚШ үкіметінің абыржығаны сондай, осыдан кейін латын Америкасының дамушы елдеріне жәрдем бере бастады. «…Өзінің оңтүстігіндегі көршілерін аяусыз тонап келген Америка Құрама Штаттары, енді «Прогресс үшін одақ» ұйымы арқылы осы елдерге жылына 2 миллиард доллар (көлемі жағынан аңызға айналған «Сэм ағай» үшін де орасан көп сома) көмек бермекші болып уәде берді. Латын Америкасының халықтары АҚШ-тан қаржы алып жатып, Куба революциясының көсемі Ф.Кастроға былай деп алғыс айтты: «Фидель, революцияң үшін саған үлкен рахмет! Сен болмағанда, біз Құрама Штаттардан түк те ала алмаған болар едік[16]»

Коммунизм идеясы ойдан шығарылған ертегі емес, тарихта болған уақиғалар пен нақты әлеуметтік жағдайларды зерттей келе жасалынған құжат болатын. Маркс пен Энгельс, Плеханов пен Ленин өз заманының кемеңгерлері болғандары анық. Егер бұл идея шынымен елес болса, онда қазіргі «Халықтық… Социалистік… Демократиялық…» деп аталатын республикалар өмірге келмеген болар еді. Коммунистердің мақсаты тапсыз, яғни адамды адам қанамайтын қоғам құру, сол қоғамның игіліктерін барлық адамның тең пайдалануына мүмкіндік жасау болды.

Коммунизм идеясының құндылығы, міне, осында жатыр!

Аристотель айтпақшы: «Бәрі өзгереді, бәрі өтеді…». Заман да, қоғам да өзгеріске ұшырап отырады. Уақытты тоқтатудың мүмкін еместігі сияқты, бұны да тоқтату мүмкін емес.

 

* * *

 

Әлемге белгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов ағамыз биыл жетпіс бес жасқа толып отыр. Ақынның мерейтойының облыс көлемінде тойланып өткенін естідік. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен кездесу өткізіліп, ақынның творчествосы жөнінде жақсы-жақсы пікірлер айтылыпты. Оппозицияда жүрген ақынға көрсеткен құрметі үшін Түймебаевқа риза болғанымды жасыра алмаймын. Ел билеушілері келеді-кетеді, ал Мұхтар Шаханов сияқты тума дарындар халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Ол кісі осыны түсінсе керек.

 

* * *

 

Алаш қозғалысы жайлы сөз бола қалған жағдайда: «Алашордашылар тәуелсіздікті аңсады, егеменді ел болу үшін күресті және сол мақсаттары үшін Кеңес үкіметінен зәбір көрді»- деп айтылып жатыр. Жақында ғаламтордан «Алаш» партиясының бағдарламасымен (дұрысында оның жобасымен) танысып шықтым. Бір таң қаларлығы – тоғыз беттік 10 тараудан тұратын бағдарламадан егеменді ел болу жайлы бір ауыз сөз таба алмадым. «Мемлекет қалпы» аталатын бірінші тарауда былай деп жазылған: «Россия құрамында демократиялық федеративтік республика болу». Екінші тарауда: «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болу» деп көрсетілген. Егер партияның негізгі құжатында егеменді ел болу қарастырылмаса, ол қалайша тәуелсіз ел болмақ?

«Ғылым-білім үйрету» аталатын тарауындағы: «Бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту…» деген сөзі де түсініксіз, сонда орта мектептерде қай тілде оқытылмақ? Орыс тілінде ме?

Ал «Дін ісі» тарауындағы шарттар біздің қазіргі Конституциямызға сәйкес келеді. Онда былай делінген: «…Дін біткенге тең құқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық».

Дегенмен жобаның жақсы жақтары да бар екендігі байқалады. Мысалы, «үкімет қызметшілері үй иесінің рұқсатынсыз ешкімнің табалдырығын аттамау…», «зор жазалы қылмыскер присяжный сотпен қаралу…», «салық әл-ауқат, табысқа қарай байға-байша, кедейге кедейше әділ жолмен таратылу…», «жер законінде жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астыңғы байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу…» деген жолдар ақылға қонымды.

Салықтың «байға-байша, кедейге-кедейше салынады» дегеніне қарағанда, алашордашылардың ойы халықтың әлеуметтік жағдайын теңестіру емес, байды бай күйінде, кедейді кедей күйінде қалдыру, яғни феодалдық-капиталистік қоғам құру болғаны анық байқалады.

«Алаш» партиясы 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақтық бірінші съездің шешіміне байланысты құрылған. Оның бағдарламасы екінші сьезде бекітілуі тиіс еді, сол кездегі саяси жағдайларға байланысты бұл сьезд шақырылмай қалған. Осы себептен бағдарлама жоба күйінде ғана қалыпты.

Қазіргі баспасөз бен түрлі басылымдардағы мақалаларда Алашорда қозғалысының күйреуін Кеңес үкіметінен көріп жатыр. Шынымен солай ма екен?

1918 жылдың 22 қазанында Бүкілресейлік уақытша үкімет (Колчактың «Сібір үкіметі») Алашорда жөнінде жарлық қабылдапты. Онда былай делінген: «Грамотою от 22 октября (4 ноября) 1918 г. временное всероссийское правительство признало необходимым на ближайщий период времени подчинить все государственное управление единому Совету министров. Упраздняя на сем основании алашское правительство – Алаш-Орду, Временное всероссийское правительство вместе с тем считает нужным ввести в организацию управления казах-киргизских народностей начала, соответствующие их бытовым и хозяйственным особенностям и создать в будущем соответствующий сей цели представительный орган, ведающий культурно-бытовыми и хозяйственно-экономическими делами означенных народностей.

Временное всероссийское правительство постановляет: Правительство Алаша – Алаш-Орду считать прекратившим свое сушествование[17]».

Алашорданы мақсаттары бір «Сібір үкіметі» мойындамаған екен, оны мақсаты бөлек Кеңес үкіметі қалай қолдамақ?

Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі басталған азамат соғысы тек Ресейді ғана емес, патшалы Ресейге қараған барлық аймақты түгел қамтыды. Сол аймақтағы халықтың кейбірі қызылдар, қайсыбірі ақтар жағында болып, екі жікке бөлінді.

Алашордашылардың айтуынша, қазақ халқында тап болмаған, «оны ойлап тауып, қазаққа әкеліп теліп жүрген большевиктер» дейді. Олардың тұжырымдамасы бойынша байлар кедейлерді қанамаған, «қайта оларды асырап-баққан» болып шығады. Алашорда қозғалысы мүшелерінің басым көпшілігі байлардың балалары екенін еске алсақ, олардың бұл «доктринасын» түсінуге болады. Бірақ, кез-келген мәселені (және ол ұлттың тағдырына байланысты болса) тек бір ғана жағынан қарап баға беруге болмайды ғой. Мың адамның біреуі ғана бай екені белгілі, сонда қалған тоғыз жүз тоқсан тоғыз адамның пікірін кім тыңдайды және жоғын кім жоқтайды? Міне, осы кезеңде болшевиктер «біз тапсыз қоғам құрамыз, барлық адам тең болады» деген идеяны аренаға шығарды. Осы идея қарапайым халық арасынан қолдау тауып, олар қызыл армия қатарында күресті. Халықтың көпшілігінің қызылдар жағына шығуы осы себептен. Әрине, бұған келіспегендердің ақгвардияшылар мен алаш әскері (немесе баспашылар) жағында болғанын білеміз.

Баррикаданың екі жағындағылар арасында (ақтар мен қызылдар) бітіспес және ымырасыз соғыс жүріп жатты. Бұл соғыста келісімге келуге болмайтын еді. Ұрандары: «Не жеңіс, не өлім!» болды. Басқадай жолы жоқ болатын. Бұл кезеңде майдан даласындағы ашық ұрыстармен қатар, жасырын террористік қимылдар да толастаған жоқ. 1918 жылы Москвада Ленинге оқ атылды. Кейінірек белгілі большевиктер Урицкий мен Володарскийді атып өлтірді, Ленинградта Кировты атып кетті. Сібірде Колчактың қолына түскен Сергей Лазоны паравоздың оттығына салып жағып жіберді.

Осы кезеңде ақтар жағында болған алашордашылар да аянып қалған жоқ еді. Бұлар да большевиктерге қарсы арнайы отряд шығарды. Алашорданың төрағасы Ә.Бөкейхановтың 1918 жылдың 29 шілдесіндегі берген нұсқауында[18] Семей, Ақмола, Торғай облыстарында осы мақсатта ұйымдастырылған отрядтарға «қызылдар жағында болған адамдарды (әсіресе большевиктер мен комиссарларды) және Кеңес депутаттарын ұстап алып жазаға тарту» жайлы тапсырма берілген. Осы нұсқауды басшылыққа алған алашордашылар Әліби Жангельдин, Амангелді Иманов, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев.., т.б. белгілі большевиктердің ізіне түсті. Амангелдіні келіссөз жүргіземіз деп алдап қолға түсіріп, аттың құйрығына байлап өлтірді. Тоқаш Бокинді арбаңа таңып қойып, отқа жағып жіберді. Бүл жазадан тек Әліби мен Ғани ғана аман қалған еді (екеуі де Мәскеуге кеткен болатын). Алашордашылардың осы «жорығында» большевиктер жағында болған қаншама қазақтың қаны төгілгені бізге әлі де белгісіз.

Қызылорда облысы Қазалы уезінің тумасы, жасынан батрақ болып байларға жалданып күн көрген, Қазалыдағы алғашқы большевиктердің бірі, кейін Республика көлемінде түрлі лауазымды орындарда жұмыс істеген Ертас Бөлекбаев ағамыз былай деп жазады: «Үстем тап (қанаушы тап) ешбір уақытта еңбекші халыққа үкіметті өз еркімен берген емес. Осы жағдай Қазалы уезінде де болмай қалған жоқ. Қазалының чиновниктері, болыс-билері мен байлары қашан колхоз құрылысы жеңіп шыққанша Совет өкіметіне, оның басшыларына, коммунистерге қарсы қастандық әрекеттерін тоқтатпады. Олар ашық күреске ғана шығып қойған жоқ, күрестің жасырын әдісін де жүргізіп отырды. Оларға (коммунистерге- И.А.) қастандық жасады, жала жапты, сыртынан өсек-өтіріктер таратты. Кейбір адал коммунистердің жаладан абақтыға отырып шыққандары да болды[19]».

Алашордашылардың осы әрекетін қазіргі биліктің саясаткерлері былай деп түсіндіргісі келеді: «Қазақ қоғамындағы мұндай жіктеліс заңды құбылыс. Ұлт өкілдерінің бұл әрекетін қазақ автономиясына жету жолындағы таңдауынан деп түсініп, объективті бағалауымыз керек[20]». Егер объективті баға беру керек болса, белгілі большевиктерді азаптап өлтірген алашордашыларды жазаға тартқан Кеңес үкіметінің әрекеті неге «репрессия» деп айыпталады және алашордашылар неге «саяси сүргін құрбандары» болып есептелінеді? Екіншіден, алашордашылардың көксеген автономиясы Кеңес үкіметі кезінде де орнады, тіпті, Қазақстан 1922 жылы КСРО құрамындағы 15 одақтас республиканың бірі болды емес пе?.

Алашорданы халық неге қолдамады? «Алаштың» белсенді мүшесі Дулатовтың айтуы бойынша: «…бұған екі түрлі себеп болды: 1) орыс һәм қазақтан шыққан большевиктердің кесірі; 2) елдің салақтығы[21]». Міржақыптың бірінші себебімен келісуге болар, ал екіншісін қалай түсінуге болады?

Патшалы Ресейдің аймағын түгел қамтыған азамат соғысы Кеңес үкіметінің жеңісімен аяқталды. 1920 жылдан бастан бұл Үкіметті бүкіл әлем мойындай бастады, барлық елдер онымен дипломатиялық қатынастар жасауға кірісті. Кеңес үкіметін мейлі мақтаңыз, мейлі жамандаңыз, бірақ екі нәрсенің басы ашық: біріншісі, большевиктер идеясының қарапайым халық арасынан кең қолдау табуы; екіншісі, көпшіліктің осы идея үшін күресуі. Бәрі бірдей саналы түрде большевик болды деу артық болар, бірақ «бұрынғы өмірді өзгертеміз, енді жаңа тапсыз қоғам құрамыз» деген ұранның елді еліктіргені анық.

Осындай қоғамның құрылып, оның 73 жыл өмір сүргенін білеміз. Егер сол қоғамның қателіктері болып жатса, оны идеяның қателігі деп қабылдамауымыз керек. Бұл жерде кейбір жекелеген адамдардың (мемлекет басшыларының) жіберген қателіктері екенін білгеніміз жөн.

 

* * *

 

Қандай да бір мәселе жайлы пікір айтар болсақ, оны салыстыру арқылы бағалаған дұрыс. Еліміздегі ауыл шаруашылығы ғылымы жөнінде сөз қозғалса алдымен еске түсетіні оның кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі жағдайы. Салыстыра қарағанда қазіргі кезде бұл салада ілгерілеу бар деп айта алмаймыз.

Кез келген ғылымның жаңалыққа тәжірибе жасау арқылы қол жеткізетіні белгілі. Тәжірибе жасау үшін оның базасы болу керек. Кеңес үкіметі кезіндегі ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибе шаруашылықтары болды, ғылыми жұмыстарын осы шаруашылықтарда жүргізді. Бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу институттары болғанымен, олардың қарамағындағы тәжірибе шаруашылықтары қазіргі Үкіметтің пәрменімен таратылып, жекешеленіп кетті. Бұрынғы «асыл тұқымды зауыттар» мен «асыл тұқымды шаруашылықтар» да өз мәртебелерінен айрылды. Олар да қазір жекенің қолында. Сондықтан ғалымдарымыз тәжірибе жасау үшін жекеменшік иелеріне барып жалынуға мәжбүр. Себебі, өздерінде мал жоқ. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығы ғылымы дамиды деп айта аламыз ба? Дамымайтыны айдан анық! Дамымайды екен, онда оның заман талабына сай бола алмайтындығы белгілі. Біз бұл салада ТМД-дағы елдерден едәуір артта қалып отырмыз. Салыстырып айтсақ — Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Беларусь республикаларында асыл тұқымды мал зауыттары әлі сақталынып қалған, осы күнге дейін мемлекет иелігінде болып келеді (олар мемлекет бақылауында және мемлекет есебінен қаржыландырылады).

Нақты айтқанда Қазақстан ғылымындағы бұрынғы жүйе түбірімен жойылды, ал жаңа жүйе әлі жұмысқа толық кіріскен жоқ. ТМД елдерінің бәрінде дерлік бұрынғы жүйенің қажетті элементтері сақталынып қалған (аспирантура, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау мен қазіргі заманғы магистратура, РҺD докторлығы қатар жүргізіліп келеді). Аталған елдерде жаңа жүйеге көшу этаппен жүргізілуде. Біздер жаңа жүйе өсіп жетілмей жатып, бұрынғы жүйенің тамырына балта шауып үлгердік! Жоғары қарай секіру үшін табаныңды тірейтін тірек керек болса, біз сол тіректен айрылып қалған сияқтымыз. Сондықтан Қазақстанның ауылшаруашылығы ғылымы қазіргі кезеңде «не ол емес, не бұл емес» күйде өмір сүруде.

Кеңес Үкіметі кезінде ғылыми-зерттеу институттары өздерінің тәжірибе шаруашылықтарымен қоса Қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясына қарайтын еді. Қазір олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілді, яғни ғалымдар осы министрлікке тәуелді болып қалды. Ғалымдарды қазір министрліктің жанынан құрылған комитет  басқарады. Ал онда отырғандар ғылыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шенеуніктер мен бизнес өкілдері. Бұлар тек қағазбастылықпен ғана айналысады, себебі мемлекет меншігінде қазір не мал, не егістік жер жоқ.

Осындай жағдайда фермерлерге министрлік нұсқауының қандай қажеттілігі бар? Олардың қандай мал түрін (немесе тұқымын) өсіремін десе де, қандай егіс түрін (немесе сортын) егемін десе де еріктері өздерінде емес пе? Анығын айтсақ, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін фермерлер мен шаруалар министрліктің нұсқауынсыз-ақ өз тірліктерін жасап жатыр. Осыдан кейін Қазақстанға Ауыл шаруашылығы министрлігі қажет пе деген сұрақ туындайды. Министрлікте қаншама штаттар сақталған, оларға мемлекет қоржынынан жыл сайын қаншама қаражат бөлінуде.

Сондықтан тауарөндірушілерге ықпал етудің басқа әдістері мен механизмдерін ойлап табуымыз керек. Бұны елімізге қажетті өнім түрлерін өндіруге субсидия беру арқылы реттеген жөн. Оның қаржылық көзі министрлікті ұстауға бөлініп жатқан қыруар қаражатта! Осы қаражат субсидия ретінде жұмсалынса шаруаларға тиімді болған болар еді (мемлекетке де). Егер мемлекетке аграрлық саясат жүргізетін орган қажет болса, комитет немесе агенттік құрса да жетіп жатыр.

Реформа жасаудың қажет екендігінде дау жоқ. Бірақ кез-келген реформаны «реформа жасап жатырмыз…» деген ұран үшін емес, нәтижеге қол жеткізу үшін жасаған жөн!

 

* * *

 

Жаңа заманға сай көптеген өзгерістер болып жатыр. Солардың ішінде қуанарлығы да бар, өкінішке орай «әттеген-айлары» да жетерлік. Соның бірі қазіргі сахна мәдениеті деуге болады.

Көрермен театрға не үшін барады деп ойлайсыз? Әрине, көңіл көтеру мен демалу үшін. Бірақ тойхана мен ресторандарға да осындай мақсатпен бармай ма? Сонда тойхана мен театрдың айырмашылығы қандай болмақ?

Театрдың айырмашылығы оның театр екендігінде! Ондағы көрермендер тойханаға барғандағыдай ішіп-жеу үшін емес, әсем ән мен мағыналы музыка тыңдап және содан ләззат алу үшін барады. Басқа мақсаттары жоқ. Сахнадағы өнерпаздың талантына риза болса қол шапалақтап құрмет көрсетеді. Ал аса риза болып жатса овация жасап сахнаға қайта шақыруы мүмкін. Осындай құрмет көрсетілетін әншілеріміз, құдайға шүкір, баршылық.

Енді жоғарыда айтылған «әттеген-айға» тоқталатын болсақ, айтпағымыз соңғы кездері көбейіп кеткен даңғаза әншілер тобы жайлы болмақ. Бұларды тіпті әншілер деп те айтуға келмейтін сияқты, қазір «жұлдыздар» деп атап жүр ғой, менімше дұрыс аталынған. Себебі жұлдыздар  ақпалы келеді. Әнші деген сөз әрідегі атақты Біржан сал мен Ақан серіні, берідегі Үкілі Ыбырай мен Әмірені еске түсірсе керек еді. Олар «жұлдыз» емес, есімдері халық аузынан түспейтін және осы уақытқа дейін халықтың сұйіспешілігіне бөленіп келген нағыз әншілер болатын.

Біз әңгімемізді сахна мәдениеті деген сөзден бекер бастағанымыз жоқ. Өнерпазға баға беру үшін көрерменге өнер маманы болу міндетті емес, жәй ғана көрермен болу жеткілікті. Себебі өнерпаз сахнаға жоғары білімді өнер сыншылары үшін емес, көрермендерге (халыққа) өнер көрсету үшін  шығады. Біздіңше қазіргі «жұлдыздар» өздерінің басты міндеттері көрермендерді сыйлау мен олардың алдында қызмет көрсету екенін жете түсінбейтін сияқты.

Сөзіміз дәлелді болу үшін айтып өтейік, біріншіден өнерпаздарымыз сахнаға қалай болса солай киініп шыға беретін болды. Жігіттер джинси шалбармен (кейде жыртық тіземен), ал қыздарымыз, ұят та болса айтайық (олар ұялмағанда біз неге ұяламыз) ішкиіммен (кеудесі ашық лямка көйлекті басқаша қалай атауға болады?) шығады. Қыздарымыз халықты өнерімен емес, ашық-шашық киім үлгісімен, жалт-жұлт етіп көрінген ашық денесімен қызықтыру үшін шығатын сияқты. Бұл өзін ғана емес, жиналып отырған көрермендерді силамағандық екенін түсінбейді. Оған әлгі «жүлдыздарымыздың» мәдени деңгейі жетпейтін сияқты. Халықты сыйласа сахнаға бұлай шықпаған болар еді ғой.

Тағы бір айта кететін жәйт – кейбір өнерпаздарымыздың сахнаға шығу бойына көрермендерден қол шапалақтауларын сұрап жататындығы. Тіпті өздері қол шапалақтап овация өтінеді. Бұл енді өте ыңғайсыз көрініс. Өнерге риза болған көрерменнің ешқандай өтінішсіз-ақ қол шапалақтап құрмет көрсетері анық емес пе?

Театр өнердің ордасы болса, сахна сол орданың төрі. Сондықтан оны жын-ойнаққа айналдырудың қажеті жоқ. Бұл ретте үлгі боларлық әншілеріміз, құдайға шүкір, әлі де болса бар екендігіне қуанамыз. Бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес, бірақ көтеріп отырған тақырыбымызға орай бір-екеуін айтпай кетуге де болмас. Өнерпаздар үлгі аларлық сахна қайраткерлерінің қатарына Нұрғали Нүсіпжанов пен Айгүл Қосанованы айтар едім. Екеуіне де ортақ қасиет – ерекше дауыстарымен қатар сахна мәдениетін, яғни сахнаның этикасы мен эстетикасын мұқият сақтай білулерінде. Нұрғали ағамыздың көпшіліктің алдына әлем-жәлем киініп шыққанын көрген емеспіз, сахнада өзін үнемі сыпайы ұстайды. Айгүл қарындасымыз да осындай қасиетке ие, сонымен қатар маған ұнайтыны — аққудай қалқып сахнаға шығатыны, әнін бұлбұлдай шырқап орындайтыны, айтып болғасын халыққа иіліп сәлем салып қоштасатыны. Бір артық қимылы жоқ, тамсанасың да қаласың. Сахнаға тағы шықса екен деп тілейсің. Рамазан Стамғазиев пен Саят Медеуовтер жайлы да осындай пікір айтуға болады. Бұлар сахнаға шыққанда халық қол шапалақтап қарсы алып жатады.

Өнерпаз бақыты деген осы емес пе?

 

* * *

 

Кішкене бабамыз жайлы деректер баршылық болғанымен, оның өмірінің жұмбақ тұстары да жетерлік. Мысалы, оның жас кезінде елден кетіп қалу себебі жайлы? Кішкененің өмірін зерттеген Ө.Ахметов те, Ә.Әлішев те бұл жөнінде нақты ештеңе айтпайды, тек «ағасына өкпелеп кетіп қалған» дей салады. Бабамыз туып-өскен жері мен ата-анасын тастап, басқа елге неге кетеді? Бұл жерде бір мықты себептің болғаны анық.

Шындыққа қаншалықты жанасымды екенін кім білсін, осы жәйтке байланысты естіген бір әңгіме бар еді. Онда Кішкене бабамыздың елден кету себебін былай баяндайды.

Ағасының (Палуанның) бәйгеге қосып жүрген аты болыпты. Ол кездері атсейістер[22] бәйге атын ешкімге көрсетпей, киіз үйдің ішінде баптайды екен. Кішкене жаратылып жатқан осы атты мініп кетеді. Бұған ашуланған Палуан ағасы інісіне қол жұмсайды. Осыдан кейін Кішкене түн ішінде атты ұрлап алып шығып, елден кетіп қалады. Сол кеткеннен көрші үйсін елінен бір-ақ шыққан көрінеді.

Бұл оқиғаның шындыққа жанасатын жері – Кішкене ағасының ашуы тарқағанша шет жерде жүре тұрайын деген болу керек. Рұқсатсыз мінгені үшін таяқ жеген Кішкене бәйгеге қосқалы жатқан атты алып кеткені үшін не болатынын түсінбеді дейсіз бе? Бұдан кейінгі жағдайды біз Ө.Ахметов пен Ә.Әлішевтің жазғандарынан білеміз.

Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Байтоқты бай салт басты сабау қамшылы жүрген бейтаныс жігітке барлық жылқысын қалай ғана сеніп тапсырды екен? Жоғарыдағы әңгімеде Кішкененің жылқы бағу тарихын былай айтады.

Кішкене бабамыз үйсін елінде болып жатқан бір асқа қатысады. Сол аста атын бәйгеге қосып, өзі күреске түседі. Күресте бас бәйгені жеңіп алады, ал аты екінші болып келіпті. Күрес пен ат бәйгесіне тігілген малды елдің қадірменді ақсақалы, атақты Бәйдібек бидің немересі Байтоқты байға тарту етеді. Бейтаныс жігіттің қайраты мен мәрттігіне риза болған Байтоқты астан кейін Кішкенені шақырып алады. Жөн сұрасады. Осыдан кейін оған барлық жылқысын сеніп тапсырыпты дейді.

Кішкененің жылқы бағуы, қыстағы қатты бораннан жылқылардың ығатыны, жылқышылардың ыққан жылқымен бірге кететіні жайлы біз жақсы білеміз. Бірақ көпшілігіміз біле бермейтін тағы бір уақиға бар екен.

Жылқышылардың паналаған жерінде сырттан келген малға көз тігушілер көп болыпты. Бірде сол елдің барымташылары бұлардың бірнеше үйірін айдап әкетеді. Қасына екі жігіті бар Кішкене бабамыз оларды қуып жетіпті. Қуғыншылардың аз екенін байқаған барымташылар жылқыны қайырып тастап бұларды күтіп алады. Ұрыспен ала алмасын білген Кішкене оларды сөзге шақырады. Дауыс жетер жерге келген басшысына: «Жекпе-жекке шық! Егер жеңсең жылқы сенікі болады»- дейді. Әр заманның өз қағидасы болған ғой, барымташылардың басшысы бұған келіседі. Бірақ жекпе-жекке өзі шықпапты, бір бүкірді шығарыпты. Бүкір жақындап келіп Кішкенеге: «Қоятын шартым бар, соған келіссең ғана шығамын»- дейді. Кішкене мақұл дейді. «Олай болса,- дейді бүкір,- қазір екеуміз кезекпен қамшы салысамыз. Кім аттан бірінші құлайды, сол жеңілген болып есептеледі». Кішкене: «Жылқы менікі, сол себепті алғашқы ұру кезегі менікі болуы тиіс»,- деп бірінші кезекті алады.

Кішкене бүкірдің осал емес екенін байқап, қалайда бірінші ұрудан құлатуды ойластырады. Қарсыласының қасына жақын  келеді де… қамшы сілтемей өтіп кетеді. Екінші жолы да осылай істейді. Үшінші жолы бар екпінімен шауып келіп: «Уа, Аруақ!»- деп қамшы тартқанда, бүкір аттан аунап түскен екен. Осылайша Кішкене бабамыз жылқыларын алып қайтыпты дейді. Жанындағы жігіттері: «Неге бірден ұрмадыңыз?»- деп сұрағанда: «Алғашқы жолы құлата алмасымды білдім. Себебі, денесін тас-түйін қылып жиырып отыр екен. Қамшы өтпес еді. Екінші барғанымда да солай болды. Тек үшінші ретте ғана сәл босаңсығанын байқадым, осы кезде сілтедім»- деген екен.

Кішкене бабамыз тегін адам болмаған. Бейтаныс ел мен танымайтын ортада жүріп Байтоқты байдың көзіне түсуі, оның сеніміне ие болуы және Қоңыр атты қызына үйленіп, соңында мың жылқы айдап елге оралуы осының айқын дәлелі.

 

* * *

 

Кеңес үкіметін жамандау қазір сәнге айналды. Бұған да құлағымыз үйрене бастаған еді, жақында баспасөз бетінен: «Кеңес үкіметі тексіздер мен құлдар мемлекеті…» деген теңеуді оқыдым. Әр нәрсенің де шегі болуы тиіс, бүкіл бір мемлекетті бұлай ғайбаттау журналистік этикаға жатпағаны былай тұрсын, тіпті мәдениетсіздіктің белгісі дер едім.  Қазіргі ашық-шашық қоғамда не жазамын десе де еркі бар кейбір журналистер өз сөздеріне жауап бермейтін халге жетіп отыр. Саясат осылай екен деп аузына келгенін айтуға, ойына келгенін жазуға оларға кім құқық берді? Сол журналистің мақала жазбас бұрын мына мәселелерді біліп алғаны дұрыс болар еді.

Алдымен «құл» деген сөздің мағнасын анықтап алайық. Құл иеленуші қоғам мен құл иеленуші заманның болғанын біз ерте ғасырлар тарихынан білеміз. Соғыста тұтқынға түскен жауынгер немесе жаугершілік кезеңде қолға түскен бейбіт адамдар «құл» атанған, олардың ешқандай азаматтық құқығы болмаған. Мал сияқты сатуға шығарылған. Сонда, кеше ғана өмір сүрген КСРО мемлекетін «құлдар мемлекеті» деп атауыңызды қалай түсіндірмекшісіз?

Енді «тек» деген сөзге тоқталайық. Бұл біздің түсінуімізше адамның арғы ата-бабасын білдірсе керек еді. Руын білмеген немесе руын жасырған адамды қазақ «тексіз» деп сөккен. Олай болса, бүкіл бір елдің халқын тексіздер деп атау ақылға қонымды бола қояр ма екен?

Егер журналист «құлдар мен тексіздер» деп большевиктерді (немесе коммунистерді) айтып отырған болса, онда да мықтап қателеседі. Бұл партияның бастауында тұрған адамдар — К.Маркс, Ф.Энгельс, Н.Плеханов, В.Ленин, Л.Троцкий, Л.Каменев, Г.Зиновьев, Н.Бухарин, т.б. жоғары білімді интеллигентер еді (қазіргіше айтсақ — зиялы қауым мүшелері). Олар ұсынған коммунизм идеясы кейбір «саясаткерлер» айтып жүргендей «утопия» емес, нақты тарихи деректерге негізделіп жасалынған ілім болатын. Бұл ілім қазір де өмір сүріп жатыр – әлемде коммунистік партия басқарып отырған мемлекеттер баршылық. КСРО тарады екен деп коммунизм идеясын мойындамауымыз көзімізді жұмып жүргенмен бірдей.

Қазіргі жас журналистер бұның бәрін біле бермейді. Сондықтан олардың қайсыбірі ағымдағы саясаттың ықпалына түсіп, ағыс қалай қарай айдаса солай ығатын ескексіз қайық сияқты биліктің тапсырмасын орындау үстінде.

 

* * *

 

Әркімнің шығар тауы болсын биік,

Алтынды кім жек көрер алса жиып?

«Алтын алма, бата ал» деген сөз бар,

Бата алтын болмай ма, берсе иіп.

 

Көңілің таза болса ойың таза,

Жүрегің, нәпсің, пиғыл, бойың таза.

Жамандық аққа түскен бір лас зат.

Жуылмас, жуылғанмен бермес маза.

 

* * *

 

 

2018 жыл

 

Халық митингіге шыға бастады. Мамыр және маусым айларында Астана, Алматы, Орал және Шымкент қалаларында көпшілік алаңға шығып, билікке наразылықтарын білдірді. Билік өз тарапынан полиция арқылы белсенділерін ұстап, қамауға алып жатыр. Олардың митінгіге шығуларын заңсыз деп тауып, айыппұл салып, қорқытып-үркітуде. Бұл қоғамдағы жағдайдың асқынғанының және оның шегіне жете бастағанының белгісі болып табылады. Халық осы уақытқа дейін шыдап бақты, бірақ шыдамның да шегі бар. Елдегі болып жатқан заңсыздықтар мен былықтардан әбден шаршаған және Қазақстандағы оппозицияның дәрменсіздігін көріп отырған халық осындай қадамдарға баруға мәжбүр болып отыр.

Соңғы кездері ғаламтор беттерінде Назарбаевқа қарсы жекелеген пікірлер көп айтылып жүр. Шет елде жүрген Аблязовты айтпағанда, ел ішіндегі азаматтар Назарбаевтың саясатын сынап, ашық түрде пікірлерін білдіруде. 16 мамыр күнгі Тұрғымбай Ержан атты азаматтың Республика Президентіне арнап айтқан Сөзі ғаламторды жарып жіберді десе де болады. Ол ешқандай партияға және ешқандай қозғалысқа мүше емес екендігін айта отырып, жеке өзінің пікірін білдірді. Назарбаевтың 28 жыл бойы жүргізген саясатын 28 минуттың ішінде нақты түрде айыптап, оның Президенттіктен кетуін талап етті.

Осының алдында ғана «ютубтағы» (youtube) жеке бағдарламаның жүргізушісі Нарымбай Ермек Назарбаевтың отставкаға кетуінің қажет екендігін айтқан еді. Басқа да жекелеген азаматтар билік пен Назарбаевқа қарсы ойларын ашық білдіруде.

Ғаламторда осы мәселе жөнінде түрлі ойлар айтылған. Біреулері оларға арандатушы деп қараса, енді біреулері қолдау жасауда. Әсіресе, Тұрғымбай Ержанның айтқаны көпшіліктің «қышыған жеріне» тиген сияқты. Бұл пікірлерді халықтың көңіл-күйінің «барометрі» деп қабылдауға болады. Олай болса, алдағы уақытта «ауа райының» күрт өзгерісін күтуге болатын сияқты.

 

* * *

 

Бүкіл Ғаламды ұстап тұрған тартылыс күші. Біз бұны мектеп қабырғасындағы физика пәнінен білеміз. Ньютон ашып басқа да ғалымдар қостаған «бүкіләлемдік тартылыс заңы» тек Жерде ғана емес, біз білетін және білмейтін барлық Ғаламда бірдей жұмыс істейді. Ғаламның кез-келген мүшесі, яғни кез-келген аспан денесі осы заңдылыққа мүлтіксіз бағынады екен. Сондықтан да Ғалам ешқандай қақтығыссыз-соқтығыссыз бірқалыпты өмір сүріп жатыр. Егер қандайда бір себептермен осы заңдылыққа «бағынбайтын» аспан денелері пайда болып жатса, олар сол сәттен бастап-ақ бейресми күй кеше бастайды. Яғни өзінің орбитасынан шығып кезбе денеге айналар еді. Мұндай жағдайда оның тағдыры күмәнді болады — кез-келген сәтте басқа денеге соқтығысып опат болмақ, немесе сол денені опат қылмақ.

Біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыз да осыған қатты ұқсайды. Бұнда да белгілі бір заңдылықтарға бағынуың керек. Бүкіләлемдік тартылыс күші әлемді хаостан сақтаса, қоғамды бей-берекетсіздіктен сақтайтын нәрсе тәртіп. Тартылыс күшін табиғат жасаған, заңды адамзат өзі жасайды. Айырмаса осында ғана. Қоғамның әр мүшесі (мейлі ол қарапайым шаруа болсын, мейлі президент болсын) өз «орбитасынан» шықпай, яғни заңның қағидаларын бұзбай өмір сүрсе, қоғамның бірқалыпты дамуының кепілі осы болар еді.

 

* * *

 

Күнделікті қолданатын сөздеріміздің ішінде бізге түсініксіздері де жетіп артылады. Мысалы, «дырдай», «зіңгіттей»  деген сөздер бар. «Дырдай жігіт болдың» деп мақтап немесе «дырдай болып онысы несі…» деп кіналап жатады. «Мірдің оғындай» деген де теңеу бар. Сол сияқты «жіптіктей» деген сөз бар. Біреудің ісі немесе жұмысы ұнап жатса «жіптіктей қылып істеген екен» дейді. Енді біреу бар тәуірін киініп шықса, «шырттай болып киініп алыпты ғой» дейміз. Бұлардың теңеу екені белгілі, бірақ «дыр», «зіңгіт», «мір», «жіптік» және «шырт» сөздерінің мағнасын білеміз бе? Білмейміз. Менің ойымша, бұлар бұрын лексиконда болған, бірақ қазіргі кезде қолданылмай қалған сөздер сияқты. Егер осы сөздер ескі лексиконда болмаса, теңеу де болмаған болар еді ғой.

 

* * *

 

У.Черчилль Сталин туралы былай депті[23]: «Россияны ең бір қиын кезеңдерде даналығымен ерекшеленген қолбасшы И.В.Сталин басқарды. Россия үшін бұл үлкен бақыт еді. Ол сол кезеңнің қатал уақытына сәйкес туылған және оның қиындықтарын көтере білген ерекше жан болатын. Сталин шаршау дегенді білмейтін білгір және қайсар адам еді. Сонымен бірге ол қатал, кімге де болса қатаң талап қоя білетін. Тіпті ағылшын парламентін жетік меңгерген менің өзім онымен сұхбаттасқан кезде кейде дәлел таба алмай қалатынмын. Сталин бәрінен бұрын әзіл мен мысқылға шебер еді, сонымен қатар айтар ойын нақты жеткізе білетін. Сталин сөйлейтін сөздерін өзі жазатын және шығармалары үнемі сенім мен жігерге толы болатын. Осы себептен де ол барлық халықтар мен ұлттар арасында қайталанбас ірі тұлға болып қала береді.

Сталиннің адамға ерекше әсер ететін қасиеттері болды. Ялта конференциясы күндерінде залға Сталин кірген кезде, біздер, неге екені белгісіз, орнымыздан тұратынбыз. Ол терең ойлайтын, ешқандай ұшқары ойға берілмейтін кемеңгер адам еді. Сталин ең бір қиын жағдайлардан, тіпті жол табу мүмкін емес тұйықтардан да жол тауып шыға білетін. Ол қиын сәттер мен қуанышты кезеңдерде өзін бірқалыпты ұстай білетін еді. Ешқашан сезімге берілген емес.

Сталин ерекше және өте күрделі тұлға. Ол ұлан-байтақ империяны құрды және басқара білді. Ол жауларын бір-біріне қарсы қоя білетін еді, яғни біздерді империалистер деп ашық айта отырып империализммен күресуге мәжбүр етті. Оның теңдесі жоқ диктатор болғаны рас, бірақ ол соқамен жер жыртқан Россияны атом қаруын меңгерген алып мемлекетке айналдыра білді. Ия, ол жайында не айтылса да, халық пен тарих Сталинді ешуақытта ұмытпақ емес!».

 

* * *

 

Бақыттың не екенін бақытсыздыққа тап болғанда білесің. Бақыт дегеніміз бақытсыздықтың болмауы.

 

* * *

 

Біздің қазіргі қоғамымызда миллионер атануға миллионнан бір адамның ғана мүмкіндігі бар. Осы миллионның ішіндегі оншақтысы «миллионер болармын…» деген үмітте жүр. Жүздеген адамның миллионер болмаса да байлығы жеткілікті. Мыңға жуығы «құдайға шүкір» деп отыр. Қалғандарының қысқа жіптері күрмеуге келсе де, байлауға келмей өмір сүруде.

 

* * *

 

Жастар арасында суицид көбейіп барады, бұның себебі неде?

Балалық шақтан бозбалалық шаққа өтетін уақыт адам өміріндегі өтпелі кезең болып есептеледі. Бұл мезгілде ағзада жыныс гармондары бөлінеді, денеде анатомиялық және физиологиялық өзгерістер байқалады, соған сәйкес мінез де өзгеріске ұшырайды. Демек ағза ересек адам болуға дайындала бастайды екен, бірақ сана соған дайын ба? Міне, осы кезеңде жеткіншекке көмек кажет.

Бірінші кезекте ата-анасының тәрбиесі тұратыны анық. Бірақ қандай ата-ана өз баласын жаман болсын деп тәрбиелейді? Мектеп те шамасы келгенше тәрбие беріп жатады. Солай да болса, дерек жоғарыдағыдай – жасөспірімдер арасында суйцид көп.

Меніңше, басты себеп рухани кедейлікте. Қазір жастар не ішемін, не жеймін демейді, оның үстіне ата-аналары айтқандарының бәрін орындап жатады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дейді Абай. Шынайы өмірді толық түсініп үлгірмеген, азық-түлік пен киім-кешектің, тіпті тұрмысқа қажетті қарапайым заттардың қалай келетінін білмей өскен жас бала қазіргі шектеусіз ақпарат тасқынының ішінен өзіне керектісін ажыратып ала алмайды. Балалардың санасы ғаламтордағы түрлі «қоқыстармен» улануда. Ал оған шектеу қою мүмкін емес! Сонда балалардың ой өрісін рухани тазалыққа қарай қалай бұра аламыз? Бұл үшін жоғарыда айтылған екі тәрбие аздық етеді, тәрбиенің үшінші түрі (бұны негізгісі деп айтса да болады) – мемлекеттік идеология қажет.

Қазірде түкке тұрғысыз етіп сыналып жатқан Кеңестік кезеңде жастар тәрбиесі ерекше орын алатын еді. Тіпті, мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап-ақ, қоғамның бір мүшесі екеніңді сезінетінсің. Бастауыш кластарда октябрят, одан кейін пионер, соңында комсомол ұйымдары жұмыс жасап, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіп отыратын. Осы күнге дейін көрсетіліп келе жатқан «Менің атым Қожа» кинофильмі бұл айтылғандарға толық куә бола алады.

Қазіргі жастар біз айтқан патриоттық әндерді («Отан», «Жас қыран», «Комсомолдар-еріктілер», «Дабылды жастық шақ туралы ән[24]», «Менің Қазақстаным», т.б.) айтпайды, біз оқыған кітаптарды («Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Екі капитан», «Құрыш қалай шынықты» т.б.) оқымайды. Өкінішті-ақ! Бұл шығармалардың жастарды тәрбиелеудегі маңыздылығы соншалықты, біз сол әндерді айтқан кезімізде бойымызда қанымыз тасып, кеудемізде Отанға деген сүйіспеншілік сезім жалындап тұрушы еді. Кітаптар біздерге бағыт-бағдар берді, болашағымызға жол сілтеді — жаман әдеттен жиреніп, жақсы істерге ұмтылу керек екенін түсіндірді. Осының нәтижесінде Отанымызды сүйіп өстік, елімізбен мақтандық. Бізде «алдымен қоғамға, сосын өз басыма…» деген ұстаным болды. Ең бастысы Отанға қажет екенімізді сезіндік, осы себептен бар мақсатымыз елге қызмет ету болды. Мүмкін, қазіргі заманда бұл күлкілі де шығар (ескіні аңсау, ностальгия дегендей…), бірақ, солай да болса, ол заманда жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы деген сұмдық оқиға орын алған емес.

Біздің кезімізде Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы мектеп бағдарламасы бойынша оқытылатын еді. Осы шығарма туралы диспуттар өткізіліп, жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне талдаулар жасалынатын. Бәріміз де сондағы жағымды кейіпкерлерге ұқсауға тырысушы едік. Әсіресе, Павел Корчагиннің бейнесі талай замандастарымызға үлгі болғаны анық. Екі көзі көрмей, сал болып төсекке таңылып жатқан адамның роман жазуы, оны жарыққа шығаруы үлкен ерлік емес пе? Роман ойдан шығарылмаған, автор өзінің басынан кешкен оқиғаларын негізге ала отырып, жазып шыққан. Кітаптың кереметтігі сонда, кейіпкер (яғни автордың өзі) басына түскен қиыншылықтарға мойымаумен қатар, мүгедек болған жағдайдың өзінде де өмір сүруге болатындығын, тек өмір сүріп қана қоймай,  қоғамға қажетті қайраткер бола алатындығын дәлелдеп берген. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, сондықтан оны кейін өкінбестей етіп өткізу қажет!»- дейді Павел Қорчагин-Николай Островский. Автордың осы сөзі романның девизі ретінде алынған. Бұл барлық уақыттағы ұрпақтарға үлгі боларлық шығарма. Өкінішке орай, бұндай шығармалар қазірге кезде мектеп оқулықтарына енгізілмейтін болған.

Жасыратыны жоқ, заманауи жастардың басты арманы байлыққа қол жеткізу. Бірақ еліміздегі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) барлық адамның бай болуына жетпейді, сонда қайтпек керек? Менімше, жастарымыз сағым қумай, шынайы өмірге бейімделіп реалист болып өскені жөн.

 

* * *

 

Орыста «моя хата с края» деген мақал бар. Тура мағнасында «менің үйім шетте» дегенді білдіреді, тереңірек үңілсек — өзімнің үйім аман, басқасында не шаруам бар деген пиғылда айтылған. Яғни, басқаларды топан су басып жатқанда өзім аман қалсам болар деген тоғышардың ойы. Сол топан судың өзінің де үйіне келетінін тоғышар біле ме екен?

Мәселелерін шеше алмай жүрген кейбір жандар көшеге шығып жатса, билік басындағылар: «Сендерге не жетпейді?»- деп кінә тағуда. Егер бәрі жеткілікті болса, олардың қақаған аязда алаңға шығып нелері бар еді? Жылы үйлерінде жатпас па еді?

Ішіндегі белсенділерін күштеп автобусқа отырғызып, бөлімшеге алып кетіп жатыр. Барғасын құжат толтырылады… айыппұл салынады…

Бірақ айыппұл салумен мәселе шешіле ме?

 

* * *

 

 

2019 жыл

 

 

Қазақ елінің тарихында айрықша есте қалатын үш оқиға бар.

Біріншісі, 1456 жылы Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған қырық рудың Ақ Ордадан бөлініп, Шу өзенінің бойында Қазақ хандығын құруы. Осы қырық ру бас қосып өз алдына Қазақ елі болды.

Екіншісі, XVIII ғасырда Жоңғариямен болған үрыстарда қазақтардың жеңіске жетуі. Біздің бабаларымыз ұрпағының қамын ойлап Орбұлақ, Аңырақай, Қалмаққырылған, Қарақұм шайқастарына шықпағанда Қазақ елі сақталмаған болар еді.

Үшіншісі, Кеңес үкіметінің Декретімен 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) автономисының, 1922 жылы Қазақ ССР-інің құрылып, шекарасының анықталуы. Егер Қазақ ССР-і болмағанда қазіргі егеменді Қазақстан да болмас еді.

 

* * *

 

«Мың өліп, мың тірілген қазақпыз» дейміз, тіпті осылай мақтанатынымыз да бар. Меніңше, бұл сөзде мақтанатындай ештеңе жоқ сияқты. Қазақ халқы болып шаңырақ көтергеннен кейін Жоңғар шапқыншылығынан құрып кете жаздаппыз. Одан аман қалып едік, Ресейдің боданына тап болдық. Ақ патша өз әкімшілігін құрып, бұрыннан келе жатқан ел билеу жүйесін өзгертті. Елді бұрынғыдай хандар мен билер емес, – әскери губернаторлар билей бастады. Бұдан кейін Ресейдегі төңкерістің әсерімен Кеңес билігі орнады. Бұнда да аштық пен қуғыннан көз ашпаған екенбіз. Кеңес Одағы бойынша аштан өлген және халық жауы болып атылғандардың көбісі қазақтар екен.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» Жоңғардан көрдік, Ақпатша боданын Әбілхайыр ханнан көрдік, Кеңес кезіндегі қуғын-сүргінді большевиктерден көрдік, қазіргі кездегі болып жатқан жағдайды Назарбаевтан көреміз. Сонда, біздің қандай халық болғанымыз?

 

* * *

 

Жер бетінде жеті миллиардтан астам халық бар, мыңнан астам ұлт пен ұлыс бар екен. Екі жүздей мемлекет бар. Біз, құдайға шүкір, сол мемлекеті бар халықтың бірі болып саналамыз. Ұлтымыздың саны аз болса да (10,0 млн. шамасында), республикамыздың жер көлемі әлемдегі тоғызыншы орынды иемденеді. Түркі тектес күрд, ұйғыр, дұнған, татар, ноғай сияқты халықтардың (курдтар 20,0 млн-нан асады) мемлекеттері де жоқ.

Патшалы Ресейдің жүргізген санағы бойынша 1917 жылы қазақтардың саны 6,0 млн-ға жуық болыпты. Осы сан 1925-30 жылдарға дейін сақталған сияқты. 1925 жылғы коллективтендірудің салдарынан ел арасында толқулар басталып, соның аяғы елдің бір бөлігінің шет елге қоныс аударуына ұласқан. Шет елдерге (Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қытай, Ауғанстан, Түркия т.б.) бір миллионнан астам қазақ көшті деп айтылып жүр, яғни осы кезеңде халық саны бір миллионға азайды деп есептеуге болады. Осы жерде айта кететін бір мәселе, көшкен миллионнан астам халықтың бәрі бірдей жаяу босқан жоқ, көпшілігінің астарында көлігі мен алдарында малы болған. Шет елге қанша мал кеткені туралы ресми дерек жоқ, солай да болса байлардың малымен көшкендері анық. Біріншіден, оларды қоныс аударуға мәжбүрлеген малдарын тәркілеуге (конфискацияға) бермеу болатын. Екіншіден, көшкендердің бәрі бірдей байлар деп айту да дұрыс емес, көпшілігі сол малды бағатын қарапайым халық болды.

Отызыншы жылдары аштық басталды. Бұған басты себеп – біріншіден, елдегі ұжымдастыру саясатындағы жіберілген қателіктер. Кейін «асыра сілтеушілік» деп сыналған бұл науқан ешқандай дайындықсыз басталған көрінеді. «Жаппай ұжымдастыру» саясатымен байлардың малын кедейлерге таратып берген, олардың (кедейлердің) сонша малды бағатын мүмкіндіктері жоқ еді. Осы себептен малды жаппай сою басталған. 1930 жылы «Правда» газетінде Сталиннің «Табыстан бас айналу» атты мақаласы жарық көрді. Мұнда Сталин ұжымдастыру кезіндегі жіберілген қателіктерді ашып көрсетіп, бұл жұмыстарды енді науқандық әдіспен емес, алдын-ала жоспарланған жолмен жүзеге асыру қажет екендігін мойындаған. Осыдан кейін ғана ұжымдастыру үшін дайындық жұмыстары басталған (колхоздардың орындары, жайылымдары, жем-шөбі, қыстау-жайлаулары, т.б. белгіленген). Екіншіден, сол кездегі терминмен айтқанда «жат элементтердің» — байлардың — ел ішіне іріткі салуы салдарынан (малмен бірге әйел, бала-шаға да ортақ болады деп елді үркітулері) шаруалардың колхозға бірігуге құлқы болмаған. Осы себептен халық арасында толқулар басталды, кейбір аймақтарда тіпті қарулы көтеріліске ұласты. Үшіншіден, жоғарыда айтқандай, көшкен халықпен бірге малдың бір бөлігінің шет елге айдалды. Басқа да себептер болған шығар, бірақ негізгісі осылар болатын. 1930-32 жылдары болған аштықтың салдарынан қазақтың саны тағы екі миллионға азайды.

Ұлы Отан соғысының алдында жүргізілген санақта (1936 ж.) Қазақ ССР-ндегі қазақтардың саны төрт миллионнан сәл ғана асқан көрінеді. Еліміз тәуелсіздің алған жылы Қазақстандағы қазақтың саны 7,0 млн. шамасында болды. Қазір 10,0 млн-нан асты деп айтылып жүр.

Осы аз ғана халықтың (қазақтардың) осыншама ұлан-байтақ жерге ие болуы, егеменді мемлекет құруының себебі неде деп ойлайсыз? Бұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, халықты дұрыс бағытқа бастай білетін азаматтарымыздың болуы (билер мен батырлар), екіншіден, сол азаматтардың халықты ізінен ерте білуі. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «бірлік бар жерде тірлік бар» деген халқымыз ел бастаған азаматтардың айтқанына жүгініп, соңынан ерген. Еріп қана қоймай, қазақ халқының елдігін сақтау мақсатында қанын да, қажет болса тіпті жанын да аямаған.

Соның нәтижесінде қазір егеменді ел болып отырмыз.

 

* * *

 

Орыс халқының ұлы ойшылы, классик жазушы Лев Толстой сексеннен асып барып дүние салыпты. Осы жазушы қартайған шағында шіркеуді, оған қоса орыс православия дінін сынаған мақалалар жазған екен. Дінбасылар оны шіркеуден аластайды және дінге қарсы шыққаны үшін патшадан жазушыны жазалауды сұрайды. Патша, ойлана келе, Толстойды жазалауды жөн көрмепті. Мүмкін, аты бүкіл әлемге танымал ғұламаны кінәлағаннан абырой таппасын түсінген болар.

Мынандай да пікір бар. Толстой өмірінің  соңғы кезінде православия дінінен бас тартып, исламға бет бұрған дейді. Бірақ, бұған сену қиын. Меніңше ол барлық діндерді зерттеген сияқты. Артына жүзден астам кітап жазып қалдырған осы жазушы неге шіркеуге қарсы шықты? Ұлы ойшыл қартайған шағында не себептен өмірден түңілген? Неге үйінен безіп, теміржол бойындағы белгісіз станцияда дүниеден өтеді?

Оның нақыл сөздерін оқып көрелік, мүмкін Толстойды түсінуге көмегі тиер:

— «Үкіметтің күші халықтың надандығына сүйенеді, сондықтан ағарту ісіне белсене қарсы шығады. Осыны түсінетін уақыт келді»;

— «Әр пенде адамзатты өзгерткісі келеді, бірақ ешбірі өзін өзгертуге құлшынбайды»;

— «Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды, ал бақытсыздарының тарихы әрқилы»;

— «Әлем қайғыра білетіндердің арқасында ғана алға жылжып келеді»;

— «Өзінен өткен оңбағанды көргенде, өзімен салыстырып, өзінің солардай болмағанына мақтанатын оңбағандар кездеседі»;

— «Ұлы ақиқаттың бәрі қарапайым»;

— «Жауыздық тек адамның ішінде ғана бар, яғни тек жүректен ғана оны суырып алып шығуға болады»;

— «Адам бой үйретпейтін өмір жоқ, әсіресе, айналасының бәрі солай өмір сүргендігін көріп тұрса»;

— «Әлемдегі ең үлкен қателіктің бірі — ештеңе істемей бақытты болуға болады дегенге сену».

 

* * *

 

Күніге қолданып жүрген сөздеріміздің кейбіріне мән бермейміз. Мысалы, «қош келдіңіз» және «қош бол» деген сөздер бар. Екеуінің мағнасы екі түрлі: біріншісі жақсы келдіңіз дегенді білдірсе, екіншісі қоштасуды меңзейді. Бірақ, екеуіне де «қош» сөзі пайдаланылады.

Осы «қош» сөзі қандай мағнаны білдіреді?

Бұл сөздің қоштасуды білдіретіндігінде дауымыз жоқ, себебі, қоштасар кезде «қош болыңыз» дейміз. Қазақ тілінде «хош» деген де сөз бар. Бұл адамның көңіл-күйін білдіреді, кейде «көңілімнің хошы болмай тұр» дейміз («…қошы болмай тұр» деп те айтылады, меніңше бұл қате). Бұдан шығатын қорытынды: «қош» пен «хош» сөздері екі мағнаны білдіретін болғандықтан, бұларды мағналары бойынша пайдалануымыз керек. Мысалы, қоштасарда «қош болыңыз» десек, күтіп аларда «хош келдіңіз» деп айтылғаны дұрыс. Сондықтан мектеп маңдайшасына «Қош келдіңіз!» демей, «Хош келдіңіз!» деп жазылса әрі түсінікті, әрі грамматика тұрғысынан сауатты да болған болар еді.

 

* * *

 

Бүгін, 2019 жылдың 19 наурызы күні, Назарбаев отставкаға кетті. Орнына Конституцияға сәйкес Сенаттың Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев Президент болды.

Назарбаевтың кететіні белгілі болған еді. Осының алдында ғана Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып «сайланды» және бұрынғы Ішкі істер министрін осы Кеңестің хатшысы етіп тағайындады. Яғни күш қолданатын мемлекеттік органдардың бәрін — Қорғаныс министрлігін (Қазақстанның қарулы күштері), Ішкі істер министрлігін (Полиция), Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін, т.б. қол астына алып алды. Бұдан бұрын өзінің және отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Заңдар жүйесін жасап алған болатын. Бүгінгі соңғы жолдауында «Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде мемлекеттің сыртқы және ішкі сасатына бағыт-бағдар беріп отыратынын…» мәлімдеді.

Бұл нені білдіреді? Бұл Назарбаевтың биліктен кетпегендігінің және кеткісі келмейтіндігінің белгісі.

Алдағы уақытта республикада саяси ахуалдың қалай дамитыны жөнінде ғаламтор бетінде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.

Аблязовтың болжамы бойынша биылғы жылдың күзінде (мүмкін, одан да берменірек) кезектен тыс Президент сайлауы өткізіліп, онда Дариға Назарбаева Президент болып «сайланбақшы». Дариғаны Президент тағына отырғызу арқылы Назарбаевтар отбасы мемлекетті әлде де билей бермек.

Кейбір саясаткерлердің пікірінше (С:Әбділдин, Д.Көшім) Тоқаев келесі сайлауға, яғни 2020 жылдың сәуір айына дейін жұмыс істеп, Президент сайлауына түспекші. Бұдан басқа да жорамалдар айтылуда. Кейбірі, тіпті, Назарбаев сайлауға қайта түсіп, Президент болады деп болжам жасайды.

Меніңше, осылардың ішінде Аблязовтың пікірі көңілге қонатын сияқты. Осының алдында ғана 2019 жылы Назарбаевтың кезектен тыс сайлау өткізуі мүмкін екенін, сол арқылы Дариғаны өзінің орнына Президент етіп сайламақшы ойы барын айтқан болатын. Ғаламтор беттерінде: «Аблязов Ванга болып кеткен бе, айтқандары айдай келіп жатыр ғой» деп таңданып жатқандар бар.

Қалай болғанда да бірінші қадам жасалды, ары қарай не болатынын уақыт көрсетеді.

 

* * *

 

Соңғы кезеңдегі оқиғалар тізбегінің қарқынды дамығаны соншалықты, мәлімдемелер тасқынын қабылдап үлгіре алмай жатқан сияқтымыз.

20 наурызда Қасымжомарт Тоқаев ант қабылдады, осылайша Президенттік қызметке кірісті. Кірісу бойына бірнеше мәлімдемелер жасады: 1) Астана қаласы Нұр-Сұлтан деп аталатын болды; 2) Нұр-Сұлтанда Назарбаевқа керемет үлкен монумент-ескерткіш орнатылады; 3) барлық облыс орталықтары мен ірі қалалардағы орталық көшелерге Назарбаевтың аты беріледі; 4) Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беріп, оны Алтын Жұлдыз орденімен марапаттады.

Астана қаласының Назарбаевтың есімімен аталатыны сонау 2006 жылы-ақ белгілі болған еді. Себебі, басқа ат табылмағандай астананы Астана деп атаудың өзі бұның уақытша екенін білдірген болатын. Президент Қ.Тоқаев қаланың атын өзгерту жөніндегі ұсынысты Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бір ауыздан қолдағанын айтты.

Ал бұны халық қалай қабылдайды? Онымен билік басындағылардың шаруасы болған жоқ.

 

[1] Жыға — мойын мен желкені қорғау үшін дулығаға тағылатын қорғаныш.

[2] Атом – грек тілінде «бөлінбейді» дегенді білдіреді.

[3] Қазақ Совет Энциклопедиясы. 10 т, «Сарыүйсін», 48 бет.

[4] Қуандық Шаңғытбаевтың аудармасы.

[5] Государственный Комитет по Чрезвычайному Положению – Төтенше Жағдай жөніндегі Мемлекеттік Комитет.

[6] А.Таланов. «Нансен» Москва.1960 ж.

 

[7] Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы, 1 том, 471 бет. «Асан көтерілісі»

[8]Шамасы, қазақ тілінің сөз тіркесінде кездесетін «қырық ру» деген атау осыдан қалса керек. 

[9]Бұл жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында мынадай мәлімет келтірілген: «Халық аңызы бойынша Майқы би қазақ руларын үш жүзге («жүз» – арабша бөлік, бөлім деген сөз) топтап, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атады. Осы ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, оны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі» (ҚСЭ, «Майқы би», 383-384 беттер).

 

[10] Казақ Совет Энциклопедиясы, 1 том, 325-326  беттер

[11] Бұл көтерілісшілердің  ханы болған адам, кейін алашордашылар жағына шығып кетеді. Аманкелді Имановты өлтіруге қатысқан осы адамдардың ішінен Міржақып Дулатовтан басқасының кейінгі тағдырлары жөнінде дерек жоқ. М.Дулатов 1930 жылы «Алаш ісі» бойынша сотталып, жер аударылды (елге оралмаған). (ҚҰЭ, 1 том, «Алаш ісі»).

[12] Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы, 1 том, 333-334 беттер.

[13] Мақан  Жұмағұлов, «Қыран қазасы қияда»,  роман,- Алматы, Жазушы, 1971 ж.

[14] М.Тынышпаев. «Қырғыз-қазақ халқының тарихына иатериалдар»- Ташкент, 1925 ж., 57,58 беттер.

[15] «Утопия» — ағылшын жазушысы Томас Мордың жазған кітабы. Мұнда қанаусыз, яғни тапсыз өмір сүретін қоғам (қала) туралы баяндалады.

[16]«Эрнесто Че Гевара» И.Лаврецкий. Алматы-1981.

[17] Мәлімет ғаламтордан алынды.

[18] Бұл да  ғаламтордан алынды.

 

[19] Е.Бөлекбаев. «Өмір өткелдері», Алматы – 1992 ж.

[20] Мәлімет ғаламтордан алынды.

[21] М.Дулатовтың ОГПУ қызметкерлеріне берген жауабынан (архивте сақталған хаттама).

[22] Атсейіс — бәйге атын баптаушылар.

[23] У.Черчильдің 1959 жылдың 21 желтоқсанында И.Сталиннің туылғанына 80 жыл толуына байланысты Ұлыбританияның Лордтар палатасында сөйлеген сөзі. Материал ғаламтордан алынды.

[24] «Орленок» — муз. В.Белыйдікі, сөзі Я.Шведовтікі; «Комсомольцы-довровольцы» — муз. М.Фрадкиндікі, сөзі Е.Долмотовскийдікі; «Песня о тревожной молодости» — муз. Л.Ошаниндікі, сөзі А.Пахмутованікі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444