Ауыл шаруашылығында атқарылған шаруа жетерлік

Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру міндетін қойғаны белгілі. Осы орайда, облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының даму бағыты «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүргізіліп келеді. Салада ағымдағы жылдың аяғына айтарлықтай нәтижелер де жоқ емес.

Жалпы, биыл Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына — 17,6 млрд. теңге бөлінген болатын. Оның ішінде, республикалық бюджеттен — 7 902,3 млн. теңге, облыстық бюджеттен — 9 760,2 млн. теңге. Бюджеттік несие және трансферттерге – 5 278,1 млн. теңге, субсидияларға – 11 880,2 млн. теңге бөлінген.

Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 230 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104 пайызды құрады. Оның ішінде, егін шаруашылығы өнімінің көлемі – 136,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 92,3 млрд. теңгені құрады.

Салаға 18,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 163 пайызға артқан.

Сол сияқты тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 4,1 млрд. теңге инвестиция салынды (өткен жылмен салыстырғанда 101,4% жоғары).

2018 жылы пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарың егіс көлемі 669 мың гектарға орналастырылып, 2017 жылмен салыстырғанда 39 мың гектарға, немесе 6,0%-ға артты.

279 мың гектар алқаптан масақты дәнді дақыл жиналды. Оның ішінде, арпа — 161 мың гектар, бидай – 118 мың гектар, жалпы түсімі – 671 мың тоннаны құрап, орташа өнімділік 1 гектардан 24 центнер болды. Өткен жылы масақты дәнді дақылдардың өнімділігі гектарынан 22 центнерді құраған болатын.

2014-2015 жылдары дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 13-15 центнерді құраса, ал 2017-2018 жылдары әр гектарынан 22-24 центнер өнім алынып, соңғы екі жылда облыста 1,2 млн. тонна астық бастырылды. Жоғары өнім алудың негізгі себептерінің бірі — техника жаңаруының жоғарылауы. 2017 жылы барлық техниканың 4,3% жаңартылса, 2018 жылдың 10 айында техниканың жаңару көрсеткіші 4,9 пайызды құрап, жыл соңында 5%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2017 жылы тыңайтқыш енгізілген алқап жалпы егістік алқаптың – 17%-ын құраса, 2018 жылы 20%-ға жеткізілді. Жоғары репродукциялы тұқымдардың пайдаланылуы 2017 жылы 6,8% құраса, 2018 ж – 11,4%-ға дейін ұлғаюы арқылы жоғары өнімділікке жетіп отырғанымыз белгілі.

Дәндік жүгері – 18 мың гектарға егіліп, жалпы жиналған өнім – 118 мың тоннаны құрады, орташа өнімділігі гектарына 65 центнер.

Майлы дақылдар — 91,5 мың гектарға себіліп, жалпы жиналған өнім көлемі 68,4 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 7,5 центнер.

Көкөніс, бақша дақылдары – 43,5 мың гектарға себіліп, жиналған өнім көлемі – 1,2 млн. тонна, орташа өнімділігі гектарына 272 центнер.

Картоптың егістік алқабы 9,7 мың гектарды құрап, жалпы жиналған өнімнің көлемі – 237 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 243 центнер.

Қант қызылшасы – 8,4 мың гектарға орналастырылып, қазіргі уақытта орташа өнімділік гектарына 266 центнерді құрап, жинау жұмыстары жалғасуда. Облыстағы қант зауыттарына жыл соңына дейін 140-150 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 17 мың тонна отандық қант өндіріледі деп күтілуде.

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444