Пошта қызметтері халыққа қолжетімді бола бастады

Жыл басынан бері елімізде пошта қызметтерін халыққа қолжетімді ету мақсатында көптеген франчайзинг нүктелері ашылған болатын. Бұл жоба «Қазпошта қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы көрсету үшін франчайзинг моделін енгізу» деп аталып, 2018 жылдың басында қолға алынған еді. Осылайша, бір жылға жуық уақыттың ішінде 111 франчайзинг нүктесі ашылды. Бұл орталықтар еліміздің түкпір-түкпірінде пошта қызметтерін шағын және орта бизнес серіктестік бағдарламасы арқылы көрсетуде.

Мұндай орталықтардың көмегімен пошта бөлімшелеріне бармай-ақ сәлемдемелерді алуға, оларды жіберуге болады. Әуе және теміржол билетін де сол жерден сатып алуға мүмкіндік туды. Бұған қоса, коммуналдық төлемдер мен салықтарды үйіңізден алысқа ұзамай-ақ жақын маңда ашылған франчайзинг нүктесінен төлей аласыз.

Ал, Жамбыл облысындағы жағдайға келер болсақ, өңірдегі мұндай орталықтар 2018 жылдың мамырынан бастап ашыла бастады. Қазпоштамен серіктестікке отырған өңірдегі тұңғыш компания – «Ibraxim&D» ЖШС. Мұндай серіктес компаниялардың саны бүгінде 15-ке жеткен. Соңғысы облысқа қарасты Байзақ ауданынан ашылды. Жыл соңына дейін олардың санын 35-ке жеткізу жоспарлануда.

«Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бизнес жөніндегі орынбасары Әлімжан Шымбайұлының сөзінше, қала бойынша 3 серіктес болса, аудан көлемінде 12 франчайзинг нүктесі жұмыс істеуде.

Франчайзинг дегеніміз – қосымша бизнес. Бұл іспен айналысу үшін серіктестің негізгі бизнесі болуы керек. Алдымен кәсіпкерлерді үлкен сауда орталықтарынан қараймыз. Артынша оларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Онда пошталық қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеміз: сәлемделерді қабылдау, оларды табыстау, агенттік қызметтер, әуе және теміржол билеттері, ақша аударымдары. Несиені де алуға болады. Хоум Кредит банкімен келісім жасалды, – дейді Ә. Шымбайұлы.

Оның айтуынша, өңірдегі 15 франчайзинг нүктесінің 14-і өзінің нәтижесін көрсетуде. Кәсіпкерлер бұған өздерінің қызығушылықтарын білдіріп отыр.

Жаңа орталықтар халыққа ыңғайлы аумақта орналасқан. Онда көрсетілетін қызмет құны Қазпоштаның бөлімшесінде көрсетілген бағамен бірдей.

Ең бастысы – мұндай орталықтың ашылғанына жергілікті тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріпті. Өйткені, Қазпоштаның жергілікті бөлімшелеріне адам көп келгендіктен, кезек күту уақыты үлкен. Ал, франчайзинг нүктелері арқылы тұрғындар пошталық қызметтерді тез әрі қолжетімді түрде алады. Бүгінде осы аудандағы Қазпоштаның франчайзинг нүктесінің тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444