Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау назарға алынды

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарды биылғы қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына дайындығы жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелер қаралды.

Алдымен облыстық маңызы бар автожолдардың жай-күйі сөз болды. Олардың қысқа дайындығы қай деңгейде? Алынған құм мен тұз мөлшері қандай, жанар-жағармай мен техникалар талапқа сай келе ме? Жалпы, бұл бағытта облыстағы жағдай тұрақты болғанымен, бірқатар аудандарда алынған құм көлемі аз болса, енді бірінде құм мен тұздың үстін судан қорғайтын бастырмалар салынбаған. Аталған мәселелер бойынша әр аудан басшысынан жеке-жеке сұраған облыс әкімі тиісті жұмыстарды тез арада шешуді тапсырды.

Екінші кезекте республикалық маңыздағы жолдардың тазалығы мен бүгінгі жағдайы туралы баяндалды. Жамбыл облысының жерінен 1150 шақырым республикалық маңызы бар жол өтсе, оның тазалығы мен қыстағы жағдайы «Қазавтодор» мекемісінің облыстық филиалына тиесілі. Ал, бүгінгі басқосуда бұл ұжымның 63 техникасы бар екендігі  белгілі болды.  Облыс әкімі айтқан талапқа сай болуы үшін 161 техника қажет. «Осының салдарынан өткен алғашқы қардың өзінде Жуалы ауданында жол қозғалысын бес сағатқа тоқтатуға тура келді» деді аймақ басшысы. Ал, «Батыс-Еуропа- Батыс –Қытай» автожолының бойындағы тазалық мәселесі өз алдына бір бөлек. Жалпы, «Қазавтодор» мекемесінің жұмысына қатысты Мойынқұм, Жуалы аудандарының әкімдері де сын ескертпелерін айтты. Негізгі себеп: жолдар қардан дұрыс тазаланбайды немесе құм уақытылы себілмейді. Осының салдарынан жол көлігі оқиғалары да жиілеу қаупі бар.  Жолдың дұрыс тазаланбағандығын жұртшылық әкімшіліктен көруі мүмкін.

Ал, бұл заң бойынша Казавтодорлықтардың жұмысы екендігін білуіміз керек. Сол үшін де бүгінгі кездесуде бірлесіп жұмыс атқарудың нақты жүйесін жасау мәселесі қаралды. Сонымен қатар, алдағы уақытта осы мәселелерге байланысты тиісті министрлікке хат жазып, Астанадан келетін жауапты тұлғалармен арнайы жиын өткізу керектігі жөнінде айтылды. Тиісті мекемелер туындаған мәселені тиянақты шешуді, жұмысты жауапкершілікпен орындауды мойындарына алды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444